Сұхбат • 15 Қараша, 2023

Сапалы маман салғырттыққа жол бермейді

187 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жақында газетімізде жарық көрген «Жоқ мұғалімнің» жалақысы қанша?» деген мақаламызда орта білім беру саласындағы жемқорлық мәселесін көтерген едік. Әңгіменің өзегі ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтағы департаменттері жүргізген тексеріс нәтижелері көрсетіліп, мәселенің себеп-салдары мен шешу жолдары туралы сарапшы мамандардың ой-пікірі айтылды. Осы тақырып төңірегінде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ ОСПАНДЫ аз-кем әңгімеге тартып, қоғамда жиі айтылып жүрген сауалдарға бірге жауап іздеп көрдік.

Сапалы маман салғырттыққа жол бермейді

– Еділ Сабырұлы, елдегі ең көп сыналатын саланың бірі – білім. Неліктен?

– Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізеді. Әр баланы саналы тәрбие мен сапалы біліммен қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Бұл 22 мыңнан аса білім беру ұйы­мында 6 миллионға жуық ба­ланың қатысуымен 500 мыңнан аса ұстаздың атқарып отыр­ған жұмысы екенін ерекше атап өткім келеді. Осы ба­ғыт­та министрлік, ең алдымен, ұлағатты ұстаз мәртебесін қа­лып­тастыруға және қорғауға ерек­ше маңыз береді.

Ұстаздар – ұлт келешегіне тікелей жауапты маман. Олар осы елдің кірпіші болып қаланатын ұрпақ тәрбиелейді. Әрбір елді мекендерде, ауыл­дар­да жүздеген мұғалім осы міндеттерді күнделікті атқа­рып жүр. Осы тұрғыдан ал­ған­да басқа ведомстволармен салыстырғанда біздің ми­нистрліктің ауқымы кең, маңызы терең. Ал осы елдің түкпір-түк­піріндегі мұғалімдердің бі­лік­тілігін арттырудан бастап, қадір-қасиетін қорғау – басты парызымыз. Мені де, Сізді де мұғалім тәрбиеледі. Біздің маман ретінде қалыптасуымызға септігін тигізген мұғалімнің еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан мұғалімді жемқор немесе алаяқ деп атау дұрыс емес. Иә, жекеленген фактілер бар. Мен оларды бұл салаға кездейсоқ келген адамдар деп санаймын. Сондықтан кез келген жағдайда білім ұйым­­дары туралы айтқанда, ұс­таз­­дың ары мен намысы тура­лы ойлануымыз керек.

– Дұрыс қой. Бірақ білімге салынған қаржы жеке қал­таға емес, келешекке жұмса­луға тиіс емес пе?!

– Бүгінде елімізде 6 мил­лионға жуық бала бар. Олардың келешегі үшін білімге инвестиция салу – бұл тек қаржылық инвестиция емес, қоғамды дамыту жолындағы стратегиялық қадам. Өзіңіз білесіз, экономиканы қалыптастыратын бірнеше фактор бар. Соның ішінде адам капиталы шешуші рөл атқарады. Әлемдік тәжірибеде білімге инвестиция салудың адами капиталды дамытуға ықпал ете­тін мультипликативті әсері мойын­далған. Ал осы қаржы­ның мақсатты жұмсалуы – бұл маңызды сұрақ. Сондықтан да білім беру ұйымдарының тиімді қызметін қамтамасыз етуде қаржылық-құқықтық тәр­тіп өте маңызды. Қаржы­ның тиісті мақсатқа пайдала­ны­луы өте өзекті. Яғни қар­жы­лық құқықтық тәртіптің қа­лып­­тасуына қадағалау болу ке­рек. Біз бұған ерекше мән бе­ріп отырмыз. Мақалада көте­ріл­ген мәселеге келетін болсақ, осы тексеріс жұмыстары тіке­лей біздің министрліктің бас­тамасымен жасалғанын ай­тып өткім келеді. Бұл не үшін? Себебі мұғалімдеріміз қар­жы­­лық мәселеге бас қатыр­май, алаңсыз білім беріп, ұр­пақ тәр­биесімен айналысуы қа­жет. Бұл үшін оларды барлық қауіп-қатерден сақтауымыз керек. Оның ішінде сыбайлас жемқорлықтан, қаржының дұрыс игерілмеу қатерлерінен сақтау маңызды. Мұғалімдер өздеріне айлық есептеп отырған жоқ. Оны есептейтін қаржы ма­мандары бар. Сол себепті тиіс­ті құзыретті органдардың жұмысы қаржы саласындағы тазалықты қамтамасыз етуге жұмылдырылуға тиіс. Ал біз бастама көтеріп сол тиісті құзыретті органдардың алдына «Біз мектептердегі тазалықты қамтамасыз етуіміз керек» деген мәселені өзіміз қойдық. Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп жол картасын әзірледі. Оны жауапты мамандар мен қаржылық тәртіпке жауапты органдар қамтамасыз етіп отыратын болады. Жол картасында қаржы ресурстарын пайдаланудың ашықтығы, заңдылығы, негізділігі мен тиімділігінің жоғары дәрежесін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар көзделген. Жүйелі тәсілмен әзірленген бұл жос­пар білім беру ұйымдарында бюджет қаражатын жоспарлау мен бөлудегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған.

