Медицина • 10 Қараша, 2023

Робот көмектескен ортопедиялық операция

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

3 қарашадан бастап Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухана хирургтері роботтың көмегімен тізе мен жамбас буындарын ауыстыру операцияларын бастады. Бұл – роботтың қатысуымен жасалған еліміздегі алғашқы ортопедиялық операция.

Робот көмектескен ортопедиялық операция

Ортопедия саласының танымал мама­ны Мирамбек Жұмағұловтың жетек­шілігімен, Мәскеудегі Приоров атын­да­ғы Ғылыми-медициналық зерттеу орта­лығы маманы Алексей Шумскийдің қаты­суы­мен алғаш рет елімізде жалпы тізе мен жамбас буын­дарын эндопротездеу, сон­дай-ақ тізе буынын бір айдаршықты про­тез­дейтін алғашқы операциялар жасалды. Робот­­тың көмегіне жүгінген кезде әрбір науқасқа жеке емдеу тәсілі сақталып, робот операцияға дейін жасанды буынның дәл 3D-жоспары мен импланттың дұрыс өлше­мін жасап, оны орнататын орынды тура таңдайды.

«3-7 қараша аралығында біз эндо­­протездеуге мұқтаж 9 науқасты таң­дап, елімізде роботтың көмегімен тізе және жамбас буындарын ауыстырудың алғаш­қы операцияларын жасадық. Үміт­керлерді іріктеу бірнеше ай бойы ыжда­ғат­тылықпен жүргізілді. Дәрігерлер кон­силиумы өтіп, жасанды буынды дәл 3D-жоспарлау үшін КТ зерттеудің цифрлық нәтижелері АҚШ мамандарына жіберілді. Роботтың арқасында операция алдын ала жоспарланғандай – 1 мм-ден де кем қателікпен жүзеге асырылады. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің сақталуы барын­ша қамтамасыз етіліп, байлам аппа­ратының оңтайлы тепе-теңдігіне қол жеткізіледі», дейді Алматы №4 ҚКА хирур­гия бөлімшесінің меңгерушісі М.Жұмағұлов.

Осы арада «Stryker» компаниясы ұсын­ған Mako технологиясы дәлірек әрі бол­жамды хирургиялық нәтиже беріп, нау­қастың денсаулығын тез қалпына кел­тіріп, протездің де мерзімін ұзарта ала­тынына тоқтала кеткен жөн. Mako техно­ло­гиясымен бір айдаршықты эндопротез­ жасатқан науқастар оның зақымы аз еке­нін, қалпына оралу мүмкіндігі тез және жа­санды протезді өз буынындай сезін­­ген­дерін айтады.

«Бүгінде мұндай технология дамыған елдерде танымал, мұны АҚШ, Канада, Жапония, Кореяның жетекші клиникалары қолданып келеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен біз Қазақстанда роботтың көмегімен алғашқы тізе және жамбас буындарын ауыстыру операция­ларын жасадық. Бұл – инновациялық ортопедия үшін әрі травматологиялық-ортопедиялық көмекті жетілдірудің жаңа кезеңі. Жыл сайын мұндай операцияны қажет ететін науқастар саны артып келеді. Мәселен, осы жылдың 10 айында біздің ауруханада 1,5 мыңнан аса буын ауыстыру операциясы жасалса, ендігі мақсатымыз – қызметімізді жетілдіріп, сапалы медициналық көмек көрсету», дейді Алматыдағы №4 ҚКА директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, MBA, DBA профессоры Біржан Досмаилов.

Айтқандай, 2012 жылы осы ауруханада жамбас, тізе, иық, шынтақ буындарын, сонымен қатар аяқ-қолдың ірі буындарындағы эндопротезді толық және жартылай ауыстыруды жүзеге асыратын мамандандырылған эндопротездеу бөлімшесі ашылғанын айта кету керек. Ауруханадағы эндопротездеу тәжірибесі 1975 жылы Анатолий Чучуло №4 ҚКА-да жамбас буынын бір полюс­ті эндопротездеу операциясын жасаған кезден бастау алады. Осы жылдар ішінде 20 мыңнан аса пациентке буын ауыстыру операциялары жасалған.

 

АЛМАТЫ