Экономика • 07 Қараша, 2023

Кірістің көзі – кәсіпкерлікте

217 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Шағын және орта бизнес дамыса, халықтың ахуалы жақсарады. Мұны экономистер үнемі ескертеді. Істің көзін білетін азаматтар мемлекеттің қолдауынан қалыс қалмаса, мүмкіндікті пайдаланса екен дейсің. Біз мұны бірер күн бұрын қаладағы бизнес-нысандарды аралағанда түсіндік.

Кірістің көзі – кәсіпкерлікте

Алдымен біз «Даму» қорының Астана қаласы бойынша филиалына бардық. Филиал басшысы Светлана Назарюктен кә­сіп­керлерді қолдау бағдарламалары турасында сұрадық.

«Даму» қоры кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірнеше жобаны іске асырады. Бірінші кезекте мемлекеттік бағдар­ла­малар аясында несиенің пайызын субсидиялау және кәсіпкерлерге кепілдік беру арқылы жәрдемдеседі. Оның ішін­де өнеркәсіп, қызмет көрсету, білім, ден­саулық және басқа да бірнеше сала қамтылған. Қор шағын және орта бизнес­тен бөлек, ірі инфрақұрылымдық жобаларды үйлестіруді ойлаған кәсіпкерлерге де қолдау көрсетеді. Олар да несиенің пайызын субсидиялай алады. Ал қордың өзі әзірлеген жобалар жайында айтар болсақ, бізде қала, облыс әкімдерімен бірге қолға алған өңірлік бағдарламалар бар. Астана қаласы бойынша да бөлек жоба қарастырылған. Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосыл­ған кезден бастап кәсіпкерлердің несие сомасы 759,8 млрд теңге болатын 7 569 жобасы субсидияланған. Бұл – қор­дың өңірлік филиалы бойынша деректер. 4 409 жобаға қордан 68,2 млрд теңге кепілдік берілген. Мұндағы несиенің жалпы сомасы – 153,1 млрд теңге шеңберінде. Біз кәсіпкерлерден сұраныс айтарлықтай жоғары екенін байқап отырмыз. Бұрын кәсіпкерлердің көбі бизнесті өз қаражаты есебінен дамытатын. Қаржылай қолдаудың бар екенін білмейтін. Қазір олар нарықтағы екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөл­шерлемесі айтарлықтай жоғары екенін ескеріп, қор арқылы көмек алуға жүгінетін болған. Қысқасы, мемлекеттен және қордан кәсіпкерлерге ұсынылатын жеңілдіктер көп. Жоба-жоспары айқын, өсіп, өркендеп келе жатқан бизнесті әрдайым қолдауға дайынбыз», дейді С.Назарюк.

пегк

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржылай көмек алып, шаруасын шалқытып отырған бизнес-нысандар жылдан-жылға көбейіп келеді екен. Олардың ішінде қорға бір емес, бірнеше рет жүгінгендер бар. Мысалы, жуырда қала шетінен жаңа өндіріс нысанын сайлаған «Арко групп-2011» серік­тес­ті­гінің басшысы реті келсе, қорға қайта жүгінуге ниетті. Себебі белгілі, екінші деңгейлі банктерден қордың жәрдемінсіз несие алар болса, оның 21 пайыздық мөл­шерлемесі қалтаға әжептәуір салмақ са­лады. Компания 2013 жылы құрылып, нарыққа сусабынның түр-түрін шығара бастаған. Серіктестіктің басшысы Аслан Смаиловтың айтуынша, өнімнің сапасына бағасы сай.

