Жаңа аурухананың бар жұмысы келесі жылы толық аяқталмақ. Міне, сол кезде басы ауырып, балтыры сыздаған аудан тұрғындары ат арытып алысқа бармай-ақ, ем-дом қабылдай алады.
– Аудандағы елді мекендердің фельдшерлік-акушерлік пунктерінің жұмысын бүгінгінің талабына сай үйлестіру көзделіп отыр. Мәселен, Аңдықожа батыр ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Жергілікті кәсіпкерлер де бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөліп жатыр. Таяуда екі заманауи жедел жәрдем көлігін сатып әперді, – дейді аудан әкімі Достанбек Есжанов.
Саланың серпінді жұмыс істеуіне медицина кадрларының жетіспеушілігі әсерін тигізіп келген еді. Алдағы уақытта кадр мәселесі біртіндеп шешілмек. Аудан әкімінің гранты бойынша еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында 9 студент оқып, білім алып жатыр. Демек таяу жылдары бұл мәселе түбегейлі шешімін таппақ.
Ауданның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да көп-көрім жақсарып келеді. Аудан әкімінің айтуына қарағанда, осы жылы 2 800 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл орайдағы жоспар асыра орындалған. Қазіргі күні Степняк қаласында 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аудандағы көппәтерлі үйлерді жөндеу 14 жоба бойынша жүзеге асырылып жатыр. Халықты сапалы сумен қамтамасыз етуде де атап айтарлықтай өзгеріс бар. Мәселен, Баймырза ауылының тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Заозерное елді мекеніндегі су құбырларын жаңғырту жоспарланып отыр. 7 елді мекенде су беру құрылғылары орнатылған. Жыл соңына дейін 40 шақырымдық жол жөнделмек.
– Қазір Щучинск – Степняк бағытындағы тасжолдың жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баймырза ауылында – 8, Кеңащы ауылында 5 шақырымдық жол салынуда, – дейді аудан әкімі.
Абаттандыру жұмысы да мұқият қолға алынған. Степняктағы Біржан сал мен Чапаев көшелерінің бойы абаттандырылып, тазартылды. Аудан орталығындағы ілкімді іс ауылдарда да көрініс тапқан. Аңғал батыр мен Баймырза ауылдарында спорт алаңдары салынып, Кеңащы ауылында футбол алаңы пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының саламатты өмір салтын сақтауына мейлінше қолайлы жағдай туғызылып отыр. Атап айтатын болсақ, Заураловка және Құдықағаш ауылдарында заманауи спорт алаңдары салынып жатыр. Келесі жылы Тасшалқар, Бірсуат, Сәуле, Қоғам, Мақпал ауылдарында осындай алаңдар салынады. Бір сөзбен айтқанда, Біржан сал ауданының берекесі кіріп-ақ келеді.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы