Тұрақты даму мақсаттарының 13 бағытын қамтитын іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Санкт-Петербор политехникалық университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, шараның маңыздылығына тоқталды.
− Экономика – кез келген мемлекеттің қозғаушы күші. Экономика ғылым мен өндіріс байланысы арқылы дамиды. Әлемде экономика, энергетика саласындағы мамандарға сұраныс артуда. Біз ғылымға басымдық бере отырып, әр салаға білікті маман даярлап, жаңа инновациялық шешімдерді іске асыруымыз керек. Бүгін біз өз заманымыздың ең маңызды және өзекті тақырыптарының бірі – экономиканы декарбонизациялау жолдарын талқылау үшін жиналдық. Көптеген жылдар бойы адамзат климаттың өзгеруіне байланысты қиындықтарға тап болды. Бұл қиындықтар тек назар аударуды ғана емес, сонымен қатар нақты әрекеттерді де қажет етеді. Парниктік газдар шығарындыларын азайту және тұрақты экономикаға көшу мақсаты маңызды бола бастады. Бұл процесте инновация мен технология шешуші рөл атқарады, – деді ректор.
Алқалы жиында академик Асқар Ақаев: «Бүгінгі іс-шара Қазақстан Президентінің үш бастамасын іске асыру тұрғысынан аса маңызды рөл атқарады. Конференция жұмысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи бастамаларын қолдауға бағытталған. Біріншісі – Қазақстанда Орталық Азия елдері үшін БҰҰ ТДМ бойынша өңірлік хаб құру. Екіншісі – 2026 жылы Алматыда БҰҰ қамқорлығымен ОАӨ елдері үшін жобалық кеңсе құра отырып, өңірлік климаттық саммит өткізу. Осы тұрғыда саммитті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткізуге оқу ордасының мол мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл тарихи оқиға болар еді. Үшіншісі – Қазақстанда ОАӨ елдері үшін энергия көздерін өткізу бойынша әріптестік бағдарламасын іске қосу», деп атап өтті.
РҒА Мұхиттану институтының ғылыми жетекшісі Роберт Нигматулин баяндамасын климаттың өзгеруіндегі мұхиттардың әсеріне тоқталды. Ғалымның айтуынша, жауын-шашынның аз болуы, мұхит деңгейінің көтерілуі, мұздықтардың еруі ауа райының құбылуына көп әсер етуде. Сондықтан өз сөзінде Роберт Нигматулин аталған проблемаларды бүкіл ел болып шешу қажет екеніне назар аударды.
Экономика және энергетика салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға қатысқан жиында Қырғыз Республикасының экс-президенті, Ресей Ғылым академиясының академигі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Асқар Ақаев, РҒА Мұхиттану институтының ғылыми жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Роберт Нигматулин, профессор, э.ғ.д. Борис Порфирьев, РҒА корреспондент-мүшесі, экономика ғылымының докторы Александр Широв, РҒА Сібір бөлімшесі Көмір институтының директоры, профессор Владимир Клишин, Әлеуметтік ғылымдарды зерттеу жоғары мектебінің директоры Сапир Жак, Лиссабондағы Атлантикалық университетінің профессоры Тесселано Кампос, ҰҒА академигі Николай Буктуков, экономика ғылымының докторы Болат Құсайынов, тағы да басқа оқытушы-профессорлар пікірлерін ортаға салды.
Конференция барысында тұрақты даму бағыттары бойынша өмір сүру сапасын жақсарту, адам денсаулығын нығайту, энергияны үнемдеу, тиімді институттар құру, технологияларды жетілдіру, экологияны сақтау, энергетика саласындағы инклюзивті өсу мен энергияны тұтыну, энергетикалық ауысу және цифрлық трансформация мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қалдықсыз көмір технологиялары, сутегі мен атом энергетикасының дамуы, көлік қозғалғыштығы және климаттың өзгеру тақырыптары да қозғалды.
АЛМАТЫ