Құқық • 10 Қараша, 2023

Әдепсіз әкім қайдан шығады?

195 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстық мемлекеттік қызмет департаментінің әдеп жөніндегі кеңесінде Бейімбет Майлин ауданына қарасты Новоильин ауылдық округінің әкімі Мақаш Таймасовтың тәртібі қаралды. 18 қазан күні түнгі сағат 23:00-ден кейін өзіне ішімдік сатудан бас тартқан дүкеншіні балағаттап, қоқан-лоқы көрсетуге дейін барған әкімнің әдепсіз қылығы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Әдепсіз әкім қайдан шығады?

Сауда орнындағы бейнебақылау құрылғысы әкімнің: «Менің артымда тұрған адамды көріп тұрсың ба? Тобыл әкімінің орынбасары. Маған оның телефон нөмірін берші (Дүкен иесінің байланыс нөмірін сұраса керек). Алты-ақ секундта құр­та­мын оны. Бәрін құртамын! Менің мүм­кін­дік­терімді білмейсің сен! Менің кім екенімді білесің бе?», деп әкіреңдеп тұрған сәтін жазып алған. Камерада одан кейін дүкеншінің әкімге ішімдік сатқаны, әкімнің дүкеншінің алдына шиырып ақша лақтырғаны, қайтқан тиын-тебенін қалтасына салып жатып, түсініксіз тағы бірдеңе айтқаны, сатушының «Менімен бұлай дөрекі сөйлеспеңіз!» деген сөздері сақталған.

Аталған департаментке қарасты мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Азамат Байтұрсынов қызметтік тексеріс барысында М.Таймасовтың өз айыбын мойындап, шын өкініш білдіргенін, ал дүкен директорының келеңсіз оқиғаға қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартқанын мәлімдеді.

– Заң тыйым салған уақытқа қара­мастан, М.Таймасов ішімдік сатып алуға тырысқан. Бұл келеңсіз оқиға әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге тарап кетті. Сатушы арақ беруден бас тартқан. Ал аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әкім қоқан-лоқы көрсетіп, дүкен иесіне қоңырау шалған. Осыдан кейін әлеуметтік же­ліде мемлекеттік аппараттың беде­ліне нұқсан келтіретін пікірлер көбейді, – деді А.Байтұрсынов.

Мақаш Таймасовтың мемлекеттік қызмет саласында жүргеніне 5 жыл 6 ай болыпты. 2022 жылдың 20 ақпанында Новоильин ауылдық окру­гінің әкімі болып сайланған. Бұрын-соңды тәртіптік жазаға тартыл­маған, өзіне сеніп тапсырылған міндетін де жақсы атқарып келген көрінеді.

«Дүкенге 18 қазанда бардым. Ішімдік сатып алғым келген. Бірақ сағатқа қарамаппын. Мені бұрынан жақтырмай жүрген сатушымен жанжалдасып қалдым. Ол менің өтінішіме дөрекі жауап қатты, сол сәтте өз-өзіме ие бола алмай қалып, балағат сөз айтып қойдым. Дүкенге кірмей тұрып, көліктің ішінде әйеліммен ұрсысып қалып, көңіл күйім болмай тұрған. Бұл әрекетіме шын өкініп, кешірім сұраймын. Бұрын-соңды мұн­дай жағымсыз қылық жасап көр­ген емеспін. Сондықтан кеңес мү­шелері, әділ шешім шығарарсыздар деген үміттемін», деді М.Таймасов.

Ауыл әкімі бұған дейін сот бейне­жазбаны қарап шыққан соң, сату­шы­ның дөрекі жауабын ескеріп, өзі­не салынған әкімшілік айыппұл мөл­ше­рін азайтқанын айтты.

Кеңес мүшелері әкімнің дүкенші әйел өзін қалай жәбірлегенін, қай сөзі жанына тиіп кеткенін нақтылап айтып беруін сұраған еді, М.Таймасов: «Мүмкін оның үзілді-кесілді «Жоқ» дегені дәл сол кезде маған жәбірлеп тұр­ған сияқты болып көрінген шы­ғар», деп жауап берді.

– Мені әкімнің өз айыбын сатушы­ның дөрекі сөзі арқылы ақтап алғысы келіп тұрғаны таңғалдырады. Шынайы өкініп тұрған адамды көріп тұрған жоқпын. Тек ақталу үшін бар айыпты басқаға жабуға тырысып жатыр. Бейнежазбаны бірнеше рет бастан-аяқ қарап шықтым. Дүкеншінің дөрекі сөйлегенін байқамадым. Қайта ол өз-өзін сабырға жеңдіріп, байыпты ұстап тұр. Ал Таймасовтың көңілді екені, серігімен бірге күлгені анық байқалады. Әйеліммен ұрсысып қалып едім деген жай ойдан шығарылған сылтау деп есептеймін. Сондықтан әкімге ең қатал шара қолдану керек, – деді кеңес мүшесі Асқар Жабаев.

Тәртіптік отырысқа қатысқан­дар­дың дені осыған ұқсас пікір айтты. Нәтижесінде, Әдеп кеңесінің мүшелері бірауыздан ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы шешім шығарды.

 

Қостанай облысы