– Сонда бұл тексе­ріс ми­нистрліктің қызығу­шылы­ғымен жүзеге асып отыр ма?

– Дәл солай. Мақалада көр­се­­тілген тексеріс сол біз­дің ми­нистрліктің тікелей бас­та­ма­сымен қолға алынған. Біз де әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде айтылған мәселе­лерге ұдайы назар аударамыз. Белгілі бір нәрсенің қордаланып қалғанын көріп, қажет кезінде шешу үшін нақты шаралар қа­рас­тырылған. Оған сәйкес іс-ша­р­алар жоспарын бекіттік. Са­ладағы кемшіліктер мен тәуе­­­­кел­дерге жүргізілген тал­дау­­­­дан кейін шешу жолдарын көр­сетіп, жол картасын әзір­ледік. Атқарылуға тиіс шара­лар­­дың тізбегін тиісті құзы­рет­­ті органдарға жеткіздік. Осы­­ның барлығы мұғалімнің алаң­­сыз жұмыс істеуі үшін керек. Елімізде 500 мыңнан аса мұға­лім еңбек етеді. Күні кеше Мем­лекет басшысы ұлт руханиятына жұмыс істеп жатқан ұс­таз­дарды ұлықтап, награда беріп жатыр. Мұғалімдер қауы­мын қынжылтатыны салаға кез­дейсоқ келген адамдар, өздері­нің теріс әрекеттерімен, кейде әлеу­меттік желілерде де ұстаз аты­на кір жұқтыруға тырысып жатыр.

– Ұстаз атына кір келтіру­ден асқан моральдық қылмыс жоқ. Ал заң тұрғы­сынан дә­лелденген дүниені жоққа шығарып, ұстаз беде­лін арт­тыруға бола ма?

– Кез келген салада кез­дейсоқ маман болады. Сіз бен біздің міндетіміз – кездейсоқ адамдардың ұрпақ тәрбиесіне араласуына жол бермеу, ұс­таздар қауымының атына кір келтіретіндерді білім саласынан аластату.

– Сізді де, мені де ұстаз тәр­биелегенін айттыңыз. Бірақ біздің кезімізде алаяқтық пен жемқорлыққа шатылған педагогтер туралы естімейтін едік. Жалған диплом мәселесі де бар. Қай тұстан қателік кетті деп ойлайсыз?

– Біз дайын маманды мектепке қабылдаймыз. Бірақ біз де өз деңгейімізде ұстаздардың маман ретінде қалыптасуына баса көңіл бөлеміз. Сіз айтқандай, же­келенген фактілер болып жат­са, бұл тұтас білім сала­сы­ның емес, бұл адамды жұ­мыс­қа қабылдаған маман­дар­дың қателігі. Жалған дип­лом мәселесі кезіндегі саңы­рау­құ­лақт­ай қаптап кеткен жоға­ры оқу орындарының салдарынан туындады. Қазір мектепке жұмысқа қабылдамас бұрын ақпараттық жүйелер арқылы дипломның түпнұсқалығы тексеріледі. Педагог маман­дар­дың біліктілігін анықтау үшін аттестаттау тәртіптері тия­­­нақ­­талып жатыр. Бұған қоса қа­зір мұғалімдер үш жыл сайын бі­ліктілігін артты­ру курс­та­ры­нан өтеді. Осы жұмыс­тың бар­лығы ұзақ жылдан бергі қорда­ланып қалған мәселелердің ше­ші­мін табуға септігін тигізері анық.

