Аймақтар • 15 Қараша, 2023

Биыл «Бурабай» ұлттық саябағына келушілер саны 600 мыңнан асты

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев «Бурабай» ұлттық саябағы мен «Бурабай Даму» кәсіпорнынының жыл бойы атқарған мәселелерін қорытындылап, алдағы орта мерзімді жоспар туралы айтты, деп жазады Egemen.kz Президент Іс басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл «Бурабай» ұлттық саябағына келушілер саны 600 мыңнан асты

Фото©Shutterstock

«Президент Іс басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық саябағы мен «Бурабай Даму» кәсіпорны - елімізде туризмді дамытуға, әсем табиғатты қорғауға ерекше үлес қосып жүрген іргелі мекемелер. Биыл қаңтар-қазан айларында ұлттық паркке келушілердің жалпы саны 600 мыңнан асты. Әрине, Сарыарқаның жауһары саналатын өлкеге халықтың қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Дегенмен, адам аяғы көбейген сайын, тұмса табиғатты сақтау ісіне де соғұрлым көбірек маңыз беруге тура келетінін ескерген жөн»,  деді Айбек Дәдебаев.

Осыған дейін курорттық аймақта Smart National Park Burabay жобасының екі кезеңі жүзеге асырылған. Үшінші кезең шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау, 5 өткізу-бақылау бекетін автоматтандыру, қоршаған ортаны бақылауға және мониторинг жасауға арналған 3 бейнекамера қою сынды инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынды.

«Биыл он айда ұлттық парк аумағындағы туристік маршруттармен серуендеген адамдардың саны 33 мыңнан асып түсті. Халықтың қызығушылығы жоғары екеніне көз жеткізілді. Сол үшін Шучье және Бурабай көлдерін айнала салынған веложолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтар әлі де ұзара түсіп, Ақбура курортына дейін жетуге тиіс. Алдағы уақытта қосымша 8 шолу алаңын, көлік қоятын 4 алаң салынады деп жоспарланып отыр», деп бөлісті ҚР Президентінің Іс басқарушысы.

Сондай-ақ курорттық аймақта байланыс пен интернет жүйесін жетілдіре түсу үшін жаңадан ұялы байланыс станциялары салынып, бұрынғы базалық станцияларды жаңарту жоспарланып отыр.

«Жылма-жыл орман алқабын ұлғайтып отыру ісі де жоспар бойынша жүріп жатыр. Биыл Ақылбай орман шаруашылығының аумағынан жаңа тәлімбақ салуға 50 гектар жер белгіленді. Орманшылар тұратын кордондар мен кеңселердің біразы жаңарып, 6 орман шаруашылығының инспекторлары жаңа қонысқа көшіп үлгерді», деді Айбек Дәдебаев.

в