Есімін «Жалын» республикалық жастар журналында жарияланған «Кішкене күн» әңгімесінен білетін Мәлік ағамен Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінің редакциясына тілші болып жұмысқа орналасқан кезімде таныстым. Хат бөлімінің меңгерушісі екен. Редакция басшылығының оны осы қызметке неге қойғандығының себебін кейін білдім. Мәкең жер-жерден ағылып келіп жататын хаттардың біразының авторлары облыстық партия комитетінің беделді органынан әділдік күтетін қарапайым азаматтар екенін ескеріп, олардың мұқтаждықтарын орындауға аянбай күш салады екен. Бұл жұмысына қазақ және орыс тілдеріне бірдей жүйріктігінің тигізетін пайдасы зор болып шықты. Себебі ол кезде – кеңес өкіметі тұсында Қызылжар өңірінде іс қағаздары тек орыс тілінде жүргізілгендіктен, жергілікті партия және кеңес органдарына редакцияның атынан жолданатын қатынас қағазды сауатты жазу талап етілетін. Оның үстіне Мәлік аға әділетшіл, бірбеткей мінезінің арқасында «қадалған жерінен қан алатындай» табандылық танытып, талай көкейкесті мәселенің оң шешілуіне ұйытқы болған. Бұған өз басым «Ленин туының» Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүргенімде көз жеткіздім: Мәкең бір ауылда тракторшы болып істейтін қыздың жаңа трактор ала алмай, қиындық көріп жүргендігі туралы жазылған хатты маған тексертіп, газетке сын мақала жаздыртты. Онымен қоймай, тиісті орындарға осы жөнінде редакция атынан қатынас қағаз жазып, ақыры тракторшы қарындасымызға су жаңа трактор берілуіне қол жеткізді.
«Батыр болсаң, жау қайтар» дейді қазекем. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында КСРО компартиясының бас хатшысы Михаил Горбачев жариялаған қайта құру мен жариялылық саясатын пайдаланып, «Біз Ресейді қалай көркейтеміз?» деген атышулы мақаласын жазған жазушы Александр Солженицыннің айтағына ерген Петропавл қаласындағы казачество өкілдері сепаратистік пиғылдарын ашық айта бастаған. Бұл жергілікті қазақтардың ашу-ызасын туғызған. Сол бір сын кез Мәлік ағаның ел мен жер тұтастығы үшін күрескен саясаткер журналист деңгейіне көтерілуіне түрткі болды.
– Жайнап тұрған жаз айы болатын. Казактар саяси ағарту үйінің алдында рұқсатсыз митинг өткізуге жиналып жатқанын естіп, біз, бір топ қазақ жігіті жүгіре басып жеттік. Бір кезде казактардың біреуі өзімен бірге ала келген КСРО-ның етектей қызыл туын желбіретіп қадай бастады. Оны бәріміз де бірден байқадық. Ал Мәлік болса біздей ойланған жоқ: қызыл туды жұлып алды да, лақтырып жіберді. Абырой болғанда, едірейген казактар туға жармаспады. Мәлікке де тарпа бас салмады. Мәлік Мұқанов, міне, осындай еді. Күрескерлік оның болмысына біткен қасиет-ті, – деп еске алады белгілі журналист, ақын Болат Қожахметов.
90-жылдары Петропавлда бір топ шовинист әртүрлі арандатушылық әрекеттерге барып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан қазақтар мен орыстардың арасына ши жүгіртуге тырысқаны белгілі. Ал оларға қарсы күрестің басында Мәлік аға жүрді. Оның, әсіресе қазақ тілінің мүшкіл халі туралы орыс тілінде айтқан салиқалы сөздері, жазған ойлы мақалалары жергілікті орыс зиялыларының тарапынан қолдау тауып, қоғамдағы этносаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтауға септігін тигізді. Мәкең тіпті бір шектен шыққан арандатушыны сотқа сүйреп, ақыры темір тордың арғы жағына тоғыттырды. Сол жолы оның ұлты орыс судьяға: «Сіз егер бұл арандатушыға әділ жазасын бермесеңіз, онда сіз де мұның айтқандарын қолдайтын болғаныңыз, сіз де «қазақ тілі – жабайылардың тілі, қазақтардың өздері нас, надан» деп санағаныңыз», деген өткір сөзі көздеген нысанасына дөп тиген екен.
