Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қаптаған үйірмеден қайыр бар ма?
Облыстық мәслихат төрағасының өкіміне сәйкес құрылған депутаттық жұмыс тобы аудандар мен Тараз қаласындағы мәдениет саласына қарасты мекемелердің жұмысымен танысқан. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне зер салсақ, бірқатар мекеменің шығармашылық жұмыстары мен құжаттарында ішінара кемшіліктер анықталыпты.
«Мемлекеттік мекемелердің қаржы жоспарын жасауда бюджет қаражатын артық жоспарлағандықтан қаржы толық игерілмеген. Бұл – бюджет қаражатын бөлуді жоспарлау барысында тиянақты зерттеулер мен сараптаудың өз дәрежесінде жүргізілмеуі салдарынан болатын жағдай.
Осыған орай зерделеу жұмыстары барысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған жеке шығармашылық үйірмелерге жергілікті бюджеттен 2023 жылға 1 112 500 мың теңге қаражат бөлінген. Осы жылдың бірінші шілдесіндегі дерекке қарасақ, қызмет көрсетуші саны 48-ді құрап, 4-17 жас аралығындағы 5 626 балаға қызмет көрсетілген деген ақпарат берілді.
Осы бағытта жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында облыстық бюджеттен қарастырылған қаржының мақсатты жұмсалуына бақылаудың мүлдем жоқтығы анықталды. Себебі Мемлекет басшысының жарлығымен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылған. Осыны ұтымды пайдалана білген кейбір кәсіпкерлік нысандары artsport.edu.kz сайтына тіркеліп, тиісті құжаттарды жіберу арқылы қаржы алып отыр.
Әрине, өте сапалы қызмет атқарып отырған кәсіпкерлер де жоқ емес. Дегенмен үйірме қызметімен таныспақ болған жұмысшы топтың мүшелері үйірме қатысушылары түгілі үйірме өтетін ғимаратты таба алмай қалған кездері болды.
Мысалы, Тараз қаласындағы Жібек жолы көшесі, 81Б мекенжайында орналасқан деп көрсетілген жеке кәсіпкер Д.Турабековтің ғимаратын табу мүмкін болмады. Осы іспетті «Suret design» жеке кәсіпкерлік нысаны көрсеткен Сүлейменов көшесі, 70 үй мекенжайында тұратын адамдар бұл мекеме туралы білмейтінін айтты.
Осыған ұқсас 38 баланы үйірмемен қамтып отырған Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 128 үйінде орналасқан ЖК «Dlight» ғимараты жабық тұрды. Көрші орналасқандар бұл үйірменің жұмысынан хабарсыз екендіктерін айтты», дейді Фарида Жүнісова.
Облыстық мәслихаттың депутаты келтірген уәжге сүйенсек, үйірмелердің жұмысын жүргізу мақсатында қазынадан қомақты қаражат қарастырылғанына қарамастан, тиісті жұмыс өз деңгейінде жүргізілмегенін аңғаруға болады. Сонда бақылауға тиіс басшылар қайда қарап отырған? Тым құрығанда үйірме жұмыстарымен толықтай танысуға кім кедергі келтірді екен?
Халық қалаулысының айтуынша, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін үйірме жұмысын жүргізудің мәні зор. Әйткенмен талапқа сай жабдықталған бөлмелердің жетіспеушілігі үлкен мәселеге айналған. Бұл да назар аударарлық проблема екені даусыз.
«Қазіргі кезде көптеген елді мекенде үйірме сабақтары сахнада өтіп жатыр. Осы іспетті көркемөнерпаз жанры бойынша үйірмелерге қажетті аспаптар, құралдардың жетіспеуі орын алып отыр.
Сонымен қатар облыстағы ірі ауқымды іс-шараларды жүзеге асыратын, мәдениет үйлері мен клубтардың қызметін үйлестіріп, әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдары мен үйірмелеріне әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету жұмыстарын атқаратын жалғыз мекеме облыстық халық шығармашылығы орталығын талаптарға сай ғимаратпен қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр.
