Саясат • 15 Қараша, 2023

Еларалық тиімді келісім

171 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Газетіміздің бұған дейінгі нөмірінде Қазақстан мен Қытайдың визасыз режім келісімін күшіне енгенін хабарлаған едік. Қоғамда біраз пікірталас туғызған мәселе жөнінде түрлі әңгіме әлі басылар емес. Осы орайда бірқатар сарапшымен сөйлесіп, қандастардың да пікірін сұрап көрдік.

Еларалық тиімді келісім

Саясаттанушы Әділ Кәу­кенов­тің айтуынша, Қазақ­стан-Қытай ынтымақ­тас­тығы тым тереңде. Экономи­ка­ның бүкіл саласын қамтыған. Мұны тіпті тауар айналымы көр­сет­кіштерінен де көруге болады. «Kazakh Invest» ұлттық ком­паниясының мәліметі бойынша, Қытай Қазақстанға жалпы тікелей инвестиция көлемі бо­йын­ша жетінші орында (2022 жылға 1,4 млрд доллар).

«Қытай – сыртқы сауда серік­тестеріміздің арасында көшбас­шылардың бірі. Аталған елден бірінші кезектегі қажеттіліктерден жоғары технологияға дейінгі тауар­ларды ғана сатып алып қой­маймыз. Сондай-ақ Қазақстан өнім­деріне де сұраныс жоғары. Мәсе­лен, мұнай, газға, пайдалы қазба­лар, сондай-ақ май, ет, соя секілді азық-түлікке қызығады. Қазақ­­стан­дық азық-түлік өндіру­ші­лер­дің басты мақсаты – мысалы, Қы­тай­дың алкоголь мен су нары­­ғы­на шығу. Оның үстіне Қытай тарапы да бұған кетәрі емес. Деген­мен әзірге отандық өндіру­ші­лер мұның тәсілін білмей отыр. Себебі дизайнға, қаптамаға және бас­қа да талаптар өте көп», дейді Ә.Кәукенов.

Оның айтуынша, отандық өнім­дер­ге ең алдымен экология­лық таза, ерекше және табиғи дәміне байланысты қызығады. Алайда бүкіл халық хабарсыз. Қазақстан өнімдерін елімізге қатысы барлары ғана біледі. Сала­ның әлеуеті жоғары.

«Алматы маңында ірі муль­ти­б­рендті автомобиль зауыты орналасқан. Қазақстанның солтүс­ті­гінде тағы бір зауыт жұмыс істей­ді. Ауыл шаруашылығы сала­сында көптеген бірлескен өндіріс бар. Қазақстан Қытаймен ядро­лық өнеркәсіпте тығыз ынты­мақ­тастық орнатқан. Отандастары­мыздың Қытай аумағына оңай баруы өте маңызды. Өйткені саяхаттау, емделу және оқуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қытай студент­терімізді қызықтырады. Біздің кәсіпкерлер Қытай зауыттары мен көрмелерін аралай алады. Енді біз қытайлық инновациялар мен озық ғылыми жаңалыққа жылдам қол жеткізе аламыз. Қазір Қытай электромобильдерімен танымал, олардың телекоммуникация саласында көптеген ноу-хауы бар», дейді Ә.Кәукенов.

Негізі, Қазақстан Қытай азаматтарына 2017 жылы 72 сағатқа визасыз режім енгізген болатын. Бұл жолы Қытай тарапы қазақ халқына жоғары сенім білдіріп отыр. Оның үстіне Қазақстан  Орталық Азия елдерінің ішінде мұндай мүмкіндікке ие жалғыз ел екенін айта кеткен жөн.

