Аймақтар • 13 Қараша, 2023

Көксулықтар қуанышы

169 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Облыс орталығына жақын орналасқан Көксу ауданының тіршілігі көңіл сүйіндіреді. Күні кеше төрт бірдей ауылда блок-модульді медициналық пункт іске қосылды. Бұл деген – 2 мыңға тарта халық заманауи нысанда сапалы медициналық көмек алады деген сөз. Бұған қоса Мұсабек ауылына көгілдір отын келіп, жергілікті балалар үшін ойын алаңдары ашылды. Қуанышты сәттің біз де куәгері болдық.

Көксулықтар қуанышы

Суретті түсірген – Руслан Кадыров

Ынтымағы жарасқан көксулықтар әрбір мемлекеттік мерекені жарқын жаңалықтармен қарсы алып жатыр. Бір күнде бірнеше нысанның лентасы қиылып, тұрғындар мәре-сәре болды. Әуелі Ақтекше, Мұқаншы, Мәулімбай және Қазақстанның 10 жылдығы ауылдарында жаңа блок-модульді медициналық нысандардың есігі ашылды. Бұрынғы медпункттердің барлығы санитарлық талаптарға сәй­кес келмейтін, бейімделген ғи­маратта орналасқан еді. Енді атал­ған ауылдардың 2 мың тұрғыны қа­жетті құралдармен жабдықталған, ста­цио­нарлық жағдай қарастырылған зама­науи медициналық пункттерде ал­ғашқы жәрдемнен бастап барлық қа­жетті тиісті медициналық көмек ала алады.

Бүгінде тозығы жеткен ауыл­дық­ денсаулық сақтау нысандарын жөндеп, жаңартуға көп көңіл бөлі­ніп келеді. Өңір әкімі баспасөз қыз­ме­тінің мәліметінше, осы мақсатта биыл жыл соңына дейін 27 блок-модульді медициналық нысан іске қосылса, өткен жылы осындай 12 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген еді. Ал жалпы 2025 жылға қарай олардың саны 60-тан асады.

Қуанышты сәтте Мұқаншы ауы­лы­ның тұрғыны Сейіткәрім Көп­ті­леуов ағынан жарылды.

«Мен арнайы дәрігердің есебінде тұрамын, сондықтан мені қаралуға жиі шақырады. Айына бір-екі рет бара­мын. Арасында профилактикалық тексеруден өтемін, қажет болып жатса, ем тағайындайды. Бұрын осының бәріне аудан орталығына баратынмын, енді жақсы болды, алысқа сабылмаймын. Бұл – маған ғана емес, бүкіл ауылымызға керек ғимарат. Біздің көп жылдан бергі арманымыз орындалды», дейді ол.

Айта кетейік, блок-модульді меди­ци­­налық пункттердің әрқайсысының құны – 50 млн теңге. Оларға бір ауы­сым­да 15-20 пациент келе алады. Әрқай­сысының жалпы ауданы – 108 ша­р­шы метр. Штат санына сәй­кес олар­да тұрақты негізде 7 меди­ци­на қыз­­меткері жұмыс істейді, бекі­тілген жоспарға сәйкес және қажет­ті­лікке қарай арнайы мамандар да меди­ци­на­­лық қызмет көрсетеді. Бұл ретте Мұқаншы ауылында – 346 адам, Қа­зақ­­­станның 10 жылдығы ауы­лын­да – 377, Ақтекше ауылында – 994, Мәу­лім­бай ауылында 223 адам тұра­ды.

Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері Жаннұр Сырымовтың айтуынша, 2025 жылға қарай аудандағы медициналық нысандардың бәрі осындай қарқынмен жаңартылады.

Сонымен қатар Балпық би ауы­лында 200 келушіге арналған Халық­қа­ қызмет көрсету орталығы (ХҚО) ашылды. Бұған дейін филиал жалға алын­ған, бейімделген ғимаратта орна­лас­қан еді, ал мемлекеттік қыз­мет көр­сететін ұйымдар ауылдың әр жерінде шашыраңқы болған. Бұл «Бір терезе» қағидатын үнемі сақ­тау­ға мүмкіндік бере бермейтін. Арнайы салынған ғимаратта ХҚО ашу арқылы бұл мәселе толығымен ше­шілді.

Ауыл тұрғындарын осы маңызды нысанның ашылуымен құттықтаған Көксу ауданының әкімі Мәрлен Көл­баев бұған дейінгі ғимараттың халыққа тиісті деңгейде қызмет көрсету мүм­кін­дігі болмағанына байланысты Ха­лық­қа қызмет көрсету орталығын жаңа ғимаратқа көшіру туралы шешім қабыл­данғанын айтты.

«Екіқабатты жаңа орталықтың ауданы – шамамен 1 200 шаршы метр, бұл алдыңғысынан үш есе үлкен. Бірінші қабатта ХҚО орналасқан, ал екінші қабатта АХАТ, әлеуметтік қамсыздандыру және жер кадастры саласында қызмет көрсетіледі, 50 орындық мәжіліс залы бар. Сонымен қатар жаңа ХҚО бірнеше секторға бөлінген. Мысалы, e-otinish секторында мемлекеттік органдарға электрондық өтініш беруге болады, ал екіншісінде қызметтерді электрондық үкімет порталы немесе арнайы қосымшалар арқылы дербес алуға болады», деді М.Көлбаев.

