– Түйеге мініп, жамбы ату кімнің идеясы еді? Қиындық тудырмады ма?
– Түйе үстінде жамбы ату «Топжарған» этно орталығының басшысы Ғабит Бердібайұлының идеясы. Орталықтағы ат өнеріне баулитын ұстазым биылғы жазда асау түйелерді әкелді. Бастықтырып үйретудің өзі оңайға соққан жоқ. Шудасына қол тигізбейтін түйелерді үйретіп бастықтыратын шабандоздарды шақыртып мінгіздік. Одан кейін садақтан үрікті, нысанаға да жуымай қойды. Қысқасы түйе үстінде жамбы ату оңайға түскен жоқ. Ат үстінде шауып келе жатып жамбы ату түйеге қарағанда жеңіл секілді. Өйткені түйеге мініп жамбы атуды меңгеремін деп құладым да.
– Сұхбатыңда асау үйретіп мінгеніңді айтыпсың. Жылқы жануарына деген қызығушылық қанша жасыңнан оянды? Жалпы қыз балалардың дені асау үйрету былай тұрсын, жақындауға қорқады.
– Жылқы малына қызығушылығым бала кезден артты. Малды ауылда өскендікі шығар, көзімізді ашқаннан көргеніміз төрт түлік болғандықтан да малдың төресі жылқыға деген аңсарым ерекше болды. Асау тайды өзім мініп жуасытып алатынмын. Жуас жылқыға мінуге бәрі де әуес. Ал осқырынып, пысқырынып жер тарпыған жалынан ұстатпас шу асауға жақындауға көп адамның жүрегі дауалай бермейді. Неге екенін өзім де білмеймін, менде керісінше, жуас жылқыны тебініп қамшылай бергеннен гөрі асауды шалма ұрып ұстап жуасытуға аңсарым ауады да тұрады. Бұл жануарға алғаш мініп, жуасытқан мен едім дегенді айтқым келетін. Соның желігі ме осы күнге дейін талай тоқым ұшы тимеген шу асау жылқының езуін қанатып жуасыттым. Небір асау, бас бермейтін жылқылар да кезікті, қарғып, мөңкігенде тулақтай ұшырған мінезі шадырларды да міндік. Сонда «мертігіп қаламын-ау» деген қорқыныш болған емес. Қайта құлаған сайын өршеленіп, есемді жібермеуге ұмтылатын едім.
– «Топжарған» орталығымен байланыс туралы кеңірек айтсаң.
– Бұл этно өнер орталығымен былтырдан бері байланыс орнаттым. Тик-ток, инстаграм желісіне жүктеген видеоларды көрген Ғабит аға өзінің орталығына жұмысқа шақырды. Содан бастап ат үстіндегі қазақтың ұлттық ойындарын насихаттап, дәріптеп келе жатырмыз. Алғашында тек қыз қуу ойынына ғана қатысып көрдім. Бертін келе жамбы ату өнерін де меңгеріп алдым. Қазір қыз қуу, жамбы ату сайысына қатысып тұрамын. Орталықтың ұтымды тұсы –ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарымызды жаңғыртып, өскелең ұрпақтың санасында қайта жаңғыртып жатқаны дер едім. Қалада өскен балалар жамбы ату былай тұрсын, жылқының маңына жуымайды, түр сипатын, жас ерекшелігін айыра алмай жатады. Орталықта мамандар ат үстінде ойналатын ұлттық ойындарымызды дәріптейді, келушілерге үйретеді.
– Өзің Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқисың, құрбыларыңның арасында саған қарап бой түзеп атқа мінгісі келетін қыздар бар ма?
– Қатар оқитын құрбыларым да менің ат үстіндегі өнеріме қызығады, өздері де жүйрік жылқыға мінгісі келеді. Ара-тұра демалыс уақытында сейілдеу үшін келіп мінеді. Бірақ олар бір сәттік жан рақаты үшін ғана. Ал менің бұл кәсібім, өнерім десем де болады. Оларға атқа қалай міну қажеттігін, тізгінді қалай ұстап, қамшыны қай қолға ілу керегін үйретіп жөн сілтеймін. Қуанатыным, атқа мінуге, ер үстінде жүруге қызығушы жастардың қатары артып келеді.
– Қыз қуу секілді ұлттық ойындарға қатысып тұрасың ғой, қандай қызықты оқиғалар орын алатын еді?
– Бір сайыста қызық болды. Алдымен қыз қашады, жігіт қуады ғой ойынның шартында. Төрешінің белгісінен кейін тізгінді қоя бердім, артыма бұрылып қараймын атын сауырлатып қуушы далаңдап келеді, көмбеге дейін жете алмады. Сосын «ұялған тек тұрмас» деді ме, көрермендерден тағы бір мүмкіндік беруін өтінді, халық шулап екінші рет қуды. Бірақ бұл жолы жетіп алды. Ал мен қай кезде де қыз қууда жігітті қуып жетіп қамшының астына алатынмын. Ешқашан атым шабандап жете алмай қалған емес.
– Жылқы есті жануар, адамның қорыққанын, не ойлап тұрғанын сезіп қояды. Тағы қандай қасиетін байқайсың?
- Шынында төрт түлік төресінің естілігі таңдандырады үнемі. Бұл жануар біздің көңіл-күйімізді, не ойлап тұрғанымызды сезіп-біледі. Өз басым жылқының мінез-құлқын алғаш тізгіндеп мінгеннен-ақ байқай қоямын. Кейбір жылқы малы болады, бір адамға тым жақын бауыр басып кетеді. Өзгелер мінсе, мінез көрсетіп мөңкиді, тоңқиды, қарғиды. Ал өзінің үйреткен иесі мінсе, қойдан да жуас бола қалады. Құла арғымағым бар еді, тай күнінен өзім жуасытып үйреткем. Ағаларым, інілерім мінейін десе теуіп, қыршып маңына жуытпай мінезін көрсетеді. Ал мен барсам қуанғанын сездіріп жақындайды. Осыған қарап та жылқының естілігін пайымдауға болады.
– Бала күніңде бәйгеге қатыстың ба?
– Жеткіншек шағымнан бәйгеге де қосылдым. Бірақ арнайы жаратып жүйрік қосқан емеспіз. Күнделікті қойға мініп жүрген шаруа атымызды апарып соған мінетін едім. Бір жолы бәйгені біз ұйымдастырдық. Қызық болғанда барлық жүйрікті шаң қаптырып алдыма еш қара түсірмей жеке-дара шықтым. Соңғы айналымға өткенімізде ойландым. «Өзіміз бәйге ұйымдастырып өзім бірінші жүлдені алсам ұят қой. Атымның шабысын іркіп, тізгінді тартып өзге қатысушылардың озып кетуіне әдейі мүмкіндік туғыздым. Одан кейін де бәйгеге қосылдым, екінші, үшінші орын бұйырды. Бойжеткен соң көкпарға деген қызығушылығым артты. Ауыл үйдің арасында көкпарға қатысуға барамын. Ауылдастарым доданың ішінен алып шығып, менің тақымыма салып береді. Тізгінді қоя беріп, тақымыңдағы көкпардың сирағын қаусыра ұстап шабудың әсері керемет, тілмен айтып жеткізе алмайсың.