Қоғам • 14 Қараша, 2023

Су мәселесінде Қырғызстанмен келісім жасалды

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру туралы келісімге келді. Бішкекте өткен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келіссөз жүргізді.  Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіру бойынша іс-шаралар атқару туралы шешім қабылданды,  деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Су мәселесінде Қырғызстанмен келісім жасалды

Фото: gov.kz

«Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылық министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесіп, Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияға тиісті тапсырма жүктелді. Елімізге су жіберуді жақсарту үшін мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейту қажеттігі де айтылды. Бұл  тізбеге Күркіресу өзеніндегі құрылыстарымен «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төментамға» арналарын, Шу өзеніндегі «Колос» каналын және Талас өзеніндегі құрылыстарымен бірге «Кож» каналын енгізуді ұсынады», делінген ақпаратта.

«Биыл Жамбыл облысының шаруалары Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде суармалы су тапшылығын сезінді. Сондықтан осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қырғыз әріптестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды», деді Н.Нұржігітов.  Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияның келесі отырысы 14 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді.

Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов бұған дейін  Қызылорда, Түркістан облыстарына  су жіберу жөнінде Өзбекстан тарапымен де келісім жасасқан болатын.