«Біз тұрмыстық химия өнімдерінің 20 түрін шығарамыз. Қолдан келгенше жұмысты ширатып, кеңейіп жатырмыз. Істі бастағанда бұл бағытта да бәсекелестік жоғары екенін түсіндік. Сондықтан бір орында тұралап қалмай, мейлінше бәсекеге қабілетті болуымыз керек қой. Біз мемлекеттен қаралған қаржылай көмекті барынша пайдаланып келеміз. Мысалы, осыдан 4 жыл бұрын өзіміздің жаңа өндірістік нысанымызды аштық. Өнімділікті арттырдық. Бұған қор­дың көмегі көп тиді. Қаржыландыру шарт­тары оңтайландырылған. Несиелен­діру механизмі жеңіл әрі қолайлы. Көп ұзамай алған несиемізді өтейміз. Содан келер жылы өндіріс орнын модер­ни­зациялауды жоспарлап отырмыз. Жұ­мыс­ты барынша автоматтандыруға күш саламыз. Өнеркәсіптің жылдық тауар айналымы – 400 млн теңгенің ша­ма­сында. Қазір 7 адамды тұрақты жұ­мыспен қамтып отырмыз. Тауарға сұра­ныс көп түсіп жатса, қосымша тағы 8 жұмысшы шақырамыз. Тұрақты жұ­мыс­пен қамтылған жұмысшылардың жалақысын 300-550 мың теңге көлемінде белгіледік. Өнімдеріміздің сапасы жақсы. Бірақ біз туралы жұрттың көбі біле бер­мей­ді. Енді жарнамаға да көбірек көңіл бөлу керек екенін түсініп отырмыз»,  дейді кәсіпкер.

Компаниядағы жұмысшылар дәл қазір орта есеппен айына 100-120 тонна өнім шығарады екен. Ал өнеркәсіп толық қуа­тында жұмыс істесе, жылына 1,5 млн литр өнім шығаруға қауқарлы. Осыған дейін компания тауарларын Ресейге экспорттаса, қазір өнімдерін Әзербайжанға шығаруды ойластырып отыр. Кәсіпкер «Даму» қорының көмегіне алғаш 2015 жылы жүгініпті. Несиені екінші деңгейлі банк арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен алған. Әуелі 4,5 млн теңге несие алса, кейінгі алғаны – 45 млн теңге. Орайлы сәтте компания басшысы келешекте не­сие­лендірудің ұзақмерзімді шарттары қаралса деген ұсынысын айтып қал­ды. Мұндай жағдайда кәсіпкердің ай са­йынғы берешек төлемі азаятыны түсі­нікті.

Көп кідірмей Әл-Фараби көшесінде ор­на­ласқан «MFA International» серік­тес­тігіне қарай бағыт бұрдық. Астана­да­ғы маска шығаратын алғашқы компания жұмысын биыл ғана бастапты. Соған қарамастан еліміздегі бірнеше ірі өндіріс орындарымен келісімшарт жасап үлгерген. Алдағы жоба-жоспар да ауқымды. Негізі сүзгісі бар маска өндірісте жұмысшының тыныс алу жолдарын қорғауға жәрдемдеседі. Мұндай мас­каларды медицина қызметкерлері, кенші, металлургтер, автокөлік жүргізу­ші­лерімен қоса басқа да саланың мамандары қолданады екен. Компания толық қуатында жұмыс істесе, жылына 11 млн дана маска шығару мүмкіндігі бар. Серіктестік басшылығы «Даму» қоры арқылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бойынша екінші деңгейлі банктен алған несиенің пайызын субсидиялаған. Келешекте өнімін Орталық Азияға және әлемнің бірнеше еліне экспорттауды көздеп отырған компанияның ком­мерциялық директоры Ерсұлтан Бурханов бізге өнімнің артықшылығы туралы айтып берді.

«Біз респираторлық маска шығара­мыз. Мамырда маска сатуға рұқсаты­мыз­ды алдық. Қазір іске кірісіп кеттік. Біздің өнімдеріміз әлемдік стандартқа сай. Бұрын мұндай маскалар Ресейде шығарылып, басқа елдерге экспортталатын. Қазір геосаяси ахуалға байланыс­ты ол зауыт жабылып қалды. Бізге Түр­кия­дағы ірі маска шығаратын зауыт ин­вестиция тартып отыр. Тәжірибелі компанияның ықпалымен енді Орталық Азияға сапалы маска шығаруды біз қолға алдық. Масканың артықшылығы – сүзгісінде. Бұл – өте сапалы. Мұндай сүзгісі бар масканы әлем бойынша тек үш компания шығарады. Қазірдің өзінде масканы елдегі ірі өндіріс орындары алып жатыр. Сондықтан «Даму» қоры арқылы тағы да құрылғылар алып, өркендесек деп отырмыз», дейді кә­сіп­кер.

