Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 31 үміткер қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтауға филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы бастаған қазылар алқасы атсалысты.
Конкурстың алғашқы шарты «Термин талқы» іріктеу кезеңінде қатысушылар «Теrmincоm.kz» сайтындағы «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» электрондық алаңына тіркеліп, өз пікірлері мен ұсыныстарын жазса, келесі кезең «Термин зерде» шарты бойынша тағамтану саласы терминдерінің ішінен 15 терминді таңдап, үлгіге сәйкес сараптама жасалды. Келесі кезекте «Мәзіріңіз әзір ме?» атты тақырып таңдалып, осы сұрақ бойынша қоғамдық тамақтану орындарындағы бес ас мәзірінің қазақ тіліндегі нұсқасы талдау жасалып, қажет деген жағдайда қатысушы балама нұсқаларын ұсынды. Ең соңғы «Термин-тезис» кезеңінде үміткерлер тағамтану саласы немесе ас мәзірін қалыптастырудың өзекті мәселелері бойынша тезис әзірледі.
Барлық жағынан жоғары дайындықпен келген Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзат Шынтасова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты Дана Талғатбек ие болса, келесі орындарды Шымкент қаласындағы Ж.Тәшенов университетінің магистранты Балнұр Балтабайқызы, көкшетаулық Шолпан Махамбетова мен «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Қалиакбар Үсемхан өзара бөлісті. Бұлардан басқа белсенділік танытқан төрт үміткер Алғысхатпен марапатталды.