Экономика • 16 Қараша, 2023

Экономиканың қай саласында өсім бар?

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Экономиканың қай саласында өсім бар?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, биылғы 10 айда ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті. Нақты сектордағы оң динамика 3,8%-ды, қызмет көрсету саласында 5,4%-ды құраған. Салалар арасында ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік салаларына тиесілі.

Негізгі капиталға салынған инвести­ция­лардың өсу қарқыны 12,6%-ға жетіпті. Олардың ағыны көлік және қоймалау саласында – 58%-ға, денсаулық сақтау саласында – 40%-ға, саудада – 38%-ға, білім саласында – 18%-ға, ауыл шаруашылығында – 8,7%-ға, өнеркәсіпте 8,3%-ға өскен.

Алдын ала жасалған қорытындылар бойынша қаңтар-қыркүйекте респуб­ликаның сыртқы сауда айналымы 2,4%-ға, яғни 102 млрд долларға дейін өсіпті. Экспорт 57 млрд доллардан астам болды. Оның ішінде өңделген тауарлар экспортының үлесі – 18 млрд доллар, тауарлар импортының үлесі 44 млрд доллардан асқан. Бәрін қорытындылап айтқанда Қазақстанның оң сауда балансы 13 млрд долларға тең болды.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темір­бековтің мәліметінше, 10 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн тең­ге кіріс түскен. Сөйтіп, жос­пар 98,3%-ға орындалған. Сонымен, рес­пуб­ликалық бюджет 10,5 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 5,1 трлн теңге­ге толықтырылды. Сондай-ақ мемлекет­тік бюджет шығыстары 98,2%-ға, респуб­ликалық бюджет шығыстары 99,4%-ға, жергілікті бюджет шығыстары 97,2%-ға орындал­ғанын айтты.

Премьер-министр еліміздің экономикасы қолайсыз жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолын жалғастырып жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, нақты сектор экономикадағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Машина жасау саласы 27%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 42%-ға өсті, мұнай және табиғи газ өндіру есебінен тау-кен өнеркәсібінде өсім 6%-дан асты, өңдеу өнеркәсібінде өсім 3%-дан жоғары болды. Тоқыма бұйымдары өндірісінің ұлғаюы есебінен жеңіл өнеркәсіпте 12%-ға жуық өсім тіркеліп отыр.

Өндірісте пластмасса бұйымдарын өндіру 5,5%-ға, азық-түлік өнімдері 3%-ға және сусындар өндірісі шамамен 2%-ға артқан. Құрылыс секторында да өсу қарқыны жоғары – 12,5%, 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету секторы бойынша сауда 10%-дан астам, байланыс 8% және көлік секторы 7%-ға өскен көрінеді.

Жалпы барлық негізгі көрсеткіш бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында көрсеткіштер жақсы.

«Жыл соңына дейін барлық өңір әлеуметтік-экономикалық даму­дың нысаналы көрсеткіштеріне қол жет­кізуге тиіс. Жеке инвестициялар­ды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады. Бұл – біздің басты міндетіміз», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен өңірлер инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіп, жоспар­ланған жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет екенін ескертті.

«Мемлекет басшысы әрбір орта кәсіпорын бойынша өндірісті 2-3 есеге кеңейту міндетін қойды. Жауап­ты мемле­кеттік органдар, әкімдіктер «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, осы тапсырманы іске асыру жөнінде нақты шаралар қабылдауы қажет», деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, жалпы жұмыс істеп тұрған өн­ді­рістерді кеңей­ту және жаңа кәсіпорындар құру бағы­тын­да биз­несті белсенді қолдау керек. Сон­дай-ақ дер кезінде қабыл­дан­ған шара­лар­дың арқасында инфля­ция дең­гейін 10,8%-ға дейін төмен­детуге мүмкін­дік ту­ды. Жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе­ге азайту үшін мемлекеттік органдар мен әкім­діктер инфляция деңгейін бақы­лау және төмендету бойынша шаралар кеше­ні аясында барлық жоспарланған қадам­ды жүзеге асыруды қамтамасыз етуі қажет.

«Жыл соңына дейін 1,5 ай қалды. Экономиканың өсу траекториясын сақтай отырып, барлық нысаналы көрсеткішті қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов. 

Соңғы жаңалықтар

Өлең құрастыратын кітап

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50