Денсаулық • 14 Қараша, 2023

Дұрыс тамақтанып жүрміз бе?

198 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарап отырсақ, түрлі қоғамдық қорлар, яки үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық зерттеу агенттіктері көптеген сауалдама жүргізіп, өз деректері мен дәйектерін алға тартып жатады. Әлбетте, мұндай бастамалар қандай мүдде мен пиғылға жұмыс істейтіні – бөлек әңгіме. Ешқашан дәл статистика­ жасау мүмкін емес десек те, осы арқылы кез келген мәселенің нобайын болжауға болады.

Дұрыс тамақтанып жүрміз бе?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Ал ұлт саулығына келгенде,­ Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы халық­тың денсаулығы 20% – тұқым қуалайтын кеселдерге, 20% – әлеуметтік жағдайға, 10% – денсаулық сақтау деңгейіне, 50% әр адамның өмір сүру салтына байланыс­ты дегенді алға тартумен келеді. Яғни өміріміз де, денсаулығымыз да өзіміздің ішіп-жеміміз бен әрекет­терімізден құралмақ.

Құлаққа әбден сіңісті болған «Сала­матты өмір салтына» да өнімді еңбек, биологиялық ырғақ пен тәуліктік режімді сақтау, жеке бастың тазалығы, ең бас­тысы тамақтану мен қимыл-қозғалыс кіреді. Осы орайда Туризм және спорт министрлігінің мәліметтеріне сенсек, 2022 жылы жұрттың 34,2%-ы спортпен айналысқан, бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 31,6% болған. Сондай-ақ елімізде 23,2% адам саламатты өмір салтын ұстанады-мыс.

Сонымен отандастарымыз не ішіп, не жеп отыр деген сауалға кеңірек тоқталатын болсақ, әйгілі Euromonitor International халықаралық нарықтық зерттеулер агенттігі 2022 жылдың қараша айы мен 2023 жылдың наурызы аралығында Қазақстандағы азық-түліктің құрамын зерттей келе, нарықта тағамдар туралы хабардарлықтың әлі де жетіспейтінін, оған қоса ел қанша калория, қанша қант тұтынатынын көрсететін сенімді статис­тика жоқтығын бағамдаған. Мәселен, 100 г/мл-ге шаққандағы орташа қоректік құнарды анықтау үшін Euromonitor International Қазақстандағы әртүрлі бөлшек сауда нүктелеріндегі азық-түлік пен сусын өнімдерінің тағамдық құнарын зерттеген. Әртүрлі санаттағы өнімдердің жан басына шаққанда тұтынылатын мөлшерін есептеп, зерттеу барысында тек оралған азық-түлік есепке алынғанын ескеру керек. Бұған жұмыртқа, ет, балық және теңіз өнімдері, сондай-ақ жаңғақтар, бұршақ және балалар (сүттен жасалған) тағамдары кірмейді.

Euromonitor мәліметтеріне көз жүгірт­сек, 2022 жылы Қазақстанда барлығы 764 млн литрден аса алкогольді, 3 млрд литрден аса алкогольсіз сусындар, 2,9 млн тонна әртүрлі оралған азық-түлік өнімдері, 3,2 млн тоннаға жуық жаңа піскен көкөністер мен жемістер (оның ішінде 2,2 млн тонна картоп) сатылған. Осы арада тоқтала кететін бір жайт, коронавирус пандемия­сынан кейін белең алған денсаулықты күту үрдісі отандастарды жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек тұтынуға үйреткен. Бұл санаттағы тағамдарды сатып алу көрсеткіші күрт өсіп, өткен жылмен салыстырғанда көкөністер сатылымы 11%-ға, жемістердің саудасы 7,5%-ға артқан көрінеді. 2022 жылы ең өтімді жеміс-жидектер «бестігіне» мыналар кіреді: 85,6 мың тонна алма, 32 мың тонна банан, 30 мың тонна алмұрт пен айва, 28 мың тонна мүкжидек, көкжидек, қаражидек, 23,4 мың тонна апельсин мен мандарин сатылған. Сол сияқты тамырлы көкөністерден ішінде картоп, қызанақ, пияз көбірек сатылған. Егер салыс­тырып қарасақ, гүлді қырыққабат пен брокколидің тек 1,2 мың тоннасы ғана сатылыпты.

Нутрициологтер дұрыс тамақтанғанда аса қажет деп санайтын бұл көкөністердің бағасы картоптың бағасынан 10 есе қымбат. Мұндайда микроэлементтер мен витаминдерге бай спаржа, батат, сельдерейдің бағасы жайлы не айтуға болады? Демек, табысы орташалау жерлестерімізге пайдалы көкөністердің арзандауы, яғни асқабақ, кәді, қызылша, сәбіз, кәдімгі қырыққабатты таңдауға тура келеді. Алайда 2022 жылы және биылғы қаңтар мен наурыз айы аралығында басқа да тамырлы көкөністердің сатылымы 542,5 мың тонна болған, бұл картоптың сатылымынан 4 есе аз.