– Кейде бой көрсетіп жататын мектеп мұғалімдерінің дөрекілігі туралы не айтасыз?

– Әрбір факт тексеріледі. Құқық бұзушылыққа жол берген жауапкершілікке тартылады. Оқушыларға қатысты дөрекі әрекет жасаған мұғалімдерге ша­ра қолданылады. Менің әкем де мұғалім болды. Қатал әрі та­лап­­шыл адам еді. Ол кісі біз­ге «Мұғалім білекпен емес, жү­рек­пен тәрбиелеу керек» деп үне­мі айтатын. Егер мектепте заң бұ­зушылыққа жол берілсе, оған қатысты мемлекет шара қолданады.

Жалпы, түйіні тарқамай жат­қан мәселені өзіміз көрсе­туге және шешу жолдарын табудың жолын табуға мүд­деліміз. Өйткені жүйелі ше­шім қабылдап, орындалуын қамтамасыз еткенде ғана білім саласын ретке келтіре аламыз. Мысалы, жол картамызда көтеріп отырған дүниелер Сіздердің мақалаларыңызда сарапшылардың пікірі ретінде айтылыпты. Ал жоғарыда айт­қан жол картасында бұл мәсе­лелердің нақты шешу жолда­рын көрсеттік. Құжатқа тү­сірдік, оларды іске асыруға жауап­­тыларды анықтадық. Екі мемлекеттік органның басшысы бұл құжатқа қол қойып бекітті.

– Ұстаздарды жұмысқа келі­сімшарт негізінде алу қан­шалықты дұрыс қадам болды? Оның үстіне директор ауысса, командасымен ауысып отыру үрдісі әлі де бар. Мұндай құқық заңмен бекітілген бе?

– Педагогтер қазір жұмыс­қа конкурс арқылы орнала­сады. Конкурстық комиссия­ның шешіміне сәйкес жұ­мыс беруші мен мұғалім арасында келісім­шарт жасалады. Бұған екі тарап та ерікті түрде қол қояды. Педагог жұмыстан заңсыз шығарылған жағдайда өзінің құқығын заңнамада белгіленген тәртіппен қорғай алады. Мек­теп директоры ауысқан жағ­дайда, ол өзімен бірге басқа қызметкерлерді алып келуі еш­қандай заңмен реттелме­ген. Ал Еңбек кодексіне сәй­кес педагогтердің бір мектеп­тен екінші мектепке жұ­мыс ауыстыруына шектеу қойыл­майды. Десек те, ко­ман­да­лық ауысу сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдеріне алып келе­тін, ұжымдағы ахуалды ушық­ты­ратын келеңсіз құбы­лыс екені де рас.

– Директорларды ротациялау деген дұрыс шешім болды ма, білім саласына қаншалықты маңызды?

–Бұл мектепті басқаруға жаңа көзқарастар, тәжірибелер мен тәсілдер енгізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам.

– Мектеп директоры мен ұстаздарды жұмысқа қабыл­дар кезде өтірік детекторын іске қосу керек пе екен?

– Өте маңызды мәселе. Пре­зидент айтқан білім сала­сындағы мың көшбасшы осы үшін қажет. Мектептегі білім сапасы мен тәрбие жұ­мыстарының, балалардың адам болып қалыптасу үдері­сінің ішінде мектеп директорының рөлі шешуші рөл атқарады. Сол үшін біз мектеп директорларын дайындау бойынша жұмыс істеп отырмыз. Бі­лім берудегі өзгерістер көшбас­шылары жобасы аясында бар­лық өңірден мыңдаған педагог бірінші кезеңге қатысты. Әртүрлі тексеріс пен іріктеу кезең­дерінен кейін олардың саны екі жүзге дейін азайды. Сол іріктеуден өткен педагогтер интеллектуалды мектеп­тердің базасында қазір бірнеше кезеңдік оқудан өтіп жатыр. Сол іріктеуден өткен мамандар ертең мектеп директоры болады. Біз бұл жұмысты жыл сайын өткіземіз. Ертең осы даярлықтан өткен мектеп директорлары сапалы маман таңдауға жұмыс істейді. Мектепте мықты кадр даярлайды, білім ошағын оң жағынан көрсетеді. Ал сапалы кадрлар жұмыс істеген жерде әлгінде айтылған жайсыз фактілерге жол берілмейді деп сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»