Өнеркәсіпте жұмыс қауырт. Қо­сым­ша жұмыс күшін қажет ететін тір­ліктің көбі автоматтандырылған. 20 жұмысшы өз ісіне ұқыпты. Өндірісте қолданылатын масканың түр-түрін көр­­дік. Себебі мұнда өндірістік ком­па­ниялардың ұсыныстарына қарай ың­ғайлы маска шығарылады екен. Бас­шылық елдегі бірнеше компаниямен келісімшарт жасап үлгерген. Тағы бірер компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Жуырда серіктестіктің басшылығы Сауд Арабияға іссапармен барған. Келешекте араб еліне де маска жеткізуді жоспарлап отыр­ған жайы бар. Араб елдерінде ірі мұнай компаниялары бар екенін ескерсек, сапалы маскаға сұраныс болатын сияқты. Сонымен қатар компания басшылығы жақында Өзбекстан, Қырғызстанға барып, маска экспорттау бойынша келіссөз жүргізуге ниетті. Кәсіпкер «Даму» қоры арқылы алған 750 млн теңгеге жаңа құрылғылармен қоса шикізат алған. Шикізат Түркиядан келеді. Компания кәсіпті кеңейту мақ­са­тында тағы 10 құрылғы алу үшін қорға жүгінуге ниет білдіріп отыр. Біз де серіктестіктің басшылығына табыс тіле­дік.

Келесі бағыт «Spectrum International School» серіктестігі болды. Халықаралық мектеп директоры Ерхан Абдулдаев «Даму» қорының жәрдемімен жуырда мектептің жаңа ғимараты ашылғанын айтты. Енді мектеп кеңейген соң оқушы санын да көбейтуге әбден болады.

«Халықаралық мектеп 2007 жылы ашылды. Сол аралықтан бері оқушы­лар­ға сапалы білім беруге күш салып келеміз. Негізі біз жаңа нысан ашу­­ды бірнеше жылдан бері ойластырып жүрген едік. Енді, міне, қордың көме­гімен биыл жаңа ғимарат салып, кіріп те үлгердік. Мектептің артықшылығы, біз балаларға халықаралық деңгейде Кембридж бағдарламасы бойынша білім береміз. Пәндер ағылшын тілде өтеді. Шетелден шақырған мұғалімдеріміз бар. Халықаралық ұйымдардан аккредитация алдық. Мектеп тәрбие жағынан да озық. Жергілікті құндылықтарды білетін, танымы терең бала тәрбиелеуге тырысамыз. Қазір 12 жылдық мектебімізде 450 оқушы оқиды. Оқу – ақылы», деп түйіндеді мектеп директоры.

«Даму» қоры негізі үш ірі бағытта жұмыс істейді. Бірінші, несие пайызын субсидиялайды. Екінші, кәсіпкерлерге кепілдік бере алады. Үшінші, жеңілде­тіл­ген несие бере алады. Бұл қатарда лизингпен айналысатын компаниялармен қоса шағын несие беретін ұйымдарды айтсақ болады. Бизнес дамып, кеңейіп отырса, бәсекеге қабілетті болады. Кә­сіп­кердің бірі жаңа нысан салғысы келсе, екіншісі жаңа техника алып, жұ­мыс өнімділігін ұлғайтуды ойластыруы мүмкін. Мемлекеттік қолдау шараларынан үмітті кәсіпкердің жобасын екінші деңгейлі банктер қарайды. Төлем қабілетін растайды. Кепілдікті ескереді. Шарттарды нақтылайды. Сосын шешім шығарады. Ал қор кәсіпкерге ұсынылған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау арқылы жәрдемдеседі. Егер кәсіпкер өзінің жобасын ауылдық жер­лерде, моноқалада іске асыруды көздесе, онда алған несиені 7 пайыздық мөлшерлемемен қайтарса болады. Мұның өзі кәсіпкерлерге әжептәуір же­ңілдік. Ескеретін жайт, кәсіпкер несие алдым, іс бітті деп қол қусырып жүре алмайды. Қордың мамандары кәсіпкер ұсынған жоба қалай орындалып жатқанын жарты жылдан соң ба­қылайды. Қаржының мақсатты жұм­сал­ғанын мониторингілейді.