1991 жылы желтоқсан айының ортасында Петропавлда казактардың жиыны өткізіліп, оған Ресейдің көршілес Омбы мен Қорған облыстарындағы казачество өкілдері қатысты. Бұған жергілікті қазақтар наразылық білдіріп, 7 сағатқа созылған бойкот жариялады. Сол себепті казактар жиынды соңына жеткізе алмай, тоқтатуларына тура келді. Алайда содан кейін жергілікті университеттің басшылығы бойкотқа қатысқан қазақ студенттерін қудалай бастады. Осы туралы Мәлік аға екі тілде «Араздықты қоздырудың тағы бір түрі» деген мақала жазып, газеттерде жариялаған соң ғана жастарды қудалау сап тыйылды.
1992 жылы жазда Сібір казачествосы Петропавлда тағы бір үлкен жиын өткізіп, күн тәртібіне Солтүстік Қазақстан облысын Ресейге қосуды талап ету мәселесін шығармақшы болды. Мұны естіген иісі қазақтың қаны басына шапшыды. Ал Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында тұратын жүзден астам жігіт «Азат» азаматтық қозғалысы белсенділерінің ұйымдастыруымен пойызға мініп, Қызылжарға тартқан. Осы жайлы хабар құлақтарына тиген Солтүстік Қазақстан облысының басшылары қатты сасып, ықтимал қантөгістің алдын алу қамына кіріседі. Сол кездегі әкім Владимир Гартман дереу ел ішінде беделі зор Мәлік Мұқановты шақырып алып, шиеленісті ушықтырмауға көмектесуін сұрайды. Ақылдаса келе, Мәкең бастаған бірнеше беделді азамат жаңатастықтардың алдынан шығып, келіссөз жүргізу үшін арнайы көлікпен Ақмола қаласына аттандырылады. Алайда олар ашуға булыққан жастарды Ақмолада пойыздан түсіре алмай, Петропавл қаласынан алпыс шақырымдай жердегі Смирново стансасына дейін үгіт жүргізіп, сол жерде әрең тоқтатады. Жаңатастықтар сол кезде «Халық кеңесі» республикалық газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі ретінде өзекті де өткір мақалаларымен елге танылған Мәлік ағаның сабырға шақырған сөзіне ойланып, ашуды ақылға жеңдірген еді.
Мәкеңнің журналистік дарыны «Халық кеңесі» жабылғаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық телеарнасының шолушысы болғанында да жарқырай көрінді. Ол жүргізетін «Оқиғалар ортасында» сенбілік апталық шолу хабарын Қызылжар өңірінің тұрғындары ерекше ықыласпен тамашалайтын. Шенеуніктерге жарамсақтануды білмейтін журналистің республика мен облыста болған маңызды оқиғалар хақындағы сыни пайымы ешкімді бейжай қалдырмайтын. Мәкең апталық шолу хабарын құрастырып болған соң сол кезде телеарна басшысы болып істейтін маған: «Мен айтар сөзімді айттым, қалғанын өзің білесің...», деп айтып кетуші еді. Бірақ ол сын айтудың жөні осы екен деп, шектен шықпайтын.
Облыстың қоғамдық-саяси өміріне араласып, Қызылжар жұртшылығына кеңінен танымал қоғам қайраткеріне айналған Мәлік аға 1994 жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ол бір мандатты сайлау округінен баламалы негізде сайланған халық қалаулысы ретінде сайлаушылар мүддесін қорғауда да ерекше белсенділік танытты.
– 1995 жылы облыста әлеуметтік-экономикалық жағдай өте ауыр болды. Облыстық мәслихаттың бір сессиясында сол кездегі облыс әкімі Владимир Гартман есеп беріп: «Жылу жоқ, газ жоқ, көмір жоқ, ақша жоқ, қайдан алуды білмейміз», деп жылаңқырай бастап еді, Мәлік орнынан атып тұрып: «Онда сіз бұл жерде неге тұрсыз? Бұл сөзді бізге жылу-электр орталығының от жағушысы да айтып берер еді ғой. Ал халықты қараңғылықта тоңдырып-жауратып отырған, қолынан түк келмейтін сіздердей басшыларды орнынан алмақ түгіл, соттау керек», деп өзінше нығызсып тұрған әкімді бәріміздің айызымызды қандырып, жерден алып, жерге салып еді, – дейді облыстық мәслихатттың экс-депутаты Сабыр Сеңкібаев.
