Алдымен біз «Даму» қорының Астана қаласы бойынша филиалына бардық. Филиал басшысы Светлана Назарюктен кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары турасында сұрадық.
«Даму» қоры кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірнеше жобаны іске асырады. Бірінші кезекте мемлекеттік бағдарламалар аясында несиенің пайызын субсидиялау және кәсіпкерлерге кепілдік беру арқылы жәрдемдеседі. Оның ішінде өнеркәсіп, қызмет көрсету, білім, денсаулық және басқа да бірнеше сала қамтылған. Қор шағын және орта бизнестен бөлек, ірі инфрақұрылымдық жобаларды үйлестіруді ойлаған кәсіпкерлерге де қолдау көрсетеді. Олар да несиенің пайызын субсидиялай алады. Ал қордың өзі әзірлеген жобалар жайында айтар болсақ, бізде қала, облыс әкімдерімен бірге қолға алған өңірлік бағдарламалар бар. Астана қаласы бойынша да бөлек жоба қарастырылған. Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап кәсіпкерлердің несие сомасы 759,8 млрд теңге болатын 7 569 жобасы субсидияланған. Бұл – қордың өңірлік филиалы бойынша деректер. 4 409 жобаға қордан 68,2 млрд теңге кепілдік берілген. Мұндағы несиенің жалпы сомасы – 153,1 млрд теңге шеңберінде. Біз кәсіпкерлерден сұраныс айтарлықтай жоғары екенін байқап отырмыз. Бұрын кәсіпкерлердің көбі бизнесті өз қаражаты есебінен дамытатын. Қаржылай қолдаудың бар екенін білмейтін. Қазір олар нарықтағы екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары екенін ескеріп, қор арқылы көмек алуға жүгінетін болған. Қысқасы, мемлекеттен және қордан кәсіпкерлерге ұсынылатын жеңілдіктер көп. Жоба-жоспары айқын, өсіп, өркендеп келе жатқан бизнесті әрдайым қолдауға дайынбыз», дейді С.Назарюк.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржылай көмек алып, шаруасын шалқытып отырған бизнес-нысандар жылдан-жылға көбейіп келеді екен. Олардың ішінде қорға бір емес, бірнеше рет жүгінгендер бар. Мысалы, жуырда қала шетінен жаңа өндіріс нысанын сайлаған «Арко групп-2011» серіктестігінің басшысы реті келсе, қорға қайта жүгінуге ниетті. Себебі белгілі, екінші деңгейлі банктерден қордың жәрдемінсіз несие алар болса, оның 21 пайыздық мөлшерлемесі қалтаға әжептәуір салмақ салады. Компания 2013 жылы құрылып, нарыққа сусабынның түр-түрін шығара бастаған. Серіктестіктің басшысы Аслан Смаиловтың айтуынша, өнімнің сапасына бағасы сай.
«Біз тұрмыстық химия өнімдерінің 20 түрін шығарамыз. Қолдан келгенше жұмысты ширатып, кеңейіп жатырмыз. Істі бастағанда бұл бағытта да бәсекелестік жоғары екенін түсіндік. Сондықтан бір орында тұралап қалмай, мейлінше бәсекеге қабілетті болуымыз керек қой. Біз мемлекеттен қаралған қаржылай көмекті барынша пайдаланып келеміз. Мысалы, осыдан 4 жыл бұрын өзіміздің жаңа өндірістік нысанымызды аштық. Өнімділікті арттырдық. Бұған қордың көмегі көп тиді. Қаржыландыру шарттары оңтайландырылған. Несиелендіру механизмі жеңіл әрі қолайлы. Көп ұзамай алған несиемізді өтейміз. Содан келер жылы өндіріс орнын модернизациялауды жоспарлап отырмыз. Жұмысты барынша автоматтандыруға күш саламыз. Өнеркәсіптің жылдық тауар айналымы – 400 млн теңгенің шамасында. Қазір 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Тауарға сұраныс көп түсіп жатса, қосымша тағы 8 жұмысшы шақырамыз. Тұрақты жұмыспен қамтылған жұмысшылардың жалақысын 300-550 мың теңге көлемінде белгіледік. Өнімдеріміздің сапасы жақсы. Бірақ біз туралы жұрттың көбі біле бермейді. Енді жарнамаға да көбірек көңіл бөлу керек екенін түсініп отырмыз», дейді кәсіпкер.
Компаниядағы жұмысшылар дәл қазір орта есеппен айына 100-120 тонна өнім шығарады екен. Ал өнеркәсіп толық қуатында жұмыс істесе, жылына 1,5 млн литр өнім шығаруға қауқарлы. Осыған дейін компания тауарларын Ресейге экспорттаса, қазір өнімдерін Әзербайжанға шығаруды ойластырып отыр. Кәсіпкер «Даму» қорының көмегіне алғаш 2015 жылы жүгініпті. Несиені екінші деңгейлі банк арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен алған. Әуелі 4,5 млн теңге несие алса, кейінгі алғаны – 45 млн теңге. Орайлы сәтте компания басшысы келешекте несиелендірудің ұзақмерзімді шарттары қаралса деген ұсынысын айтып қалды. Мұндай жағдайда кәсіпкердің ай сайынғы берешек төлемі азаятыны түсінікті.
