Қаржы • 14 Қараша, 2023

Зейнетке шығарда еңбек кітапшасы талап етіле ме?

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10 қазан күні Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтардан зейнетке шығу кезінде еңбек кітапшасы талап етіле ме, жоқ па деген сауалға «Азаматтың жұмыс орны еңбек кітапшасын цифрландырса, ол еңбек базасында сақталады, мұндай жағдайда еңбек кітапшасы қажет емес» деген мәлімдеме жасаған болатын, деп жазады Egemen.kz

Зейнетке шығарда еңбек кітапшасы талап етіле ме?

Министрдің бұл жауабы қоғамда қызу талқыланып, тұрғындар санасында сауал туындатты.

Светлана Жақыпова бұл мәселе бойынша жұмысшы азаматтарды шартты түрде екі топқа бөлуге болатынын айтты. Олар: 1998 жылға дейін еңбек өтілі барлар және бұл кезеңнен кейінгі еңбек өтілі бар ел тұрғындары. Себебі Қазақстанда міндетті зейнетақы жарналары жүйесі 1998 жылдан бастап жұмыс істей бастады.

Бірінші топ зейнетақы алу үшін мынадай құжаттарды тапсыру керек:

еңбек кітапшасы;

ерлер үшін әскери билет;

әйелдер үшін балаларының туу туралы куәліктері;

күндізгі бөлімнің дипломы.

Еңбек кітапшасы - 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растайтын негізгі құжат.  Бұл талап Кеңес Одағы кезеңінде жұмыс істеген адамдарға қатысты. Мемлекет аталған азаматтарға да зейнетақы төлейді. Ол үшін еңбек кітапшасындағы барлық жазбалар расталу керек. Құзырлы орган егер зейнетақы алуға өтініш беруші еңбек өтілін растамаса көрсетілген мерзім есепке алынбауы мүмкін екенін ескертеді.

Ал 1998 жылға дейін жұмыс істемеген азаматтардан еңбек кітапшасы сұралмайды.

1998 жылдан кейін жұмыс істей бастағандар үшін еңбек өтілі тек зейнетақы аударымдары, салымшы қаражатының түсуіне қарай есептеледі. Мамандар толық базалық зейнетақы алу үшін штаттан тыс жұмыс істейтіндер мен фрилансерлерге де міндетті зейнетақы аударымдарын жасауға кеңес береді. Зейнетақы капиталын жасаған адам өмірден ерте кетсе, оның жиған соммасы келісімшартта көрсетілген көлемде ғана балалары мен жұбайына мұраға қалады.