Ең қызығы, Euromonitor сарапшылары пандемия кезінде денсаулығы мен иммундық жүйесіне алаңдаған көпшілік қант жеуді азайтуға тырысқанын анықтап отыр. Бір өкініштісі, әлеуметтік шектеу­лер алынып тасталған соң, пандемия кезінде сақталған диеталық тәртіптер таз қалпына түскен деуге болады. Ұннан жасалған және кондитерлік өнімдері жан басына шаққанда бір күнде тұтынатын калория мен қант мөлшері жағынан басқа азық-түлікті оздырмайтындықтан сарапшылар: «Азық-түлік пен сусындарды таңдаған кезде ең басты фактор оның дәміне тірелетіндіктен, кондитерлік өнімдер, күлше, тәтті тоқаш, ұннан жасалған тағамдар әлі де алда келеді», деп отыр.

Euromonitor сарапшылары қант, бал және тәтті сусындардың әлі де көп сатылатынын болжайды. Бұлар «қасықтап» жеу үшін ғана емес, үйде пісіретін әртүрлі аз мәзірлеріне, тосап, түрлі сусындар дайындаған кезде де көп қосылады.

Бәрінен де құрамында ең қанты көп ірі азық-түлік санатына – алкогольсіз сусындар кіреді. Олардың ішінде кола сияқты құрамында қант бар сусындар – бірінші орында (барлық алкогольсіз сусын­дар сатылымының 26%-ы), ал газ­далған қант бар сусындардың басқа түрлері – екінші орында (18%). Алко­голь­сіз сусындар нарығының 10%-ын ішуге бірден дайын шайлар, бөтелкедегі су 22%-ын құрайды.

Сарапшылар отандас­та­рымыздың қантты ұната­тын­дықтан, тәттілендірілген сусындардың әлі де өтімді емес екенін айтады. Дегенмен бұл санатта «саламатты өмір салтының» лебі байқалады. Мысалы, адамдар хош иістендірілген бөтелкедегі суды, ішуге дайын шай мен 100% шырындарды көбірек ұнататындықтан, көбіне таңдау қант қосылған табиғи жеміс шырынына түседі.

Сарапшылар бірнеше жылдың беде­рінде жерлестеріміз үшін қанты аз сусын­дар мен шырындардың маңызы арта түсетініне сенімді. Мәселен, біздің күн­де­лікті өмір салтымызда дастарқанға көбінесе тәтті-мәтті қойып, қант қосылған шай ішу әдеті кең тарағаны таңсық емес. Бұл айналып келгенде қант пен қант қосылған тағамдардың көптеп сатылуына ықпал етеді. Дегенмен сарапшылар тұтынушылардың денсаулық сақтауға жіті назар аударуы өзге де денсаулыққа пайдалы тағамдар мен сусындарға сұранысты арттырады деп болжайды.

Алкогольді сусындардың ішінде сатылымның 84%-ы сыраға, 10%-ы шарапқа, 5%-ы араққа, ал қалған шағын үлесі дайын коктейльдер, ликерлер мен күшті алкогольге тиесілі. Бір қызығы, Euromonitor зерттеулері 2022 жылы алко­голь­ді сусындарды сату өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға, яғни шамамен 32 млн литрге азайғанын алға тартып отыр.

Сонымен қатар агенттік сарапшылары Қазақстан Үкіметінің артық салмақ, семіздік мәселесіне жіті көңіл бөлуі нәтиже берді дейді. ДДҰ-ның мәліметіне сәйкес, 2016 жылы осы мәселеге тап болған адамдар саны 33%-ды құраса, 2022 жылы 24%-ға дейін азайыпты. Оған тек саламатты өмір салтын қалыптастыру үрдісі ғана емес, тамақтану стандарттарын енгізу де едәуір ықпал етіп отыр.

2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өлім-жітімге жиі душар ететін дерттерге қанайналым жүйесі аурулары, тыныс алу жүйесінің ісіктері мен аурулары, ула­нулар, жарақаттар мен ас қорыту жүйе­сінің кеселдері кірген. Ең ғажабы, қант диабеті бұл қатарға қосылмай қалған. Қысқасы, қант диабетіне қарсы қабыл­дан­ған ұлттық бағдарлама мен түрлі нау­қан­дар халықтың арасында қант диабеті туралы хабардарлықтың артуы – осы сыр­қаттан көз жұматындар санын азайтып­ отыр­ғаны қуантады. Кейінгі жылдары қант диабетіне шалдыққандар саны кеміп келеді.

Нақты деректерге сүйенетін болсақ, Халықаралық Диабет федерациясының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 20-79 жас аралығындағылар арасында қант диабетінің таралуы 2016 жылы – 6,7%-ға, 2021 жылы – 6,3%-ға төмендеген.

Бұған қоса Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі 2021-2025 жылдарға арнап «Дені сау ұлт» жобасын жасағанын еске сала кету керек. Онда саламатты өмір сал­­тын қалыптастыру, медициналық қыз­­меттердің сапасын арттыру, ғылыми ме­­дицина мен кадрлық әлеуетті дамыту, ден­­саулық сақтауда бірыңғай цифрлық кеңіс­тік қалыптастыру сынды міндеттер қарас­тырылған.

Егер Үкімет көздеген осынау көкей­кес­ті мақсаттар сәтімен жүзеге асып жатса, онда елдегі азаматтардың өмір сапасы дұ­рыс­талып, орташа жас 75-ке жетеді деген үміт бар.

 

АЛМАТЫ