Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Бүгіннің өзінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген микрокредиттер алуға 7,3 мың өтінім түссе, 5 205 жоба мақұлданыпты.
Несиенің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан – 970, Жамбыл – 786, 642-сі Қызылорда облыстарына тиесілі. Сондай-ақ Шымкенттен – 466 және Астана қаласынан 456 өтінім түсті.
Конкурстық комиссиялардың шешімімен 5 205 жоба мақұлданса, оның ішінде 4 554 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтып отыр. Сонымен қатар микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл жерде айта кететіні, қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескерілуге тиіс. Ал микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі. Бұл микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Кепілмен қамтамасыз етудің болуы да міндетті шарт ретінде қарастырылады. Себебі биыл 4 қыркүйектен бастап жастарға жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілген. Сонымен кепілмен қамтамасыз ету ретінде қосымша екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты, республикалық маңызы бар және облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, ауылдар мен ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік қабылданады. Сондай-ақ олардың қатарында жекеменшік құқығындағы жер учаскелері мен мамандандырылған техника да бар. Тағы бір жақсы жаңалығы сол, кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні тартуға болады. Мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін өтінімді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.
Айта кету керек, микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі. Оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады. Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар, өміршең болуға тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданбақ. Қазір микрокредиттер алуға өтінімдерді қабылдау барлық облыстарда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында да басталып кетті.