Фото: aikyn.kz
«Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады.
Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады.
Мен 2019 жылғы сайлауалды бағдарламамда аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп мәлімдеген едім», деді Қ.Тоқаев. Президент екі елдің инвестициялық ынтымақтастығына қатысты мына жайтты баса айтты. 2005 жылдан бері қарай Ресей Қазақстанға 20 миллиард доллардан аса инвестиция құйған. Ал Қазақстанның көршімізге салған инвестиция көлемі – 6 миллиард долларға жетеқабыл.
«Инвестициялық ықпалдастықтың осылайша оң қарқын алуына өндірістік кооперацияның да септігі тиді. Оның аясында екі елдің бизнес субъектілері жалпы сомасы 33,5 миллиард доллар болатын 143 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Жалпы сомасы 3,2 миллиард доллар болатын 30 маңызды жоба сәтті іске қосылды. Қазіргі кезде машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі секілді экономиканың маңызды салаларында 40 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 16,6 миллиард долларды құрайды әрі 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды», деген Президент бұл бағытты дамытудың әлеуеті зор екенін жеткізді.