Атап өтсек, ерекше қажеттілігі бар аза­маттар үшін ХҚО-да пандус, лифт және мемлекеттік қызмет көрсетуге ың­ғайлы терезе қарастырылған. Бала­лары бар клиенттер үшін де ана мен бала бөлмесі жасалған. 57 орындық күту залы бар. Бір ауысымда 200 адам келе алады. Қызметкерлер саны – 44.

Алғашқы қызмет алушылардың бірі ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Валентина Тимофеева жақында тоғы­зын­шы баласын дүниеге әкелген. Ол осы күні ХҚО-ға тиісті құжаттарын алу­ға келді. Оған алғашқы клиент­тердің бірі ретінде балалар арбасы сыйға тартылды. Осы ғимаратта жас жұбайлар некесін тіркетіп, салтанатты рәсімді де өткізе алды. Жас жұбайлардың атынан Мирас Әбенов алғысын білдірді және оларға теледидар тарту етілді. Тағы бір қызмет алушы Назым Бекет өзінің алғашқы жеке куәлігін қолына алды, оған да естелік сыйлықтар берілді.

Жалпы, ХҚО-ға арналған екі қабат­­ты­ ғимараттың құрылысы өткен жыл­дың тамыз айында басталды. Жұмысты «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымы орындады. Нысанның жалпы құны 431,6 млн теңгеден асады.

Сондай-ақ Мұсабек ауылының тұрғындары көгілдір отынға қосылды. Бұл – Көксу ауданында газ құбыры тартылған сегізінші ауыл.

Мұсабек ауылында газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырын тартуға 523 млн 827 мың теңге бөлін­ген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС атқарды. Қазіргі уақытта құры­лыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Газ құбырының ұзындығы 46,7 шақырым, соның 15,5 шақырымы – жоғары қысымды, 31,2 шақырымы – төменгі қысымды. Сол сияқты 4 дана шкафтық типтегі газ тарату стансасы орнатылды. Жалпы, бұл ауылда 1 806 тұрғын бар, абонент саны – 178.

Газ алауын жағу салтанатты рәсі­міне қатысқан ауыл тұрғындары атқарылған іске ризашылықтарын білдірді. Солардың бірі – ауыл тұр­ғыны, «Күміс алқа» иегері Алтыншаш Мұташева.

«Осы ауылдың байырғы тұрғы­нымын. Мұнда 1969 жылдан бері тұра­мын. Алты балам бар. Жылқы бақтық, қой бақтық, ұзақ жыл малда болдық. Ауыл­ға түбегейлі тұрақтағанымызға он жыл­дай болды. Қазір жасым 73-те. От жағып, күл шығарған оңай емес. Газ келгенінен қуанып жатыр­мыз. Құрылыс жұмыстарында ер-азаматтар күннің ыстығына да, суығына да қарамай жұмыс істеді. Үйіме газдың нүктесін, есептегіш құралын мердігер компания тегін орнатып берді. Азамат­тар­дың бәріне де көптен-көп алғыс айтамын», деді көпбалалы ана.

Бұған дейін Балпық би, Теректі, Мұқыр, Еңбекші, Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдарына газ құбыры тартылып, 5 мыңнан аса абонент газға қосылуға мүмкіндік алса, соның 2 700-ден астамы бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Көксу ауданында газға қосылар күнді күткен 12 ауыл бар. Олар жоспар бойынша келер жылдың соңына дейін толық қосылып бітуге тиіс.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қар­масының мәліметінше, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауда­нынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылады. Ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру 100 пайызға жетеді немесе 192 елді мекен қамтылады деп межеленіп отыр.

Осы күні ауыл балаларының қуаны­шында шек болған жоқ. Себебі көптен күткен Мәулімбай және Жарлыөзек ауылдарында балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді. Стадионға жөндеу жұмыстарын атқарған мердігер ұйым «Кенженова» ЖК айналасы 4 айдың ішінде жобаны аяқтаған. Жобаға 22,5 млн теңге қаржы бөлінген.

Жарлыөзек ауылында бұған дейін ойын алаңы болмаған. Сондықтан ауылдағы Идигов көшесінен арнайы орын белгіленіп, бір мезгілде 30 бала ойнай алатын жаңа алаң салу жоспарланған еді. Мердігер ұйым «АТС Build» ЖШС алаң құрылысын шілде айында бастап, белгіленген мерзімі қыркүйек айының соңында аяқтады. Жобаның құны 18,5 млн теңгеге жуық. Нысан соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған.

Осы күні Мәулімбай ауылындағы Жеңіс орта мектебінің жаңарған стадионы жөндеуден кейін пайдалануға бе­ріл­ді. Оған ағымдағы жөндеу жүр­гі­­зіліп, 108 шаршы метр балалар ойын ала­ңы, 108 шаршы метр Workout спорт алаңы мен қоршаулы 800 шаршы­ метр­лік шағын футбол алаңы салынды.

«Жасым 9-да, 4-сыныпта оқи­мын. Бұған дейін мектептің ескірген алаңында ойнайтынбыз. Қазір алаңның жаңарғанын көріп, қатты қуандық. Енді мұнда доп ойнап, әткеншек теуіп, турникте тартылып, спортпен емін-еркін шұғылданатын болдық», дейді Жеңіс орта мектебінің оқушысы Ақнұр Жетпісбай.

Ауыл тұрғындарының дені сау болуы үшін осындай нысандардың бой көтергені тиімді. Үйіне газ келіп тұрса, халық бұрынғыдай көмірге кезек­ке­ тұрып әуре болмайды. Біз аталған ауданның тыныс-тіршілігіне сүйініп қайттық.

 

Жетісу облысы