Осы мекеменің 2016-2021 жылдар аралығында Тараз қаласы, А.Асқаров көшесі, №47 мекенжайында орналасқан ғимараты облыстық халық шығармашылығы орталығының теңгерімінде болған. Алайда 2021 жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаржы басқармасының бұйрығы негізінде ғимарат Тараз қаласының білім бөлімінің теңгеріміне өтеусіз өтіп кеткен. Осы жерде ауқымды іс-шараларды өткізуге жауапты мекеменің қажетті ғимаратын облыс әкімдігінің мәдениет басқармасы басшылығы еш қарсы дәлелді уәж айтпастан бере салғаны түсініксіз», дейді депутат.
Облыстық мәслихат депутаты келтірген деректерге жүгінсек, салада ілкімді іс-шаралар жүзеге асып жатқанына қарамастан, көкейкесті мәселелердің аз еместігін де аңғара түсеміз...
Салынған нысандарда сапа жоқ
Басқаны былай қойғанда мәдениет саласына мемлекет тарапынан да, жергілікті атқарушы билік тарапынан да айрықша қолдау көрсетіліп жатқанына ешкімнің таласы жоқ. Жыл өткен сайын өңірдің елді мекендерінде ондаған мәдени нысандар бой көтеріп жатыр. Алайда жаңадан салынған нысандардың сапасы көңіл көншіте ме?
«Жаңадан салынып жатқан мәдениет нысандарының сапасының нашарлығы, аталған нысандарда кемшіліктің көптігі байқалып отыр. Оның негізгі себебі техникалық қадағалаушылардың құрылыс нысандарында жоқтығы десе де болады. Осы себепті құрылыс сапасына байланысты туындаған көптеген сұраққа жауап алу мүмкін болмады.
Мысалы, Қордай ауданы Бетқайнар ауылдық клубының құрылысымен танысу барысында қауіпсіздік шаралары мүлдем сақталмағандығын көрдік. Жұмыс жүріп жатқан ғимарат ішінде әр жерде жерге тақтай төсеп ұйықтап жатқан жұмысшылардан бөлек, жылу жүйесі құбырлары мен электр сымдары бірге оралып, қабырғалар арасына бетондалып тасталған. Осы сияқты кемшіліктер Қақпатас ауылындағы мәдениет үйінің құрылысында да анықталды.
Көрермен залында апатты жағдайға арналған қосымша есік жоқтығынан бөлек, қабырғалардың қиылысқан жерлері ашылып кетіп, ол жерлерге пеноплекс тығындап қойылған. Осы ретте облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы қайда қарап отырғаны түсініксіз.
Осы іспетті бөлек арнайы мәдениет үйі немесе ауылдық клуб ретінде салынған нысандарға кітапханаларды апарып орналастыру нәтижесінде мәдениет үйі қызметкерлері ғимаратқа кіре берістегі киім ілетін орынға орналасу деректері бірнеше ауданда кездесіп, оның ішінде Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы мәдениет үйінің кіреберіс гардеробында отырған 3 маман туралы облыстық мәслихаттың депутаттары фейсбук желісінде пост та жариялаған еді.
Бұл мәдениет нысандарын бастапқыда жобалау барысында кітапханаларға мән берілмейтінінің айқын көрінісі. Осы себепті алдағы уақытта салынатын мәдениет нысандарының жобасын облыстық мәдениет басқармасының мамандарымен келісе отырып жасау қажет деп есептейміз», дейді депутат.
Мәдениет үйі дегеннен шығады. Бүгінде Жуалы ауданына қарасты Ақсай ауылдық округіндегі Қайрат ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы Манастың «ырындай» созылғанын айтып жүргендер аз емес. Тіпті жергілікті басылымдар 8 айда құрылысы аяқталуға тиіс ғимараттың 15 ай өтсе де жартысы да бітпегенін жазып жатыр.