«Визасыз режімге қол жеткізу өте қиын. Қытай тарапы барлық үдерісті реттеді. Сондықтан мамыр айында Келісімге қол қойылғаннан кейін ауқымды жұмыс істелді. Шекаралық пункттерінде Қазақстан мен Қытай арасындағы осының бәрі қалай өтуі керектігі туралы келі­сім­дер енгізіліп, үйлестірілді. Осы­лайша, бұл келісім болашақта шетел азаматтарын қабылдауына және есепке алуына мүмкіндік беретін мемлекеттік аппараттың толық жұмысқа қосты дей аламыз. Қытайдың өте үлкен мемлекет екенін ескерсек, алты айдың ішінде бәрін жедел реттедік. Қазақстан – Қытай серіктестігі жан-жақты, мұнда халықтар дос­тығы ғана емес, өңірлер арасын­дағы ынтымақтастық та нығая түседі. Қытайлық туризмнің негізгі ағымы АҚШ, Жапония, Еуропа, Оңтүстік Корея сияқты батыс елдеріне бағытталған. Әзірге Қазақстан – Қытай азаматтары үшін басым туристік бағыт емес. Алайда бұл өзгереді деп үміттенеміз», дейді Ә.Кәукенов.

Мұндай еркіндік бәріне беріле бермейді. Мысалы, Пәкіс­тан – үлкен мемлекет. Бірақ пәкістандықтар визасыз баратын елдер тізімі өте аз, бұл іс жүзін­де бірнеше арал. Тағы бір алпауыт мемлекет Үндістанда да осындай жағдай бар. Бүкіл посткеңестік кеңістік пен Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекетке, Кіші Азиядан – Түркия, Иран, Шығыс Азия – Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзияға отандастарымыз еркін бара алады. Осылайша, Қазақстан төлқұжатының қуаты арта түсті.

Қытай аумағына қарасты Өр Алтай жерінде – Ертіс өзені жағасындағы Шірікши ауылында дүниеге келген қандасымыз, жазушы Жәди Шәкенұлы визасыз режім келісімінің экономикалық пайдасы мол екенін алға тартады. Дегенмен бұл мәселеге мұқият мән берген жөн деп санайды.

«Визасыз режім көптеген елде бар. Басты бағыты экономикалық жағдайларға байланысты жол­ға қойылған. Атап айтқанда, ел экономикасы үшін оның тиімді жақтары өте көп. Алайда алпауыт ел Қытай туралы айтқанда оның «бейбіт жолмен жаулау» сынды ішкі саясатын да жоққа шығара алмаймыз. Ендеше, құқық қорғау органдары «бармақ басты, көз қысты», балық үндес, бақа тілдес болатын саяси ымыралықтан, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық­тан аулақ болуы керек. Өзгенің қаңсығы мен таңсығына бола ел мүддесін сататын алаяқтардан сақ болған жөн. Өзіңе өзің сақ бол, өзгені ұры деме деген аталы сөз осындайда айтылады», дейді Ж.Шәкенұлы.

Осы орайда қандасымыз Қытайдан тікелей қауіп күтпегені­мен, жіті әрекет етудің маңызына тоқталады. Оның айтуынша, шығыстағы көршіміз шетелден келгендерді мұқият қадағалайды.

«Тарихи көршіміз үшін алған­да жаулық, жат көзқарас емес, ішкі сақтық барынша маңыз­ды. Қытай шеттен барған әр ел азаматтарына ерекше сақтықпен қарайды, бақылауға алады. Өзінің мемлекеттік қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Өзінің ішкі қатал саясатын өзгеге айбар қылады. Біз де көрші ретінде тату бола отырып, оның экономикалық мүм­кін­діктерін пайдалана оты­рып, қауіпсіздікті, ішкі қорға­нысты ерекше ескеруіміз керек. Шағын ел Қазақстан туралы айтқанда Қытайдың бір қала­сына де жетпейміз. Сонау дәуіріндегі түркі оғландары да шағын екеніне қарамай басқаға патшалық менмендікпен, тең терезелі көзқараспен қарай біл­ді. Ешкімге елін, жерін сатпа­ды. Көршілер олармен, олар көр­шілермен санасты. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті де әлем елдері алдында биік болуға тиіс», дейді Ж.Шәкенұлы.