Жиында Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментіне қарасты басқарманың басшысы Гүлнар Мақсұтова министрліктен көрсетіліп жатқан қолдаулар жайында айтты.
– Жыл сайын 14 қарашада Қант диабетімен күрес күні аталып өтеді. Осы күнде қант диабетін емдеудің әдістері мен алдын алу шаралары туралы ұсыныс-пікірлер айтылады. Қант диабеті – елде әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарында. Сондықтан пациенттер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін емделе алады. Еліміздегі клиникалық хаттамалар қант диабетін зерттеу бойынша жетекші кәсіби ғылыми қауымдастықтардың стандарттарына сәйкес келеді. Сонымен қатар үнемі қайта қаралып, жаңарады. Мемлекет қант диабетімен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсетеді және пациенттерді барынша дәрілік заттармен, қажетті еммен тегін қамтамасыз етеді. Тегін емделетін пациенттерге сенімді дәлелді базасы бар препараттардың барлығы дерлік қолжетімді, сондай-ақ олар жалпы сақтандыру аясында диагностикалық скринингтен өтеді, – дейді Г.Мақсұтова.
Күнделікті тіршіліктің қамымен жүрген тұрғындардың едәуір бөлігі өзінің қант диабетімен ауыратынын бірден біле бермейді екен. IDF деректері бойынша 2021 жылы елде 808 мың адам қант диабетімен алысып өмір сүрген. Оның ішінде 320 мыңға жуық отандық диагноз қойылмаған қант диабетіне шалдығыпты. Конференция барысында Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс балалар эндокринологі Гүлмира Әбдуахасова диабеттің таралуының негізгі себептері жайында айтып берді. Себебі қант диабетімен ауырған науқастар жылдан-жылға көбейіп, балалардан да жиі анықталатын болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша былтыр елімізде 5 447 бала аурудың осы түрі бойынша есепте тұрған.
Диабеттік ата-аналар комитетінің президенті Руслан Зәкиев комитеттің атқарып жатқан жұмысы туралы әңгімеледі. Негізі комитет пациенттерге күтім көрсету сапасын, олардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қант диабетімен ауыратын науқастарды ақпараттандырумен, қорғаумен айналысады. Осыдан соң «Ново Нордиск Казахстан» ЖШС бас директоры Рана Азфар Зафар қант диабетімен күресте компанияның қолға алған міндеттері жөнінде баяндады.
– Компания қант диабетімен күресте үздіксіз медициналық білім беру бойынша жобаларды іске асырады. Ғылыми зерттеуге көңіл бөледі. Қант диабетімен өмір сүретін адамдар үшін терапияның инновациялық әдістерін пайдалана отырып шешімдер ұсынады. Сонымен қатар ересектер мен балаларға арналған қант диабеті туралы ақпараттық материалдардың басын құруға бастамашы болып келеді. Компания биыл және келер жылы халықты қант диабеті жөнінде ақпараттандыру бойынша жұмысты жалғастырады, – деді компания басшысы.
Конференция соңында тараптар қант диабетіне шалдыққан пациенттерді емдеуде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін күш біріктірудің маңызын атап өтті.