Қайраттағы мәдени нысанның ел игілігіне берілуіне жаңадан сайланған аудан әкімі Жалғас Мұртаза жауап бере ме, әлде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жауапты ма? Әлде құрылысқа жауапты басқа мекемелердің құзырындағы іс пе? Әрине, мердігер компанияны жауаптылар сотқа берер, басқа да шаралар қабылдай жатар. Алайда жауапсыз ұйыммен жұмыс істегендер жауапқа тартыла ма? Кім білсін...
Үкілеген үміт ақталмады
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтерген «Көне Тараз» музейінің халі мүшкіл екені БАҚ беттерінде талай рет жарияланғаны белгілі. Өңір тарихын танытуға тиіс ғимаратқа қыруар қаражат қарастырылса да, елдің үміті ақталмады.
«Көне Тараз» музейінің құрылысын салуға жалпы құны 950, 2 млн теңгеге 2015 жылы келісімшарт жасалған. Өкінішке қарай, көне мұралар мен жәдігерлердің музейі болады деген үміт ақталмады. Қазіргі уақытта ғимараттың шатырынан су өтіп, жертөлесі жарамсыз күйге түскен. Зерделеу барысында ғимараттың сыртқы қабырғаларының гипсокартонмен қапталып, ортасына жылу материалдары салынғаны анықталды.
Тараз қаласының көне келбетіне көрік беретін, елді танытудағы мәні ерекше мәдени ғимараттың тағдыры аянышты халде. Дегенмен қазіргі уақытта сол сапасыз салынған нысанды қабылдап алған басшыларға қандай шаралар қолданылды? Сонда қоғамда орынды реніш туғызғуға себепкер болған, мемлекет қаржысын құмға сіңген судай жоқ қылғандар анықталмай ма?
Біз медицина саласында аудандарда бір медициналық құрал пайдаланылмай тұрса соған шара қолданамыз. Ал мұнда үлкен ғимарат 7 жылдан бері пайдаланусыз тұр. Ғимаратты қалпына келтіру құны шамамен 320 млн теңгені құрайды. Дегенмен нақты сметалық құны сараптама қорытындысы алынғаннан кейін белгілі болады. Сонда осы нысанға бас аяғы 1 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалатын болады», дейді облыстық мәслихат депутаты.
Расында да өңір тарихын танытады деген мақсатта салынған музейдің аянышты күйі кімді де болса ойландырса керек. Мәселе қай саладағы қаражатқа салынғанында емес, сол бөлінген қаржының сұрауы болуға тиіс емес пе? Әлде 8 жыл бұрын бой көтерген ғимаратқа қатысты кемшілік жабулы күйінде қала бере ме?
«Екеуміз таласып бір сахнаға...»
Облыс орталығы Тараз қаласында бір ғана театр ғимараты бар. Өңірдегі театрға қатысты әңгіме қозғала қалса, хитмен жігіттер Қайрат Нұртас пен Сырым Исабаев орындаған «Қос жүрек» әні ойға орала кететіні бар. Сол әндегі «Екеуміз қалап бір гүлді, бұйырады айтшы кімге?» деген тармақты қазақ және орыс театрының қызметкерлері: «Екеуміз таласып бір сахнаға, бұйырады айтшы кімге?» деп шырқап жүрген шығар деген ойға батасың. Өйткені екі театр Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасын бөлісіп жүр...
Өңір театрларына бөлек ғимарат қажет екені талай рет айтылса да, бір шешімін таппай-ақ қойды. Осындайда құдайы көршімізге көз тігетініміз бар. Мәселен, Шымкентте кемі 7-8 театр бар ғой... Ал біз екі театрымызды жарылқай алмай отырмыз...
