Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Осы күні жақындарымыздың жарқын сәттері туралы естеліктерді өз ауызынан емес, желіден естиміз. Айлап емес, жылдар бойы сөйлеспеген танысыңның күнделікті өмірін әлеуметтік желідегі жазбаларынан-ақ білуге еш кедергі жоқ. Жаңалығы былай тұрсын, желіде жеке деректерін көрсетіп жіберетіндер бар. Ал әлеуметтік желінің күнделікті ақпаратын сүзгіден өткізіп отыратын алаяқтарға бұл – мол азық. Өйткені адамдардың аңғалдығын әртүрлі сипатта толыққанды зерттейтіндер кәнігі психолог тәрізді. Желідегі жарияланымы арқылы жемтік іздейтіндер көбінесе «ауырдың асты, жеңілдің үстімен» ақшалы болғысы келетіндердің әлсіз тұсын алдын ала біледі. Нарықтың заманында экономистер әрбір тиынның салмағы барын, ал құзырлы орындар жіпсіз байлайтын желідегі қауіп-қатерді қаперге ұстау қажеттігін айтып жатады. Олай болса, әлеуметтік желіде әліптің артын бақпайтындардың артында аңғалдық, әлде пайдакүнемдік жатыр ма?
Тәсілі түрленген алаяқтар
ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының орынбасары Рүстем Дүйсетаев «Киберқылмыс, оның ішінде интернет пайдаланушыларға қатысты алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті», деп отыр. Биыл азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелсе, алаяқтардың әрекетінен жәбірленушілерге 13 млрд теңге залал келтірілді. Оның айтуынша, мұндай қылмыстардың көпшілігі шетелде жасалады. Оның ішінде қазір алаяқтық схемаларға тарту тәсілдері түрленіп жатыр. Мәселен, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жеңіл табыс туралы хабарландырулар жиі орналастырылатын болған. Содан соң телегей теңіздің толқыны секілді тасып келетін табысты алу үшін карта нөмірін сұрайды. Көмек қолын созуға «әзір» алаяқтар сенімге көзсіз сенетіндерді бұдан кейін өз атына карта мен абоненттік нөмір ашуға үгіттейді. Үміттері ақталып жатса, осындай әрекеттерге басқа адамдарды тартуды ұсынып, өзгелердің де өзі секілді тірнектеп еңбек етпей-ақ саусақтың ұшын жыбырлатып табыстың кілтін иемденуге шақырады. «Кейбір жағдайларда телефонға банкинг орнатуды немесе карталарды басқа адамдарға беруді сұрайды. Көрсетілген карталар мен абоненттік нөмірлерді алаяқтар ақша алу үшін пайдаланады. Мұндай кезде карта үшін біржолғы төлем жүргізіледі, не оған криптовалюта биржалары, халықаралық аударым жүйелері арқылы басқа адамдарға аудару қажет ақша түседі. Мұндай қызметтер үшін жалпы сомадан белгілі бір пайыздарды, әдетте 3-тен 10%-ға дейін қалдыру ұсынылады. Осылайша, адамдар заңсыз өндірілген ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырудың алаяқтық схемаларына тартылып, өздері қылмысқа қатысады», дейді Р.Дүйсетаев.
Құқық қорғау органдары қазір осындай тізбектерді анықтап, жеңіл пайда алу мақсатында алаяқтарға өз шоттарына ақша шығаруға көмектескен отандық азаматтардың да қолына кісен салуға кіріскен. Сондықтан күмәнді схемаларға қатысқандар жәбірленуші ғана емес, қылмысқа қатысушы ретінде де заңға сәйкес жазаланады.
«Қайырымды» жұмыс берушілер
Кейінгі уақытта мессенджер арқылы ақша беріп алдайтын алаяқтық қаптады. Жемтігін желіден іздейтін қылмыскерлер жеке телефон нөмір арқылы тіркелетін мессенджерлерге де келді. Әлеуметтік желіде мол байлықтың иесі екеніңді айтып есіңді алатын шетелдіктердің Whatsapp пен Телеграм арқылы жұмыс ұсынуы кәдімгідей сенім ұялататыны рас. Бірақ жағдайыңа қарайлайтын «қайырымды» жұмыс берушілер айласын асырса, қақпанға түстім дей беріңіз. Танымал блогер әрі IT саласының маманы Аршат Ораз осылай деп отыр. «Күмәнді адамдар Whatsapp арқылы жұмыс ұсынады. Келісіп жатсаңыз Telegram-аккаунтқа сілтеме жіберіп, менеджер жұмыс барысын түсіндіреді. Ол қонақ үйлерге «баға беруді», яғни лайк басуды және скриншоттар арқылы растауды сұрайды. Осы қызметің үшін күніне 10 мың мен 68 мың теңге арасында ақша табуға болатынын айтады. Әрі қарай тапсырмалар арнайы топтарда берілуі мүмкін», дейді ол.
Алаяқтарды одан кейінгі тапсырмасына қонақ үйлердің рейтингін онлайн көтеріп, алдын ала броньдау кіреді. Соның арқасында комиссия жиналады-мыс. Алайда броньдар «Booking» сияқты танымал платформаларда емес, біреудің картасына аударылуға тиіс. «Маған да жұмыс ұсынылды. Қазір картамнан аудара алмайтынымды, бірақ ақша бар екенін, картамды бұғаттан шешу үшін 40 мыңдай ақша бере тұруларын сұрадым. Сосын шешілген бойда қайтаратынымды айтып, алаяқтардың өзін сан соқтырғым келген. Бірақ бұл жоспарым орындалмады. Қызықтың бәрі ортақ чатта басталды. Өздерінің адамдары «ақша аудардық» деп скриндарын жібере бастады. Біреуінде «Мәскеу сағаты» деп Қазақстан уақыты көрсетілген. Ал екіншісі комиссиясыз «Halyk bank»-тан басқа банкке ақша аударады. Ал транзакция нөмірі 10 емес, 11 таңбалы. Өзгертілген уақыт «Photoshop» емес, смартфон редакторы арқылы жасалған. Соларды айтып едім, топтан бірден шығарып жіберді. Жалпы айтқанда, кейінгі кезде біраз тоқырауға кеткен алаяқтық жүйелері жаңаша келбет ала бастапты», дейді блогер.
Жеке деректер сатылымда жүр
Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желі қолданушыларының жеке мәліметтері күллі әлемге жария болды. Желіге деректері жарияланған қолданушылардың жалпы саны 533 млн болса, оның ішінде 3 214 990 отандасымыз бар. Сол кезде-ақ сарапшы мамандар айдай әлемге жарқ еткен жеке мәлімет ертеңгі күні алаяқтардың арманын орындауға септігін тигізетінін атап өтті. Ал жақында отандастарымыздың жеке басына қатысты құпия мәліметтерді тегін тарататын ресейлік Telegram-арна белгілі болды. Демек бұл «Еліміздегі дербес деректердің қауіпсіздігі сын көтермейтінін көрсетпей ме?» деген заңды сұрақты қоюға мәжбүр етеді.
IT-сарапшы Ерлан Оспан алаяқтықтың бұл түрі тек біздің елге келген кесапат емес екенін айтады. Оның сөзінше, алаяқтардың мемлекетке әкелген шығын есебін жариялап тұратын елдер көп, Қазақстан сол тізімнің алды да, соңы да емес. «Жеке мессенджерге хабарласатын алаяқтар қайдан келді? Бұл кәдімгі парсинг әдісі. Қызметкерлердің телефон нөмірі жарияланған сайттар көп. Бағдарламашылар сол сайттардағы мәтін ішінен телефон нөмірді сүзіп алатын робот жазып, нөмірлердің базасын түзеді. Бұл аса қиын емес. Мектеп оқушысының қолынан келетін код дер едім. Екіншіден, олар рандом нөмірлер генераторын жасайды. Сосын сол нөмірлерді хаттармен атқылайтын боттарға қосады. Боттар «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген пәлсапамен хат-хабарды барлық нөмірге жібере береді. Ал сол жүз мың адамның ішінен 20-сы «өзінің қазір ғана 5 мың доллар ұтып алғанына» сеніп қалады», дейді маман.
