Алматы • 14 Қараша, 2023

Жүгенсіз жүргізушілер азаяр емес

184 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мас күйде көлік тізгіндеу заңға да, арға да сыймайтын қылмыс екенін біле тұра, өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне немқұрайды қарайтындар азаймай тұр. Жыл басынан бері Алматы полицейлері қала көшелерінде 1 718 мас жүргізушіні жауапқа тартқан. Өкініштісі сол, мұндай азаматтардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары талай жанның өмірмен қоштасуына алып келген.

Жүгенсіз жүргізушілер азаяр емес

Көлік саны қарқындап өсіп жат­қан мегаполисте жол-көлік оқиғалары­­ның болуы қалыпты жағдайға айналған­дай. Ертелі кеш жүйке жұқартар кептелекте сағаттап тұрудан сарсаң болған жүргізушілер еңбекпен тап­қанын «Сергекке» беруден де сес­кенбейтін болған. Бұған дәлел бір ере­жені айналасы аз уақытта бірнеше рет бұзып, жүргізуші куәлігімен қош айтысқандар көп.

Тәртіп сақшылары биылғы он айда жол жүру ережесін бұзудың 1 млн 582 мың дерегін анықтап, сот шешімі­мен 2 443 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Ал жыл басынан бері тіркелген 2 991 жол-көлік оқиғасының салдарынан 84 адам қаза тауып, 3 211 азамат түрлі жағ­дайда жарақат алыпты.

– Қала жолдарындағы жағдайға департамент полицейлері күн са­йын талдау жүргізеді. Жедел-профи­лак­тикалық іс-шаралар мезгіл сайын өтіп тұрады. Дегенмен жол ережесіне бармақ басты, көз қысты қарайтындардың қатары қалың. Мегаполисте «Қорғау – қауіпті жүр­гізуші» автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Ол қозғалыстың қарсы жолағына шығатындарды, жалған нөмірлік белгілерді пайдаланатын жол қозғалысы ережелерін бұзушылар­ды, көлік құралын басқару құқығынан айырылған, бірақ соған қара­май, көлік жүргізетіндерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл іс-шаралардың барлығы Алматыдағы жол жағдайын бақылауға көмектеседі, – дейді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

екн

Полиция дерегінше, жол ережесін елемейтін жүргізушілердің дені көлік тізгініне енді отырған тәжірибесі аз азаматтар. Тиісінше ұзақ жылғы тәжірибесі бола тұра, жылдамдықты шамадан тыс асырып, оқыс қозғалыс жасау арқылы басқа көліктерге кедергі келтіретін жүргізушілер де кездеседі.

Сөз басында атап өткеніміздей, өз қызметін асыра пайдаланып, сенімділік синдромына ұшыраған жүргізушілер де жоқ емес. Ондайлардың кесірінен қызмет бабындағы полицейлер мен өзге де азаматтар зардап шегіп жатады. Бірер жыл бұрын бақылау-өткізу бекетін күзетіп тұрған қос бірдей полиция қызметкерін, ішімдікке сыл­қия тойып алған бұрынғы әріптестері көлікпен қағып, ажал құштырған болатын. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Ең бастысы, осындай келеңсіздіктердің жиілеуі, «көсеуі ұзынның қолы күймейді» деген сөз қоғам үшін сенімділік синдромына айналып кетпесе дейсің.

«Елімізде жол апатынан жылы­на үш мыңға жуық адам қаза табады. Зерделеп қарасақ, бұл бір ауылдың тұрғындарына жуықтайды. Адам капиталына үлкен шығын, қаншама азаматтарымызды жоғалтып отырмыз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейдегі мәселе есебінде қарауы­мыз керек. Көлік апаттары техника­лық ақаулардың себебінен болыпты дегенді естімейміз. Көбі адами фактордан, азаматтардың салғырттығы мен жауапкершілігінің төмендігінен белең алуда. Бүгінде арақ ішіп, көлік тізгініне отырғандар көбейді. Сон­­дай-ақ жүргізуші куәлігін алу мәселесін оңайлатып жібердік. Бұл – жеңіл қарайтын іс емес. Жүргізушілер­дің жауапкершілігін оятып, түрлі ке­леңсіздіктердің алдын алу үшін заңды барынша күшейту керек. Масаң күйде көлік жүргізгендерді 7 жылға көлік жүргізу құқынан шектеу немесе бірер ай қамауда ұстау жеткіліксіз. Мұның өте үлкен қылмыс екенін адамдар се­зінуге тиіс. Әлемдік тәжірибеге сү­й­енсек, Сингапурда мас күйінде кө­лік тізгіндегендер жүргізуші құқы­ғы­нан айырылып үлкен көлемде айып­пұл төлегені өз алдына, мемлекет заңын сыйламағаны үшін оған дүре соғылады. Ал Қытай мен Таиландта мас күйде көлік тізгіндеп, кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін жүр­гізуші өлім жазасына кесілуі мүм­кін», дейді қоғам белсендісі Олжас Есенбаев.

Ережені мың жерден күшей­т­кен­мен, әр азамат жауапкершіліктің сал­мағын тереңнен сезінбесе қиын-ақ. Айт­пақшы, алматылық жүргізушілер тех­никалық регламент талабына сай ­1 желтоқсан мен 1 наурыз аралы­ғын­да қысқы дөңгелекпен жүруге міндет­ті. Қысқы уақытта жазғы дөңгелек­пен жүрген жүргізуші анықталған жағ­дайда полиция қызметкерлері айып­пұл салуға құқылы. Мұндай бұзу­шылық үшін айыппұлдың ең төменгі мөлшері 5 АЕК құрайды, егер бір жыл ішінде жүргізуші осындай құқық бұзушылықты қайта жасаса, онда айыппұл 10 АЕК-ке дейін артады.

 

АЛМАТЫ