Алматы • 06 Қараша, 2023

Ұстаздар ұстаханасы

215 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жыл­дығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Ұстаздар ұстаханасы

Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі бі­лім беру саласындағы ірі ғы­лы­ми және педагогикалық бі­лім беру орталығы. Бастауында Ахмет Бай­тұрсынұлы, Темірбек Жүр­генов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин секілді ұлт зия­лылары, қоғам қайраткерлері тұр­ған оқу орны күні бүгінге дейін елі­мізде білікті мұғалімдерді даяр­лауда көшбасшы. Оқу ордасынан осы күнге дейін 200 мыңға жуық педагог, 4 мыңнан аса ғылыми кадр білім беру саласына қанаттанған.

Салтанатты іс-шараны аш­қан университет ректоры Болат Тілеп ұлт зиялылары бастауын­да тұрған «ұстаз» атты ұлық мамандықтың рухани ордасы Абай университеті осы жыл­дарда еліміздегі білім ошақ­тарына көптеген білікті кадр­лар даярлағанын жеткізді. Ректордың айтуынша, кезінде 9 оқытушы ғана жұмыс істеген оқу ордасын­да бүгінде 5 академик, Ұлт­­­тық ғылым академиясының 6 кор­­рес­пондент-мүшесі, 220 ғылым докторы мен PhD, 260-тан астам ғылым кандидаты, барлығы 900-ден астам адамнан тұратын профессорлық-оқытушылық құ­­рам 16 мыңнан астам студент­ке заманауи білім беріп келеді. Білікті мамандардың еселі ең­бегінің нәтижесінде университет әлемдік білім рейтингтерінде жоғары көрсеткішке ие болып отыр.

Мәртебелі ұстаздар қауы­мын айтулы мерекемен құттық­таған Ғылым және жоғары бі­лім министрі Саясат Нұрбек «Ұс­таздар ұстанаханасы, білім мен ғылымның алтын ордасы атал­ған қарт ҚазПИ-дің атаулы датасы еліміздегі білім беру жүйе­сіне ортақ мереке. Бі­лім ор­дасының жеткен жетіс­ті­гін­де қазақ халқының аяу­лы тұл­ға­ларының, Алаш қайрат­кер­ле­рінің еңбегі жатыр. Білім биі­гін­де тұрған оқу ордасының про­­фессорлық-оқытушылар құ­ра­­­мының жемісті еңбегін ерекше атап өту керек», деді.

Жиын әрі қарай да жылы ле­біз­дермен жалғасын тапты. Алматы қаласы әкімінің ап­парат басшысы Бейбіт Шаха­нов шаһар басшысының құттық­тауын оқыса, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев педагог кадрларды даярлауда көш бас­тап тұрған оқу орнының мерей­тойына академияның құт­тық­тауын жеткізді.

Университеттің әлемдік бі­лім кеңістігінде жетістікке же­туіне зор үлес қосып жүрген оқы­тушылар қауымы осы жиын­да арнайы марапатқа ие болды. Атап айтқанда, профессор Қорлан Жампейісоваға «Ерен еңбегі үшін» медалі, Мәмбет Қойгелдиев, Марат Құлбек, Бағдат Қосанов, Докторхан Айдарбаева, Надежда Жиенбаева сынды ғалым-ұстаздарға «Қа­зақстан Республикасының ғы­лымын да­мытуға сіңірген еңбегі үшін» құр­метті төсбел­гісі, Дана Қо­сымоваға «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табыс етілді.

Бүгінде университет әлем­нің 25 мемле­кетінің 138 жоға­ры оқу орнымен әріптестік байланыста жұмыс істейді. QS World University Rankings әлем­дік рей­тингінде осы жылдың қорытындысы бойынша 681-690 орынды иеленіп, әлемдегі үздік 700 универ­ситет қатарына енді. Орталық Азияда 147-орынмен үздік 200 университеттің қатарында тұр. Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа алған THE Impact Rankings рейтингінде университет 601-800 позициядан көрініп, отандық университеттер арасында көш бастап тұр.

Мерекелік іс-шарада Қазақ­стан этникалық дизайнерлер ода­ғы қолөнер шеберлерінің көрме­сін өткізіп, университеттің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы деректі фильм көрсетілді. Мерекелік іс-шара өнер майтал­мандарының кон­цертіне ұласты. 

 АЛМАТЫ