Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Балық саласы – экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтуда маңызды салалардың бірі. Мемлекет басшысы Жолдауында «Балық саласы ерекше назар аударуға лайық» деген еді.
«Маңғыстау облысындағы Каспий итбалығының популяциясын сақтауға мемлекеттік табиғи резерват құруды жеделдетуге қатысты 2023 жылғы сәуірде жаратылыстану-ғылыми негіздеме (ЖҒН) бекітілді. ЖҒН негізінде қазіргі уақытта технико-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Нәтижелерді жыл соңында аламыз. Резерват 2024 жылғы маусымда дербес заңды тұлға ретінде құрылады», дейді министр.
Сондай-ақ ол Каспий теңізінде заңсыз балық аулаудың жолын кесу жөніндегі жұмысты жандандыруға 2023 жылғы наурызда Экология министрлігі мен Ішкі істер министрлігі Жайық-Каспий бассейнінің су айдынында браконьерлікпен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен жоспары бекітіліп, теңізде бақылау жұмысы күшейтілгенін жеткізді.
«Атырау қаласындағы мемлекеттік бекіре зауытының өндірістік базасын жаңғырту жоспарланды. 2023 жылғы наурызда министрлік тиісті Жол картаны бекітті. Зауыт құрылыстарының тұрақтылығына техникалық тексеру жүргізілді, биологиялық негіздеме әзірленді. Маусым айында зауытты дамыту тұжырымдамасы және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге техникалық тапсырма бекітілді», дейді Е.Нысанбаев.
Оның айтуынша, 2023 жылғы қыркүйекте балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына балық өнімдерін қайта өңдеу жұмысын субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау шараларын енгізуде өзгерістер бар. Сондай-ақ балық шаруашылығына инвестициялық жобалар үшін бюджеттен несие беру мүмкіндігі түрінде қосымша енгізілді. Оған балық ресурстарын сақтау, молайту, өнеркәсіптік балық аулауды дамыту, қайта өңдеу жұмыстары кіреді. Биыл қараша айында Парламент Мәжілісіне бизнесті мемлекеттік қолдауды кеңейтуге құқықтық негізді көздейтін «Акваөсіру туралы» заң жобасын енгізу жоспарланған.
«Биыл 10 айда 34,9 мың тонна балық ауланды, 13,2 мың тонна балық өсірілді. 15,6 мың тонна балық экспортталып, 32 мың тонна импортталды. Саланы табысты дамытудың маңызды тетігі – бизнесті субсидиялау және салықтық жеңілдіктер түрінде бастапқы кезеңде қолдау. Қазір балық өсірудің бағыттарын субсидиялау көзделген. Бұл – күрделі салымдарға, техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық субсидия беру, сондай-ақ балық өсіруге арналған негізгі компоненттерге, атап айтқанда, жем, шабақ және дәрі-дәрмек сатып алуға арналған шығындарды өтеу. 2023 жылы субсидиялауға 4,1 млрд теңге көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Салалық бағдарлама шеңберінде жыл сайын субсидиялауға бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі ұлғаяды», деді Е.Нысанбаев.
Оның сөзінше, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Мәселен, өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді, балық шаруашылықтарына су беру бойынша шектеулер алынып тасталды. Балық өсіру тоғандарын жобалық-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей-ақ тек эскиздік жобалар негізінде салуға мүмкіндік берілді.
«Қазір елімізде 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай және балық өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттау құқығын алды. Бұл ретте қосымша тағы отандық 13 кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді. Сондай-ақ экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан – Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді. Ал Қытай елінің тізіліміне 65 Қазақстан кәсіпорны енгізілді», дейді министр.
Отандық балық өңдеу кәсіпорындарынан әлемнің 21 еліне балық өнімдерінің 100-ден аса түрі шығарылады, олардың ішінде ең ірі тұтынушылар – Ресей, Германия, Нидерланд, Литва, Қытай.
«Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындауға Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын іс жүзінде жүзеге асыру жөнінде шаралар қабылдауды жалғастыра береді», деп түйіндеді балық саласын министр.
Сонымен қатар жиында балық шаруашылығынан басқа да экологиялық мәселелер жөнінде айтылды. Көптен көпшіліктің көкейінде жүрген орманшылардың алатын жалақысы мен жағдайы сөз болды. Абай ауданында 14 жұмысшының қазасына себеп болған орман өртінен кейін Үкімет орманшылардың жалақысын көтеру туралы шешім қабылдаған еді. Е.Нысанбаев 100 пайызға көтерілген жалақының қазіргі көлемі қандай екенін айтты.
«Бүгінде орман саласындағы орта буын мамандары шамамен 180 мыңнан 220 мыңға дейін жалақы алады. Орманшылар жалақысы 140 мыңнан 180 мың теңгеге дейінгі аралықта. Ал басшылық қызметтердің жалақы мөлшері 280 мыңнан 350 мың теңгеге дейінгі аралықта көтерілді», деді министр.
Сондай-ақ ол орман және балық шаруашылығы ең төмен жалақы алатындардың қатарында екенін растады. Ұлттық статистика бюросының кейінгі мәліметі бойынша тамыз айында елімізде орташа арифметикалық жалақы 365 502 теңге болды. Ал қарапайым орманшының жалақысы одан екі есе аз екені байқалады.
Киіктердің де мәселесі күйіп тұр. Әсіресе талапшыл қоғам мүйізді қайда жаратады деген сұрақты қарша боратып жатыр. Әйткенмен құзыретті орындардан ашық әрі тұшымды жауап болмай, ел ішінде құрыққа сырық жалғанып жатқаны да жасырын емес. Осы түйткілдің түпкілікті түйінін білу мақсатында қойған сауалымызға: «Киіктердің мүйізін шетелге сатуды жоспарлап отырмыз», деп жауап қатты Экология министрі. Елімізде киік мүйіздерін сыртқа сату жағы қарастырылып жатқанын, рұқсат алу 2025 жылға жоспарланғанын жеткізді.
«Киік мүйіздері фармацевтикадағы дәстүрлі компонент әрі Шығыс елдеріндегі, негізінен Қытайда дәрі-дәрмектердің құрамдас бөлігі саналады. Бүгінде киік мүйіздерін экспорттауға мүмкіндігіміз жоқ. «СИТЕС» сирек кездесетін жануарларды қорғау жөніндегі халықаралық ұйымы жекелеген жануарларды қолдануға (оның ішінде киік те бар) тыйым салды», деді Е.Нысанбаев.
Сондай-ақ министр бүгінде Женевада киіктердің мүйізін пайдалануға тыйым салуды алып тастау туралы мәселе талқыланып жатқанын айтты.
«Рұқсат алу мерзімі – 2025 жылдың басы. Бүгінгі таңда киіктердің санын реттеуден алған барлық мүйіз таңбаланып, «Охотзоопром» мамандандырылған кәсіпорнының арнайы үй-жайларында сақталады. Қазір киіктердің мүйіздерін сатпаймыз, бірақ болашақта киіктердің мүйіздерін сыртқы нарыққа сатуды жоспарлап отырмыз», дейді ол.
Е.Нысанбаев нысанға алған ақбөкендерге қатысты ақпараттар легі толастамай тұр. Мәселен, кеше Сәтбаев қаласында 23 киіктің ұшасы табылғаны анықталды. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, атылған ақбөкендер қаланың аумағында орналасқан жеке үйдің гаражынан табылған.
«Оқиға орнын қарау кезінде одан басқа 6 терісі мен 10 ақбөкен мүйізі, 3 тегіс ұңғылы мылтық, 54 патрон, «Nissan Patrol» маркалы автомашина табылып, тәркіленді. 33-40 жас аралығындағы үш күдікті ер адам ұсталып, олардан заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», делінген полиция хабарламасында.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлігімен бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.