«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алқап 24 млн гектарды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға артық. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау науқаны аяқталып жатыр», деді министр.
Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша 16,9 млн га астық (98,7%) жиналды. Орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық, оның ішінде 11,4 млн тонна бидай бастырылды. Жалпы, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күтілетін жалпы астық түсімі 16 млн тоннаны құрайды.
«Бұл 3 млн тонна көлеміндегі ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, елді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен қатар елімізде 4,3 млн тонна көкөніс дақылдары, 3,5 млн тонна картоп және 1,6 млн тонна майлы дақылдар жиналды, атап айтқанда, 747,5 мың тонна күнбағыс бастырылды», деді А.Сапаров.
Министрдің айтуынша, егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы ұйымдарына литріне 250 теңгеден 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар ағымдағы жағдайды ескере отырып, дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін қосымша 62,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданды.