Ұлытау ауданындағы электр жүйелері ауызекі тілде «комхоз» аталатын, құрылтайшысы – Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорыны. Жездідегі қосалқы стансаның да қожайыны – осы мекеме. Ендеше, ел «қараусыз қалдырды» деп неге дабыл қағады.
– Заманында мұнда төрт кезекші, екі электрик тұрақты түрде жұмыс істейтін еді. Соның бірі мен едім. Тәртіп қатал болатын. «Подстансаға» келген электр қуатының мөлшерінің есебі қатаң жүргізілетін. Кейін біртіндеп жұмыс қожырай бастады. Айлап жалақы алмайтын кезіміз болды. Дегенмен басқа баратын жер болмаған соң шыдап бақтым, сөйтіп, 2016 жылы зейнет демалысына шықтым. Ал қазіргі жағдай, тіпті жаман. Өйткені сенсеңіз де, сенбесеңіз де – осы Жездіде электрик жоқ, – дейді еңбек ардагері Нұриден Сарин.
545 үйі бар, 2 200-дей халқы бар білдей бір кентте электрик жоқ деген құлаққа тосын естіледі екен.
– Ақсақалдың айтып отырғаны рас. Өйткені «комхоз» дегеннің аты бар да, заты жоқ. Бірақ мұндағы елге мен жауаптымын. Біреудің үйінде немесе әлдебір мекемеде электрге байланысты мәселе туындаса, не істеуім керек? Содан амал жоқ, қолында электрик дейтін куәлігі бар Қуаныш Күлімбетов деген азаматты кенттің қоқыс полигонына күзетші етіп жалақы төлеп, электрик ретінде жұмсап отырмын, – дейді кент әкімі Мұратбек Жұмабек.
«Қысылғаннан қыз болдық» деген осындайда айтылса керек. Заңсыз жұмыс істеп жүрген электрик жазатайым бірдеңеге ұшырап қалса, кім жауап береді?
– Әрине, әкім жауапты. Сондықтан ол қайда барса мен де ере барамын. Қашан жұмысын бітіргенше, «Жаманшылыққа ұрындыра көрме» деп дұға етумен боламын, – деген әкімнің сөзінен оны шарасыздықтың әбден шаршатқаны байқалады.
– Бір қызығы, кент тұрғындары, мұндағы жеке кәсіпкерлер де, мемлекеттік мекемелер де «Казэнергоцентр» ЖШС-не ай сайын тиісті төлем жасап отыр. Ақша жиналады, бірақ есебі жоқ. Мысалы, «Казэнергоцентр» энергияны жеке тұрғындарға – 1 киловатына 16 теңге 23 тиыннан, заңды тұлғаларға 24 теңге 76 тиыннан босатады екен. Бірақ төлемді жеке тұлғалар 19 теңге 25 тиыннан төлейді. Заңды тұлғалар да белгіленген тарифтен артық төлеп жүр. Неге? Өйткені арадағы айырмашылық қызмет көрсетуші компанияға тиесілі көрінеді. «Қызмет көрсетуші компания» деп отырғанымыз – «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорыны» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Ал бұл кәсіпорын кейінгі екі жылдан бері мүлдем жұмыс істемейді. Сонда артық төленген ақшадан жиналған қаражат қайда кетіп жатыр? Осыны тексеру қажеттігін айтып әбден шаршадық, – дейді аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Мұхамеджан Мырзабеков.
Шынында, халық қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын білуге қақылы ғой. Егер Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны нақты жұмыс істеп тұрса, көпшілік тарапынан мұндай сұрақ қойылмаған да болар еді. Электр жабдықтары орналасқан «подстанса» ғимараты аңғал-саңғал, ашық-шашық жатыр. Ауласын шөп басқан. Биылғы жазда бұл жерде өрт шығып, абырой болғанда жұрт әупірімдеп жүріп сөндіріп алған. Егер сол кезде ғимарат толық жанып кеткенде не болар еді? Кент көшелеріндегі трансформаторлардың жай-күйі жан түршігерлік жағдайда. Құлыптаулы тұруға тиісті есіктер жабылмақ түгілі құлап қалған. Балалар ойнап жүріп кіріп кетсе, ар жағын ойлаудың өзі қорқынышты.