Көп кідірмей Әл-Фараби көшесінде орналасқан «MFA International» серіктестігіне қарай бағыт бұрдық. Астанадағы маска шығаратын алғашқы компания жұмысын биыл ғана бастапты. Соған қарамастан еліміздегі бірнеше ірі өндіріс орындарымен келісімшарт жасап үлгерген. Алдағы жоба-жоспар да ауқымды. Негізі сүзгісі бар маска өндірісте жұмысшының тыныс алу жолдарын қорғауға жәрдемдеседі. Мұндай маскаларды медицина қызметкерлері, кенші, металлургтер, автокөлік жүргізушілерімен қоса басқа да саланың мамандары қолданады екен. Компания толық қуатында жұмыс істесе, жылына 11 млн дана маска шығару мүмкіндігі бар. Серіктестік басшылығы «Даму» қоры арқылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бойынша екінші деңгейлі банктен алған несиенің пайызын субсидиялаған. Келешекте өнімін Орталық Азияға және әлемнің бірнеше еліне экспорттауды көздеп отырған компанияның коммерциялық директоры Ерсұлтан Бурханов бізге өнімнің артықшылығы туралы айтып берді.
«Біз респираторлық маска шығарамыз. Мамырда маска сатуға рұқсатымызды алдық. Қазір іске кірісіп кеттік. Біздің өнімдеріміз әлемдік стандартқа сай. Бұрын мұндай маскалар Ресейде шығарылып, басқа елдерге экспортталатын. Қазір геосаяси ахуалға байланысты ол зауыт жабылып қалды. Бізге Түркиядағы ірі маска шығаратын зауыт инвестиция тартып отыр. Тәжірибелі компанияның ықпалымен енді Орталық Азияға сапалы маска шығаруды біз қолға алдық. Масканың артықшылығы – сүзгісінде. Бұл – өте сапалы. Мұндай сүзгісі бар масканы әлем бойынша тек үш компания шығарады. Қазірдің өзінде масканы елдегі ірі өндіріс орындары алып жатыр. Сондықтан «Даму» қоры арқылы тағы да құрылғылар алып, өркендесек деп отырмыз», дейді кәсіпкер.
Өнеркәсіпте жұмыс қауырт. Қосымша жұмыс күшін қажет ететін тірліктің көбі автоматтандырылған. 20 жұмысшы өз ісіне ұқыпты. Өндірісте қолданылатын масканың түр-түрін көрдік. Себебі мұнда өндірістік компаниялардың ұсыныстарына қарай ыңғайлы маска шығарылады екен. Басшылық елдегі бірнеше компаниямен келісімшарт жасап үлгерген. Тағы бірер компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Жуырда серіктестіктің басшылығы Сауд Арабияға іссапармен барған. Келешекте араб еліне де маска жеткізуді жоспарлап отырған жайы бар. Араб елдерінде ірі мұнай компаниялары бар екенін ескерсек, сапалы маскаға сұраныс болатын сияқты. Сонымен қатар компания басшылығы жақында Өзбекстан, Қырғызстанға барып, маска экспорттау бойынша келіссөз жүргізуге ниетті. Кәсіпкер «Даму» қоры арқылы алған 750 млн теңгеге жаңа құрылғылармен қоса шикізат алған. Шикізат Түркиядан келеді. Компания кәсіпті кеңейту мақсатында тағы 10 құрылғы алу үшін қорға жүгінуге ниет білдіріп отыр. Біз де серіктестіктің басшылығына табыс тіледік.
Келесі бағыт «Spectrum International School» серіктестігі болды. Халықаралық мектеп директоры Ерхан Абдулдаев «Даму» қорының жәрдемімен жуырда мектептің жаңа ғимараты ашылғанын айтты. Енді мектеп кеңейген соң оқушы санын да көбейтуге әбден болады.
«Халықаралық мектеп 2007 жылы ашылды. Сол аралықтан бері оқушыларға сапалы білім беруге күш салып келеміз. Негізі біз жаңа нысан ашуды бірнеше жылдан бері ойластырып жүрген едік. Енді, міне, қордың көмегімен биыл жаңа ғимарат салып, кіріп те үлгердік. Мектептің артықшылығы, біз балаларға халықаралық деңгейде Кембридж бағдарламасы бойынша білім береміз. Пәндер ағылшын тілде өтеді. Шетелден шақырған мұғалімдеріміз бар. Халықаралық ұйымдардан аккредитация алдық. Мектеп тәрбие жағынан да озық. Жергілікті құндылықтарды білетін, танымы терең бала тәрбиелеуге тырысамыз. Қазір 12 жылдық мектебімізде 450 оқушы оқиды. Оқу – ақылы», деп түйіндеді мектеп директоры.
«Даму» қоры негізі үш ірі бағытта жұмыс істейді. Бірінші, несие пайызын субсидиялайды. Екінші, кәсіпкерлерге кепілдік бере алады. Үшінші, жеңілдетілген несие бере алады. Бұл қатарда лизингпен айналысатын компаниялармен қоса шағын несие беретін ұйымдарды айтсақ болады. Бизнес дамып, кеңейіп отырса, бәсекеге қабілетті болады. Кәсіпкердің бірі жаңа нысан салғысы келсе, екіншісі жаңа техника алып, жұмыс өнімділігін ұлғайтуды ойластыруы мүмкін. Мемлекеттік қолдау шараларынан үмітті кәсіпкердің жобасын екінші деңгейлі банктер қарайды. Төлем қабілетін растайды. Кепілдікті ескереді. Шарттарды нақтылайды. Сосын шешім шығарады. Ал қор кәсіпкерге ұсынылған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау арқылы жәрдемдеседі. Егер кәсіпкер өзінің жобасын ауылдық жерлерде, моноқалада іске асыруды көздесе, онда алған несиені 7 пайыздық мөлшерлемемен қайтарса болады. Мұның өзі кәсіпкерлерге әжептәуір жеңілдік. Ескеретін жайт, кәсіпкер несие алдым, іс бітті деп қол қусырып жүре алмайды. Қордың мамандары кәсіпкер ұсынған жоба қалай орындалып жатқанын жарты жылдан соң бақылайды. Қаржының мақсатты жұмсалғанын мониторингілейді.