Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов лудомания адам тағдырына балта шабатын қауіпті құбылысқа айналып бара жатқанын атап өтті. Осыған байланысты партия ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болғанын айта келіп: «Қазіргі таңда елімізде ойынқұмарлық індеттей өршіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре бастады. Лудомания – ХХІ ғасырдың дерті. Миллиондаған адам құмар ойындардан зардап шегеді. Бүгінде бәс тігу мектеп қабырғасынан басталып жатыр. Барлық ойын онлайн, жұртшылыққа оңай қолжетімді. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл тақырыпты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көтеріп, құмар ойындарды шектеуге қатысты міндет қойды. Енді депутаттар мұны заң жүзінде бекітуі керек», деді.
Өз кезегінде сөз алған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев түсіндіру жұмысының нәтижесінде 2021 жылдан бері 17 букмекерлік кеңсе өз еркімен лицензиясын қайтарғанын, ал ойын бизнесі субъектілерінің саны 2 есеге, 71-ден 28-ге дейін қысқарғанын жеткізді. Оның айтуынша, биыл интернет-казинолардың қызметі мен жарнамасын шектеу мақсатында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 7 мыңға жуық интернет-ресурс пен заңсыз материалдардың сілтемесі бұғатталды.
«Бүгінде ел аумағында ойын бизнесімен айналысуға рұқсат ететін 28 лицензия берілген. Оның ішінде 5 казино, 8 ойын автоматы залы, 13 букмекерлік кеңсе және 2 тотализатор бар», деді министр.
Алайда министрліктің бұл есебі халық қалаулыларының көңілінен шықпады. Жиын барысында депутаттар мемлекеттік органдардың лудоманиямен және заңсыз ойын бизнесімен күрес жөніндегі жұмысын сынға алды. Себебі бұл күні құмар ойынның кесірінен 10 ерлі-зайыптының 7-еуі ажырасып жатыр. Былтыр елімізде 3676 адам өз-өзіне қол жұмсаса, оның әрбір бесіншісінің себебі лудоманияға келіп тіреледі екен.
«Үкімет ойын бизнесін ұйымдастырушылар мен олардың лоббистеріне қатысты қандай да бір нақты шешім қабылдап жатқанын көрмей отырмыз. Букмекерлік кеңселер интернеттегі және БАҚ-тағы жарнамаға миллиардтаған теңге қаражат құяды. Әлеуметтік желі букмекерлік кеңселердің жарнамасына толы. Одан қалса, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары бұл саланы дамытуға дайын. Сондықтан «Amanat» партиясы бастамашылық еткен заң жобасын барынша тезірек қабылдауымыз керек», деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Бұдан кейін «Amanat» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттарға жаңа заң жобасының аса маңызды нормалары туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, 2 кодекске және 7 заңға 50-ден астам түзету дайындалған. Атап айтқанда, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылады. Заңды тұлғалар рұқсат етілген жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады. Көшелерде, интернетте және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі. Сонымен қатар лотоматикалық машиналарды елге әкелуге және тұрғын үйлерде, дүкендерде, медициналық және білім беру мекемелерінде орнатуға тыйым салу ұсынылады. Құмар ойын ойнауға болатын жас шегі 25 жасқа дейін артады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар өз ақпараттық-қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық кешенімен біріктіруі керек. Осылайша, мемлекет барлық қаржылық операцияны бақылап отырады.
Фракция жиынын қорытындылаған Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов заң жобасын жұртшылықпен және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен кеңінен талқылап, тезірек қабылдау қажет екенін жеткізді. Себебі құмар ойындар талай тағдырдың талқандалып, шаңырақтың шайқалуына алып келіп отыр. Адамдарды ойынға тәуелділіктен және отбасыларды оның теріс салдарынан қорғауға бағытталған құжатты қабылдау уақыт күттірмей жүзеге асуға тиіс. Сондықтан «Amanat» фракциясының депутаттары ұсынылған заң жобасын бірауыздан қолдады.