Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жұмыс істеп келе жатқан “Болашақ” халықаралық стипендиясы арқылы 16 жылдың ішінде мыңдаған ел жастары төрткүл дүниенің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін толықтырып, Отанымыздың өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Өткен жылдардағыдай биыл да Президенттің халықаралық стипендиясына үміткерлердің құжатын қабылдау басталды. Соған орай, “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ баспасөз мәслихатын өткізді.
Акционерлік қоғамның президенті Данияр Бектұрғанов биылғы құжат қабылдау жайы туралы жан-жақты мәлімет берді. Академиялық оқу үшін кешеден бастап 30 шілдеге дейін, ал ғылыми тағылымдама бойынша 7 маусымнан 30 қыркүйекке дейін үміткерлер өз өтініштерін бере алатынын тілге тиек етіп, олар үш тур негізінде білімдері мен біліктерін таразылайтынын айтты. Бірінші турда талапкерлер алдымен шет тілінен алған білімін анықтау үшін тест тапсырса, бұдан кейін мемлекеттік тілді меңгеруі жайлы ҚАЗТЕСТ жүйесінің көмегімен сынақ өткізеді. Айталық, мемлекеттік тілді меңгергенін анықтау үшін тесте 150 сұрақ берілген болса, соның 90-ына дұрыс жауап берген жағдайда ғана екінші турға жіберіледі. Осы арада бірінші сынақта талапкерлер таңдаған еліндегі жоғары оқу орындарына түсу үшін сол мемлекеттің тілінен емтихан беретінін айта кетуіміз керек. Жоғарыдағы екі турдан сүрінбей өткендер психологиялық тестілеуге жіберіледі. Одан кейінгі шешімді тәуелсіз комиссия шығарады.
Сол секілді Білім және ғылым министрлігі стратегия департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан 2010 жылы басым мамандықтар тізбесіне академиялық оқу үшін – 87, ғылыми тағылымдар үшін 100 мамандық енгізілгенін, жалпы биыл тілек білдірушілер 23 елдің 200 жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіретінін, 24 елдің 105 оқу орнында ғылыми тағылымдардан өтетінін алған тартты. Биыл “Болашақ” бағдарламасымен шетелдерде оқитындарға 1007 орын бөлініпті. Оған қажет қаржы мемлекет бюджетінен толығымен қарастырылған. Кешеден бастап 15 шілдеге дейін шетелдердің жоғары оқу орындарына өз беттерімен барып түскендерден құжат қабылдау басталыпты. Құжат қабылдау негізінен Астана мен Алматы қалаларында жүргізілетінін талапкерлердің назарына сала кетсек дейміз. Қазір Отанымызда бірыңғай ұлттық тестілеу өтіп жатқаны белгілі. Оның нәтижесі бұған әсер етпейтінін айта отырып, тек аттестаттағы балл 4,5-тен кем болмау керектігін, үміткерлер мектеп бітірушілермен қатар, мамандықтар тізбесіне қарай жоғары оқу орнын бітіргендер де қатыса алатынын назарға сала кетсек дейміз.
Баспасөз мәслихатында 2008 жылдан бастап ауыл жастарына, мемлекеттік және ғылыми қызметкерлерге квота қарастырылғанына нақты дәлелдер келтірілді. Мысалы, өткен жылы 47 ауыл баласы өздері таңдаған елдердің жоғары оқу орындарына жолдама алса, биыл бұл көрсеткіш 65 орынға артыпты. Әрине, ауыл балаларының шет тілден қиналатыны белгілі. Соны ескергендіктен, олардың барған елінде бір жыл бойы тіл үйренуге мүмкіндік жасалған. Қазір әлемнің өркениетті елдерінде Отанымыздан 2257 талапкер білім алып жатыр екен. Жалпы, үміткерлерді іріктеу ережесі, басым мамандықтар тізбесі, қажетті құжаттар, талапкерлердің сұрақтарына берілген жауаптар, қосымша ақпараттар акционерлік қоғамның (www.educіp.kz) ресми сайтында берілген.
Сүлеймен МӘМЕТ.