Байқауды Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі ұйымдастырды. Оркестр басшысы Бақытбек Сартбаевтың айтуынша, ұлы композитордың күйшілік өнері жалғасын табуы қажет. Сол себептен, жас таланттар мен шебер орындаушыларды табу, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберлігін арттыру мақсаты көзделіпті.
Қазылар алқасына жетекшілік еткен танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың айтуына қарағанда, домбырашылар байқауы жаңа бағытта, жоғары деңгейде өткен.
«Домбырашыларға өзгеше талап қойылды. Бұл – бұрыннан жиі орындалып жүрген күйлерді емес, керісінше, көп естілмей жүрген туындыларға көбірек мән беру. Мұндай талап сирек орындалатын шығармаларға жаңа леп беріп, киелі сахнаға қайта оралуына жол ашты. Біздің күйші бабаларымыздың әртүрлі тақырыпты қамтитын шығармалары өте көп. Солардың барлығын дерлік жас ұрпаққа дәріптеп, стилі мен орындалу ерекшелігін көрсету қажет. Сол себептен, осындай іс-шаралар көбірек өтуге тиіс» дейді А.Жайымов.
Домбырашылардың орындаушылық шеберлігін, сахна мәдениетін сақтау мәнерін саралаған қазылар байқаудың бас жүлдесіне алматылық Мейірбек Әзімбаевты лайық деп таныды. Оған 1 млн теңге табыс етілді.
Ал Атырау қаласының өнерпазы Ақбөкен Темір бірінші орынның жүлдесі – 800 мың теңгені иемденді. Екінші жүлдеге жергілікті екі домбырашы – Нұрлыбек Нәжекенов пен Назерке Базарбаева ие болып, әрқайсысына 600 мың теңге берілді. Үшінші орынның 400 мың теңгесін алматылық Ләззат Ақихат пен Нұрай Зинор иеленді.
Атыраулық Серік Әлібековке байқаудың үшінші орны, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрiнің арнайы жүлдесі мен ақшалай сыйлығы табысталды. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы арнайы жүлденің 200 мың теңгелік сыйақысымен астаналық Қайрат Жұмағалиев пен алматылық Арсен Тұрсын марапатталды.
«Мұнда қазақтың белгілі өнер майталмандарының алдында өнер көрсету оңай болмады. Байқаудағы әр кезеңнің өзіндік қиындығы бар. Қобалжыдық, уайымдадық. Осындай сезімді бастан кештік. Соның бәрі артта қалды. Бас жүлдегер атанып, қуанып тұрмын. Ең бастысы бұл байқауда шеберлік шыңдадық», дейді М.Әзімбаев.
Атырау облысы