Алғаш рет ұйымдастырылған фестивальға арнайы келген қонақтар қатарында және қазылар алқасының құрамында Райымбек Сейтметовтің өмірдегі, өнердегі досы, театр және кино актері, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азат Сейтметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Сраилов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы, профессор Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Балтабай Сейітмамытов, Райымбек Сейтметовтің жары Нинель Малдыбекқызы, Қадыр Мырзалиевтің жары Сағатай Мырзалиева бар. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестивальдың ашылу салтанатында құрметті қонақтар мен қатысушы театрлар қызыл кілемнен жүріп өтті. Содан соң тау тұлға туралы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қиын-қыстау кезеңде киелі Түркістанда театр негізін қалаған Райымбек Сейтметовтің ерен еңбегін ескере отырып, өнер мерекесін туған жерінде ұйымдастыру заңдылық екенін атап өтті. «Бүгінде өңірде көптеген мәдениет ошағы салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Оның ішіндегі кәсіби 3 театрымыздың еңбегін мақтанышпен айта аламыз. Театр ұжымдары республикалық, халықаралық байқауларда үздіктер қатарынан көрінуде. Сіздерге осы рухани демалыс сәті үшін, облыс басшылығы мен қала тұрғындары атынан алдын ала шынайы ризашылығымды білдіремін», деді облыс әкімінің орынбасары. Фестиваль шымылдығы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Отелло» трагедиялық шығармасымен түрілді. Қазақ кәсіби театрларының өнерін насихаттау, театр өнерінің қазіргі келбетін таныту, өзара тәжірибе алмасу, шеберлік-сағаттарын өткізу және шығармашылық тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал ету, дарынды театр әртістері мен режисерлерді анықтау, сонымен қатар оларды ынталандыру, театрлардың танымалдылығын арттыру мақсатындағы фестивальға өнер саласына еңбегі сіңген театр сыншылары мен кәсіби мамандар төрелік етті.
Фестиваль барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Мөлдір Оңдасынова министрдің құттықтаухатын оқып, табыс етті. Сондай-ақ Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова біртуар азамат және соның атында өткізілген фестиваль туралы пікір білдірді. Сонымен өнер сайысының қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен «Көрермен көзайымы» аталымымен Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» аталымымен Алматы қаласының «Жаңа ғасыр» театры, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» аталымымен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі, «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымымен Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі, «Үздік әйел рөлі» аталымымен Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртісі, «Үздік ер адам рөлі» аталымымен Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртісі, «Заманауи тақырыпты игергені үшін» аталымымен Абай облысының Семей «Дариға-ай» жастар театры, «Үздік көркемдік шешім» аталымымен Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, «Үздік актерлік ансамбль» аталымымен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, «Үздік режиссерлік шешім» аталымымен Жамбыл облыстық орыс драма театры, «Райымбек Сейтметов атындағы арнайы сыйлық» аталымымен Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры марапатталды.
Райымбек Сейтметовтің дауысымен жазылған «Түркістан» өлеңінің бейнетуындысымен басталған жабылу салтанатында жеңімпаздар құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды. Іс-шара соңында Қадыр Мырзалиевтің «Актер» өлеңін Айдар Наурызбаев оқып берсе, дәл осы туындының әнін Райымбек Сейтметов театрының әртістері шырқады.
ТҮРКІСТАН