Облыстық мәслихаттың 1996 жылы 26 сәуірде болған сессиясында сөз алған депутат Мәлік Мұқанов: «Мемлекет ауыл шаруашылығына көмектесе алмайтынын көріп отырмыз. 1994 жылы мемлекеттік тапсырыс нағыз Драконның әдістерімен орындалды. Ол үшін шаруашылықтар әлі күнге есеп айырыса алмай отыр. Мемлекет халық алдында қарыздар. Көп жыл бойғы алдау әлі де жалғасып жатыр», дей келіп, жергілікті коммерциялық құрылымдар 1 тонна бензин үшін шаруалардан 2,7-2,8 тонна ғана бидай сұрағанымен, оларды көзге ілмеген облыс басшылығының қолдауына сүйенген көршілес Көкшетау облысының «Синегорье» компаниясы жергілікті шаруашылықтарды тақырға отырғызып, 1 тонна бензин үшін 4 тонна астық алғанын, мұның өзі өңірдің ауыл шаруашылығы саласына ауыр соққы болғанын әшкерелей айтты. 1997 жылы күзде болған бір сессияда Мәкең: «Шетелдік компаниялар елді тонап жатыр. Өйткені билік төменгі буыннан бастап жоғары жаққа дейін сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батып отыр. Мен мұндай үкіметтен түңілдім. Жағдайдың түзелетініне еш үмітім қалмады», деп күйзеле сөйледі...
Мәлік ағамыз ақжарқын, жалғандық атаулыға жаны қас, өтірік көлгірсуді білмейтін, кімге болса да айтар сөзін бет-жүзіне қарамай, тура айтып салатын, шыншыл да бірбеткей мінезді адам еді. Журналистік беделі зор бола тұра, шенеуніктерден өзінің жеке басының мәселесін шешу үшін бірдеңе сұрап көрген емес. Тіпті өмір бойы жазған өлеңдері мен әңгімелерін бір жинақ етіп шығару үшін қаржысы жетпей жүргенін айтқаны бар. Оның бұл жоспары көзі тірісінде жүзеге аспай, қайтыс болғаннан кейін «Алуа – менің айдыным» кітабын Әдия Ысқаққызы жеңгеміз шығартты.
Мәкеңнің адамгершілігі зор еді. Кісілік жолынан жығылып көрген емес. «Әлі есімде, тоқсаныншы жылдары Петропавлға Мұрат Әуезов пен Петр Своик бір шаруаларымен келетін болды. Сол кезде бұл екеуі де оппозицияда болғандықтан, үкімет тарапынан қағажу көріп жүрген еді. Сонда Мәкең өзімен сыйлас жігіттерді жинап алып: «Мұрат – асылдың тұяғы ғой. Мүмкін, қателіктері де бар шығар. Бірақ шенеуніктер қуғынға ұшыратты екен деп, біз сыртқа теппейік, жақсылап қарсы алайық», деді», деп еске алады Сабыр Сеңкібаев.
Мәлік аға өзі таңдаған журналист мамандығына адалдық үлгісін көрсетіп өтті. «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі болып жүргенінде де талай кемшіліктің бетін ашып, елге жариялады. Жоғары жаққа өтірік ақпар беретін әкімдерді дәлелді түрде әшкерелеу үшін қасына облыстық телеарнаның журналисі мен операторын ертіп алып, көзге ұрып тұрған кемшін жайларды бейнетаспаға түсірткізетін әдеті де бар еді. Ал осындай іссапарға бірге барған әріптестері Мәкеңнің газетке шыққан сын мақаласын оқып, оның журналистік шеберлігіне тәнті болып жататын.
Мәкеңнің ақындығын біреу білсе, біреу білмейді. Терең ойлы ақын еді. «Бір ашу керек» өлеңінде:
Тынышын күннің өмірде ту қып өтсек те,
Барша есіктерге тек күліп қана енсек те,
Алыс пен жақын сөзіне бірдей сенсек те,
Кешірімділікті қаншама керек десек те,
Намысқойларды таңсақ та неше өсекке –
Зұлымдық асып, бел алған кейбір кездерде
Ұялмас үшін қадалған сәби көздерден
Бір ашу керек әрі өр, әрі кесек те - деп жазған екен Мәлік ақын.
Мұндай ашу оның сонау қилы кезеңдегі ерлікке пара-пар іс-қимылынан, айтқан сөзінен, жазған мақаласынан анық сезіліп тұратын.
Ол қасиетті қаламын ақтық демі таусылғанша қолынан түсірген жоқ. Дауасы жоқ дертке ұшырап, онкологиялық диспансерде емделіп жүрген соңғы күндерінде жазған «Тірі аруақтардың мұңын кім мұңдайды?» деген ақырғы проблемалық мақаласы сай-сүйегімізді сырқыратқан еді...
Өзі де өр әрі кесек тұлға еді ғой, жарықтық.