Аймақтар • 06 Қараша, 2023

Заң бұзушылық тіркелген жоқ

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ырғыз, Қобда, Ойыл аудандарында өткен саяси науқан кезінде сайлаушылар тізіміне 28 897 азамат енгізілген еді. Ал дауыс беруге 17 033 сайлаушы қатысқан. Оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша – 8, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 1809 тұрғын қатысты.

Заң бұзушылық тіркелген жоқ

Үш ауданнан тоғыз үміткер шықты. Облыстық аумақтық сайлау комиссия­сы төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің хабарлауынша, жергілікті уақытпен 18.00-де үш ауданда тіркелген сайлау­шылардың 65 пайызы 79 сайлау учаскесінде дауыс беріп үлгерген. «Сайлау учаскелерінде ешқандай да заң бұзушылық тіркелген жоқ. Бәрі заң аясында өтті, жұртшылық өздері таңдаған үміткерге дауыс берді», дейді Н.Жүсіпов.

Аудан әкімі болуға талпынған тоғыз үміткердің үшеуі саяси партия­лардан, ал алтауы өзін-өзі ұсынған. Үміткерлердің жасы 38-де болса, ең үлкені 61 жаста.

Қобда ауданында өткен сайлауда Бағдат Амантаев – 1 599, Бауыржан Мұсаев – 891, ал Ізгілік Тынымгереев сайлаушылардың 4 672 дауысына ие болды. Ауданда 38 тұрғын бюл­летеннің «Барлығына қарсымын» деген бөлігін белгілеген. Ал Ойылда сайлау­шылардың 943-і Арсланбек Алдиярға өз дауысын берген. Асқар Қазыбаевқа – 3 742, Айбек Сұлтановқа 2 154 дауыс берілді. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 140.

Сондай-ақ Ырғыз ауданында Нүркен Жұбаназаров – 1 091, Нұр­лан Қызбергенов – 3 819, Альбек Тау­батыров 1397 дауысқа ие болды. Бар­лы­ғына қарсы болғандар – 62 адам.

Сайлау қорытындысы бойынша, Ізгілік Тынымгереев – Қобда, Асқар Қазыбаев – Ойыл, Нұрлан Қыз­бергенов Ырғыз ауданының әкімдері болып сайланды. Соңғы екі үміткер бұған дейін де сол аудандарда әкім қызметін атқарып келген.

 

Ақтөбе облысы