Ескі мектептен есейіп шығып, азамат атанғандар көптеп саналады. Дегенмен шәкірттердің бойына ұлт рухының өрелі өнегесін ұялатқан ескі мектеп уақыт мүжіп аласарды әрі оқу-тәрбие жұмысын заман талабына сай өткеруге тарлық етті. Осыны ескерген ауыл азаматтарының бастамасымен жекеменшік тұрғын үй құрылысы ретінде салынған бұл үйді бастапқыда-ақ мектеп теңгеріміне беру жоспарланған еді.
Үш жыл бұрын Тасқұдық тұрғындарының бастамасын құп көрген сол кездегі аудан әкімі Талғат Қайнарбеков мектеп іргетасын көтеруге шұғыл түрде қаржы қарастырған болатын. Игі бастамаға сол жылдары көпшілікті ұйыстыра білген «Бабалар рухы» қоры көмекке келді. Қор төрағасы Жанат Мұқашевтың айтуынша, аудандағы қалталы кәсіпкерлерден түскен қомақты қаржы мектеп құрылысына бағытталды да құрылыс материалдары қолдарына тиген бастамашыл тұрғындар іске кірісті. Дегенмен пандемия зардабынан жұмыс бірер жыл тоқырап, былтырдан бері ауыл тұрғындарының ұйысуымен заманауи мектеп жеткіншектердің игілігіне ұсынылды.
50 орынға арналған мектептің 3 сынып кабинеті, асхана, мұғалімдер бөлмесі бар және де оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі дәретханалармен, бейнебақылаулармен толық қамтамасыз етілген.
Шәкірттерінің бойына ұлт рухының өрелі өнегесін ұялатып, тәрбие мен біліктілікті ұштастыра білетін ұстаздар қауымы ортақ іске ынтымақ-бірлікпен ұжымдасқан ауылдастарының қарекетіне дән риза. Өнегелі іс осындай шалғайда орналасқан өзге де ауылдарға үлгі боларына сенеді. Көптің тілегі орындалған күн мерекемен пара-пар.
«Мынадай заманауи жабдықталған мектепте білім сапасы да ойдағыдай болмақ. Жаңа шаңырақтың іргесі көтерілгелі оқушылардың да көңілі көтерілді. Енді шағын ауылдың шырайы кірмек. Кішкентай балдырғандардың болашағына жолашар аяулы мекеннің әр кірпіші осындағы азаматтардың арқасында қаланды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған жерлестеріме ризамын», дейді бастауыш мектеп меңгерушісі Құралай Аитова.
Мектепке дейінгі даярлық сыныбының мұғалімі Ләйла Тоқмурзина да осындай мүмкіндікті қамтамасыз еткен азаматтарға арнайы алғысын білдірді. Ауылдастарын ортақ іске жұмылдырған Аслан Құсайынов, Ермек Тоқмурзин, Советхан Мамырбаевтар алыстан көз тартатын жаңа мектеп айналасында болашақта спорт алаңдары салынса деген ізгі мақсаттың орындалуын асыға тосады.
Жаңа мектептің ашылу салтанатында Сарқан ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асқат Қалиасқаров, ауданның Құрметті азаматтары Жомарт Игіман, Жанат Мұқашев, Бақалы ауылдық округінің әкімі Әсет Қанапиянов, К.Қазыбаев атындағы орта мектептің ұстазы Райхан Қияхметова, ауыл азаматтары атынан Аслан Құсайынов ынтымақ-берекенің арқасында қолданысқа берілген білім ошағы ұжымының, жеткіншектерінен үміт күтетін ата-аналардың қуанышын бөлісті. Бастауыш мектеп салтанатты түрде ашылып, жиынға қатысушылар жаңа нысанның жабдықталған кабинеттерін аралап көрді.
Жиын соңында ауылдық Мәдениет үйі өнерпаздары мен оқушылар дайындаған шағын концерт көрермен назарына ұсынылды.
Жетісу облысы