«Самұрық-Қазына» АҚ және «KEGOC» АҚ биылғы 28 қыркүйек пен 2 қараша аралығында өткен Қазақстан қор биржаларында акцияларды қайталама орналастыру қорытындылары туралы хабарлады. Инвесторлардан жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден асатын 50 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Бұл жоспарланған көлемінен 1,5 есе артық. Жиналған өтінімдерді талдау нәтижелері бойынша 22,6 млрд теңгеден асатын жалпы сомаға өтінімдерді қанағаттандыру туралы шешім қабылданыпты. Ол жарияланған акциялардың шекті санына сәйкес келеді – 15 294 118 жай акция.
Шара бұған дейін жарияланған акцияларды бөлу критерийлеріне сәйкес жүзеге асырылды және қомақты пакеттердің жеке ірі инвесторларда шоғырлануын болдырмауға бағытталған. Өз азаматтарымыздан келіп түскен акцияларды сатып алуға арналған өтінімдер толық қанағаттандырылған. Акцияларды қайталама орналастыру шеңберінде «KEGOC» АҚ 15 294 118 жай акция өткізді. Бұл компанияның орналастырылған акцияларының жалпы санының 5,6%-ын құрайды. Нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тиесілі акциялардың үлесі «KEGOC» АҚ акцияларының 85%-ына тең.
Инвесторлардың қанағаттандырылған өтінімдері келесідей бөлінді:
- Қазақстан азаматтарының өтінімдері – 15 203 099 964 теңге сомасына (67%)
- Қазақстандық заңды тұлғалардың өтінімдері – 7 158 346 026 теңге сомасына (32%)
- шетелдік жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері – 300 537 744 теңге сомасына (1%)
Қанағаттандырылатын өтінімдерді айқындау барысында ел азаматтарынан түскен өтінімдерге басымдық берілді. Оларды қанағаттандырғаннан кейін ғана өтінім берген қалған тұлғалардың өтінімдерін қанағаттандыру туралы шешім қабылданды.
«Өтінімдердің айтарлықтай бөлігі – 44%-ы бөлшек инвесторлардан түсті. Бұл өз азаматтарымыздың ірі ұлттық компаниялардың IPO/SPO шеңберінде Қор ұсынатын инвестициялық мүмкіндіктеріне деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Кітап көлемінің 55%-ы институционалдық инвесторлардың өтінімдерін, сондай-ақ шетел азаматтарының өтінімдері мардымсыз бөлікті, яғни 1%-ды құрады. Сонымен қатар қалыптасқан өтінімдер кітабы шеңберіндегі пропорцияға қарамастан, Қазақстан азаматтарының өтінімдерін қанағаттандырудың басымдығын ескере отырып, орналастыруға арналған акциялардың соңғы көлемі былайша бөлінді: бөлшек сауда инвесторлары – 67%, институционалды инвесторлар – 32%, шетел азаматтары – 1%.
Әртүрлі санаттағы инвесторлардың «KEGOC» АҚ акцияларына мұндай әртараптандырылған сұранысы компанияның жоғары инвестициялық тартымдылығының және Қазақстанда жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосуды жоспарлау аясында бүкіл нарықтың «KEGOC» АҚ-ның даму болашағына деген сенімінің дәлелі болып табылады», деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Негізінде KEGOC SPO Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, сондай-ақ «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес өткізіліп жатыр.
«KEGOC SPO-ның сәтті өтуін азаматтардың мемлекетке және біздің компанияға деген сенімі ретінде бағалаймыз. SPO нәтижелері бойынша компанияның еркін айналымдағы акцияларының үлесі шамамен 2,7%-дан 8,1%-ға дейін ұлғаяды. Бұл KEGOC акцияларының өтімділігіне жағымды әсері болады және Қазақстан қор нарығының дамуына ықпал етеді. Біз электр желісін күшейту бойынша жүйелі бастамаларымызды жалғастырамыз. Атап айтқанда, SPO-дан тартылған қаражат KEGOC-ты дамытуға бағытталатын болады. Негізі KEGOC – дивидендік тарихы мінсіз компания және нарықтың бізге артқан сенімі, отандастарымыздың алдында барлық белгіленген жоспарды ең жоғары тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізе отырып орындау үшін қосымша мотивация болып табылады», деді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.
Бүгін KEGOC SPO шеңберінде сатылған барлық акция қанағаттандырылған өтінімдерге сәйкес бөлінеді және тиісті инвесторлар шоттарынан олар сатып алатын «KEGOC» АҚ акцияларына төлем жүргізу үшін тиісті ақшалай сомалар алынып, акция шоттарына есептеп жазылады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында қайталама сауда-саттықтың басталуы күні ертеңге жоспарланған. «Фридом Финанс» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «SkyBridge Invest» АҚ SPO-ның бірлескен үйлестірушілері мен букраннерлері болып табылады. «BCC Invest» АҚ және «Jusan Invest» АҚ бірлескен андеррайтерлер болып табылады.
SPO-дан түскен қаражат KEGOC-тың еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының желілерін күшейту бойынша ірі инвестициялық жобасын іске асыруға жұмсалады. Жоба шеңберінде 500 кВ үш электр қосалқы стансаны кеңейте отырып, ұзындығы 475 км 500 кВ «Шу-Жамбыл-Шымкент» 2 желі салынатын болады. Бұл электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуіне байланысты оңтүстік аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, сондай-ақ сол аймақта шоғырланған ірі ЖЭК объектілерінің қуатын беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайтын стратегиялық маңызды жоба.