Сондай-ақ азаматтардың дерегі қолжетімді болуының бір себебін сарапшы «Цифрлануды жобалау кезеңінде қауіпсіздік мәселесі назардан тыс қалуы мүмкін» деп отыр. Тіпті 2000-жылдардың өзінде отандастарымыздың телефон нөмірі мен тұрғылықты жерінің дерекқорлары компакт-дискімен сатылған. Ең қызығы, ол дискілерді Мәскеудің әйгілі «Горбушки» базарынан әкелген. Жеке бас құпиясына немқұрайдылық сонша, мәлімет сатушылар дискінің сыртына «Ақтөбе қаласы», «Алматы қаласы» деген лейблдер де басқан екен. Ал қазіргідей интернет қылмыс көбейген заманда ведомствоаралық ақпарат алмасудағы келеңсіздіктер, заңдарда құпияның жария болуына жауапты ұйым мен адамның аты аталмауы мәселені әрі қарай ушықтырды. Осылай деген сарапшы: «Қазір хакерлердің жабық қауымдастықтарында нөмір иесін біліп беру, мүліктерінің тізімін шығару сияқты қызметтер ұсынады. Олар мұның барлығын аспаннан алып отырған жоқ. Корпорациялар ішінде қауіпсіздік жолға қойылмаған соң әлденеге ренжіген немесе ниеті бұзық қатардағы қызметкер де дерекқорды көшіріп ала алады. Мысалы, электрондық қолтаңба қолды болып, сыртынан несие ресімделген құрбандар туралы мәліметтер ашық дереккөздерде толып жүр», дейді.
Қылмыскердің құрбаны кім?
ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын тұрақты жүргізіп, интернеттегі әрбір ақпаратқа мұқият болуды, телефон арқылы хабарласқан кез келген қоңырау иесіне құпияны аша берудің қателік екенін үздіксіз айтып келеді. Мәселен, орталық бастығы Жандос Сүйінбайдың сөзіне қарағанда, биыл БАҚ-та профилактикалық сипаттағы 6 мыңнан астам материал жарияланған. Оның сыртында байланыс операторларымен жасалған меморандумдар тағы бар. Алайда халықты ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенімен, желіде жемтік болғандар көп. Ал аңқау елдің осал тұсын оп-оңай табатын қылмыскерлерді құрықтау тіпті қиын. Себебі басқа қылмыстарға қарағанда киберқылмыстың ерекшелігі бар.
Интернеттегі алаяқтық ақпараттық технологиялардың көмегімен жасалады. Қылмыскер тіпті шетелде отыруы мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдары оларды анықтаған күннің өзінде қылмыскерді алдырту – күрделі жұмыс. Алаяқтық жасалған мемлекетпен арада келісімшарт болмаса, сұрау хаттың соңы да сиырқұйымшақтанып кетуі мүмкін. Әйткенмен шетелдік нөмір көрсе, шекесі шылқи майға малынатындай көретін адамдар жетерлік.
Оның себебін психолог мамандар пайдакүнемдік пен күйзелістен іздейді. Сымсыз желінің сырын білмей, сыртынан жүрген жандармен жұмыс істейтін психолог Айгүл Қараманова «Алаяқтардың арбауына түскендердің көбі жақындарынан жылы сөз естімеген қыз-келіншектер» деп отыр. Адамның жан дүниесін жан-жақты зерттейтін алаяқтар әдемі сөзімен елітіп, ертегіге бергісіз қиялға жетектеп кете барады екен. Ал психолог Серікгүл Сәли оңай олжаға асығатындардың көбі еңбек етпей мол табыс табуға асығатын тар түсінікте қалып қойғандығын айтады. Демек қазіргідей деректердің ашықтан ашық саудаға түсіп жатқан кезеңінде адамдардың ашкөздігі мен аңғалдығы да алаяқтардың айын оңынан тудыра берері анық.