Қаржы • 14 Қараша, 2023

Қаржылық сауат алаяқтықтан сақтайды

237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір алаяқтардың арбауына түсіп, қас пен көздің арасында қыруар қаржысынан айырылып қалып жатқандар көп. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті биылғы 10 айда «Q-Net» қаржы пирамидасы ұйымына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады. Сотқа дейінгі тергеп тексеру кезінде 53 млн теңге көлемінде 40 адамға келтірілген залал толығымен өндіріліп, 47 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған.

Қаржылық сауат алаяқтықтан сақтайды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы уақыт аралығында талайлар­ды тақырға отырғызып кеткен «Chia-­Tai» қаржы пирамидасының Қызыл­ор­да қаласындағы құрылымдық бөлім­шесін басқарған күдікті де қамауға алынды. Кәдімгі қаржы пирамида­сын инвестициялық ұйым ретінде көр­се­тіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде бергендер былтырғы қараша мен биылғы сәуір аралығында көптеген азаматтың сеніп тапсырған қаржысын басқа мақсатқа жұмсап келген.

Қызылорда облысы бойынша Эко­­­номикалық тергеп-тексеру депар­таментінің басшысы Бақыт Қайшы­беков адамдардың алаяққа жем болуы­ қаржылық сауаттың кемдігінен болып отырғанын айтады. Осыған байланысты департамент құмар ойын­ның құрбаны болудың алдын алуға, күмәнді қаржылық пирамидалар мен ойындарға қатысудан бас тартуға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырып отыр.

– Облыстық қоғамдық даму бас­қар­масымен бірлесіп, біздің мамандар аудандарда кездесулер өткізіп жүр. Облыстық телеарнамен бірлесе жаса­ған бейнеролик «Азаматтарға арналған үкімет» залдарында, сауда орындарында, қала көшесіндегі LED экрандарда көрсетіліп тұр. Алайда «ақшамды еселеп көбейтіп аламын» деген үмітті малданып жүргендер азаймай отыр, – дейді департамент басшысы.

Биылғы оқу жылы басталғалы бері департамент мамандары 15 орта мектепте, 5 колледжде, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен «Болашақ» университетінде «Қар­жылық сауаттылық негіздері» тақы­рыбында 22 семинар-сабақ өткізді. Мамандардан жасақталған спикер­лер тобы барлық ауданда болып, еңбек ұжымдарында, жастар орталығында кездесулер ұйымдастырды.

Әлеуметтік желі арқылы жоқ жерден олжалы болуға шақырып, жұртты желіктіретін жарнамалық сайттар мен сілтемелерге «Кибернадзор» ақпа­рат­тық жүйесі арқылы мониторинг жасалып отыр. Осы арқылы департа­мент мамандары 220 сілтемені бұғаттап, ­2 000 адам заңға қарсы контенттен ­бас тартты, 3 аккаунт жойылды.

Жыл басынан бері департамент өндірісіндегі 36 істің 14-і өндіріс­пен аяқталыпты. Құқық қорғау орган­­да­рымен бірлескен бұйрық негі­зінде жедел-тергеу кабинеттері бейнекамера­мен жабдықталған. Тергеу жұмыстары нәтижесінде, мемлекетке келтірілген 200 млн теңге залалдың 145 млн теңгесі өндірілді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін департамент барлық қылмыстық істерді электронды форматта тіркеп, жүргізіп отыр.

Осы 10 айда жедел іздестірудің нәти­жесінде, көленкелі экономика ба­ғы­тындағы 21 қылмыстық іс тір­келді. Әрине, оның арасында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қа­тыс­ты фактілер де бар. Департа­мент ма­­мандары осы бағытта 7 істің ал­тауын аяқтап, сотқа жолдаған.

Талай отбасына ойрандап, тағдыр­ларды талқан еткен заңсыз ойын биз­несінің де саябыр табар түрі жоқ. Соңғы 2 жылда департамент өндірі­сінде осындай 22 қылмыстық іс болып, 20 ойын орны жабылса да бір сәтте байып кетуді көксейтіндер азаяр емес. 

– Бізде қаладағы банктердің бірін­де қызмет істей жүріп 600 млн теңге көлемінде қаржы жымқырған азамат­қа қатысты қылмыстық іс аяқталуға жақын, – дейді Бақыт Сапарғалиұлы.– Сенесіз бе, тергеу барысында оның ұрланған ақшаның басым бөлігін құмар ойындар мен онлайн казиноларға жұмсағаны анықталды. Ол өз атынан тіркелген логиннің есепшоты арқылы бір ғана букмекерлік сайттың өзіне 160 млн теңге көлемінде ақша аударған. Бұл бүгінгі қоғам үшін ойынқұмарлық қауіпке айнала бастағанын көрсетеді.

Қандай қылмыс жасалса да жазалаудан гөрі оның алдын алу, болдырмау маңызды. Осы бағыттағы тал­дау нәтижесінде департамент «Қы­зылорда-Жезқазған» автожолын салып жатқан мердігер компанияның бірінің күмәнді кәсіпорынмен 315,5 млн теңге көлемінде өзара есеп айырысқанын және жанар-жағармайды нарық баға­сынан 3 есе қымбат бағада алғанын анық­тады. Осы дерек бойынша тиісті шаралар қолдану үшін «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ға ескертпе хат жолданды.

Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру және қымбатшылықтың алдын алу жұмыстары бойынша да шараларға ерекше көңіл аударады. Облыс әкімі жанынан құрылған комиссияда ай сайын жергілікті азық-түлік тауарларына делдалдар қойған бағалар қаралады. Осы комиссияға 18 заң бұзушылық туралы ақпарат жолданып, тауар құнын негізсіз өсірген көтерме саудагерлер әкімшілік жауап­кершілікке тартылды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар

Көп күттірген күрежол ашылды

Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

Экология • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Ілкімді жобалар ілгері оздырады

Экономика • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

Маман • 07 Желтоқсан, 2024