– Біздің жағдайды тиісті орындардың бәрі де біледі. Бәрі де мәселені шешеміз дейді. Бірақ шешіліп жатқан ештеңе жоқ. «Аудандағы электр жүйелерін «Жезқазған электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамының, яғни ЖРЭК-тің, балансына өткіземіз» деген әңгіме Ұлытау облысы құрылмай тұрғанда басталған еді. Облыс құрылған соң мәселе жылдамдатып шешімін табатын шығар деген үмітіміз де сөнуге айналды. Өйткені бәрі сөз жүзінде қалып келеді. Мұның әлі де қанша уақытқа созыларын ешкім білмейді, – дейді кенттегі Ақсақалдар алқасының төрағасы Тілеген Рахымбеков ақсақал.
Жездідегі электр жүйесіне қатысты облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов бізге «Жезділіктердің «подстанса қараусыз қалды» дегені дұрыс емес. Ол «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнына» қарайды. Күзетшілер барып, қарап тұрады.Тек Жездінің емес, аудандағы барлық электр жүйесін ЖРЭК-ке бергелі жатырмыз, құжаттарын дайындау үстіндеміз» деп түсіндірді. Әкім орынбасарының бұл «түсіндірмесі» түсініксіздік тудырды. Сонда қалай, екі жылдан бері есепшоты жабулы жатқан «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны» жұмыс істеп тұр деуге бола ма? Сосын облыс құрылғалы екі жылға жуықтап қалды ғой, содан бері дайындалып бітпейтін неғылған құжат? Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары А.Әбжамалов «Кәсіпорын банкротқа ұшыраған, бірақ заңды түрде тарқамаған» дейді. Яғни бұл мекемені қағаз жүзіндегі кәсіпорын десе, еш артығы жоқ. Сондықтан халықтың мәселенің тезірек шешімін тапқанын қалайтыны әбден түсінікті.
Қазіргі кезде бізге мәлім болғанындай, Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны «Казэнергоцентр» АҚ-на 68 055 820 теңге берешек. Ал мұны банкрот болып жатқан кәсіпорын төлей ала ма? Сонда кім төлейді? Осы орайда М.Мырзабековтің халықтан жиналатын қаражаттың «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнына» тиісті бөлігіне тексеру жүргізу керек» деген талабы тектен-тек айтылмайтын тәрізді. Жалпы, бұл кәсіпорын үнемі қарыздан көз ашпаған тәрізді. Бұған осы кәсіпорынның қарызы үшін 2021 жылы 19 қарашада «Казэнергоцентр» АҚ-на 346 866 239 теңге төленгені дәлел. Неге қарыз бола береді? Бұл да мұқият тексеруді қажет етеді.
Қазір банкрот жағдайындағы кәсіпорын төрт аяғын тең басып тұрған кезде де оңдырып жұмыс істемеген секілді. Бұған басқа жерлерді айтпай-ақ тек Жезді кентінің өзінде электр жүйесінің 80-90 пайызының тозығы жетіп тұрғанын айтсақ та жеткілікті. Сол сияқты 2012 жылы резерв ретінде әкелінген трансформатордың орнатылмаған күйі аулада қараусыз қалғаны, ақыры биыл қолды болып кеткені де дәлел. Егер облыс әкімінің орынбасары айтқандай, күзетшісі болса, осындай жағдай орын ала ма? Мұндағы 18 кешенді трансформатор соңғы рет қашан майланып, күтім көрді екен? Иесі бар нәрсе осындай күтімсіздікке ұшырай ма?
Ұлытау ауданындағы барлық электр жүйелерін қалыпқа келтіру үшін 358,1 млн теңге қажет көрінеді. Мұншама қаражат қайдан табыла қояр екен? Ал «ЖРЭК» аудандағы электр нысандарын егер қарыздары жабылмаса, қалыпқа келтірілмесе қабылдай ма? Сұрақ көп. Бір нәрсе анық – қараусыз қалған «подстанса» Жезді жұртшылығын өте қатты алаңдатып отыр. Ашық-шашық жатқан ғимаратта кез келген уақытта қолайсыз жағдай орын алуы мүмкін. Қылышын сүйретіп қыс келді. Кент тұрғындары «жауын-шашынның, боранның салдарынан жарықсыз қалып жүрмейміз бе?» деген үрей құшағында. Мұндай жағдайда электригі жоқ кент қандай күйге түсуі мүмкін? Қай нәрсенің де алдын алған дұрыс. Жезділіктер «бұл мәселеге республикалық құзырлы органдар шұғыл араласуы керек» дейді. Біздікі – халықтың сол талап-тілегін жеткізу ғана.
Ұлытау облысы,
Жезді кенті