«Драма театрға көрермен тарту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Себебі қазіргі көрерменнің талғамы жоғары, оларды арзан, дүмбілез дүниемен алдай алмайсыз. Ендігі мақсат – қалай болғанда да театр өнеріне қызығушылығы бар көрерменді тарту. Ал енді А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры үшін аса қажетті білікті кәсіби режиссер, театртанушы мен театр сыншылары сияқты мамандардың тапшылығы және арнайы өнер академиясын бітірген кәсіби жас әртістердің өңірлік жерлерге келмейтіні өзекті мәселеге айналып отыр. Осы себепті бүгінде театрдың режиссері қызметін актриса атқарып отыр.
Театр мамандарының тапшылығының орын алуының басты себебі – Тараз қаласында жас мамандардың әлеуметтік мәселелерін жақсарту мәселесі шешімін таппай отырғандығында. Осы себепті театр қызметкерлерінің жалақысын көтеру, жас әртістердің ай сайынғы пәтер ақыларын бюджет есебінен төлеуге мүмкіндік жасау және олардың арнайы жеңілдетілген бағдарлама бойынша пәтер алуларына ықпал ету мәселесі шешімін табуы қажет.
Әр елдің мәдениеті – рухани айнасы. Өздеріңізге белгілі, елімізде Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Батыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында жаңа театр ғимараттары салынды. Ендігі кезекте Тараз қаласында да заманауи театр ғимаратын салу уақыт талабы болып отыр.
Себебі біздің өңірде 1967 жылы пайдалануға берілгеннен бері қазақ және орыс театры ұжымдары бір ғимаратта 56 жыл бірге жұмыс істеп келеді. Екі театрдың бір ғимаратта отырып еңбек етуі біріншіден, екі ұжымның да шығармашылық жұмыстарының сандық және сапалық көрсеткіштерінің дамып, жақсаруына кері әсерін тигізеді. Өйткені жоспарланған қойылымдар мен мәдени іс-шаралар өткізу үшін театр сахнасы мен көрермендер залын қазақ және орыс драма театрлары бір-бір аптадан кезекпен пайдаланып отыр», дейді Фарида Жүнісова.
Тараз – тарихпен тамырлас шаһар. Өңір мәдениетінде атқарылған жұмыс аз емес. Әйтсе де кеткен кемшіліктің де жоқ еместігі айқын аңғарылып тұрған секілді. Мәдениет саласында кадр тапшылығы орын алып отырғанына ешкімнің күмәні жоқ. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты келтірген дерекке жүгінсек, кейбір ауылдық кітапханалар мен клубтарда маман тапшылығына байланысты экономист, менеджер, есепші және аудитор мамандары еңбек етіп жатыр екен.
Депутаттың айтуынша, 2011 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан «Мәдениет және өнер колледжі» ашылған. Алайда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына енгізілген өзгерістерге байланысты 2013 жылы ашылған оқу орны жабылып, барлық студент Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне ауыстырылған. Осыған ұқсас 2019 жылы облыс орталығында «Музыка» мектеп-интернатын ашу бойынша екі басқармаға (білім мен мәдениет) облыс басшылығы тарапынан нақты тапсырма берілгенімен, мәселе шешімін таппапты. Бұл мәселені өңірдің жаңа басшысы өзі қадағаламаса, өткір мәселенің шешімін табуы қиын секілді.
Тілші түйіні: Мәдениет саласын өркендетуге талай әкімдер мен жауапты басшылар мүдделі болса да, саладағы бірқатар проблема әлі күнге шешімін табар емес. Мәслихат сессиясында көтерілген мәнді мәселелер алдағы уақытта ретімен шешілсе деген тілек көкейде тұр. Әсіресе өңірдегі екі театрды еншісін бөліп бөлек шығарса, өнерсүйер қауым дән риза болар еді. Жергілікті билік мәдениет саласындағы қордаланған мәселеге назар аударатын кез келді...
Жамбыл облысы