Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Алқалы жиынға Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің өкілдерімен қатар Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Парламент депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Әкелер одағы» РҚБ-ның делегаттары қатысты.
Әкелер институтын дамыту, отбасылық құндылықтар және өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында жаңа тәсілдерді насихаттау және қалыптастыруды мақсат тұтқан жиында Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет әкелер институтына қатысты мәселелер бізде ғана емес, басқа елдерде де бар екенін жеткізді. Сондықтан форумда айтылатын ұсыныс-тілектерден үйренер тұсымыз көп болатынын айтқан ол: «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі қазіргі күні 12 өңірде жұмыс істеп келеді. Ұйымның мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуы, жауапты әке бола білуі және ұл тәрбиелей отырып, болашақта саналы әке, азамат тәрбиелейтінімізді насихаттау. Форумның маңыздылығы – ұсынылған пікірлер ертеңгі ұрпақтың тәрбиесі үшін қажеттілігінде. Мысалы, «Әкелер күні» мерекесі – «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің көп жыл бойы жасап келе жатқан қоғамдық жұмысының нәтижесі. Сондай-ақ біз қоғамдағы жалғызбасты, мүгедектігі бар әкелермен жұмыс істейміз. Ерекше және мүгедектігі бар балалардың әкелері де назарымызда», деді.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов еліміздің 20 өңірінен 100-ден аса делегат қатысып отырған жиын әкелер институтын дамыту және отбасы құндылықтарын нығайту, отбасындағы әкелердің рөлін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. «Республикалық, облыстық, қалалық маңызы бар әкелердің жыл сайынғы форумдары, әкелер апталығын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Балаларымыз лайықты азамат болып өсіп, ұлт болашағы жарқын болуы үшін ұрпақ тәрбиесіне бүгіннен ерекше көңіл бөлу қажет», деген вице-министр отбасындағы берік қатынас пен сыйластық ұрпақ тәрбиесіне өз ықпалын тигізетініне ерекше тоқталды.
«Үйдегі әке мен ананың бір-біріне қарым қатынасынан үлгі алған бала ертеңгі күні соны қажетіне жаратады, санасына сіңіреді. Әкесінің анасымен қарым-қатынасы сыйластықпен жарасқанын немесе зорлық-зомбылықпен аяқталғанын көрген бала сол тәрбиені, әкесінен көрген қарым-қатынасты өз әйелі мен балаларына үлгі етеді. Сондықтан ортақ құндылықтар туралы ой бөлісетін, пікір алмасатын осындай маңызды форумдарды, әкелер апталығын өткізу игі дәстүрге айналды. Балаларымыз лайықты азамат болып өсіп, ұлт болашағы жарқын болуы үшін ұрпақ тәрбиесіне бүгіннен ерекше көңіл бөлу қажет», деді Евгений Кочетов.
БҰҰ Халықтың қоныстану қорының Қазақстандағы өкілі, Түрікменстан мен Қырғыз Республикасындағы директоры Ронни Линдстром ашық диалог пен білім алмасу әкелердің қоғамдағы рөлін арттырудағы тәжірибені толықтырып, мәселелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін жеткізді. «Қазіргі әлемде әкелер дәстүрлі рөлдерден асып түсетін қиындықтар мен міндеттерге тап болды. Біз әкелеріміз бен ер адамдарымыздың ескірген стереотиптерге қарсы тұрғанын, құрметке ие болғанын және барлығына тең мүмкіндіктерді қорғағанын қалаймыз», деді ол.
Форум аясында адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптеу, саламатты өмір салтын ұстану, отбасының заманауи бейнесін қалыптастырудағы БАҚ-тың орны, ерекше бала тәрбиелеудегі әкенің, отбасының рөлі, баланың бойындағы қабілетті арттыру тақырыптары да талқыланып, жеке сессиялар ұйымдастырылды. «Адал азамат. Ұлттық құндылықтар» тақырыбында өткен сессияда сөз алған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы оқығандар көп болғанмен, оқығанын санасына тоқығандар аз екенін атап өтті. «Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда баланың тәрбиесінен гөрі, білім алуына көбірек көңіл аударатын ата-аналардың қатарында бесіктен белі шықпаған баласын шетелде оқытуға шөліркеп тұратын үрдіс қалыптасқан. Ал дүниетанымы толық жетілмеген бала өз елі мен жерінің патриоты бола алмайды. Тәлім-тәрбие беруде балалардың танымына әсер ететін құнды дүние – кітап пен газет-журнал. Әрбір үйдің жеке кітапханасында «Қабуснама» тұрса екен деймін. Бір ұстазымыз күйінген кезде «Баланың жетесіздігіне жеті атасы кінәлі» деуші еді. Бұдан асқан ауыр сөз жоқ. Сондықтан, Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, балаға шала-шарпы үйреткеннен гөрі, аз да болса дұрыс нәрсені санасына сіңіру керек. Ол үшін алдымен өзімізден бастайық, сонда нәтиже болады», деді ол.
Іс-шарада «Орталық Азияның ер-азаматтары» кітабының тұсаукесері өтті. Әңгімелер жинағында авторлар қазіргі қоғамдағы ер азаматтарға тән қасиеттер мен әке болудың әртүрлі қырлары туралы айтылған. Жинақ БҰҰ халық қоныстану саласындағы қоры (UNFPA) шығарған «Ерлерге арналған нұсқаулық. Саналы әке қандай болу керек?» атты әдістемелік құралына бейімделіп жасалған.
Форум қорытындысы бойынша әкелер институтын дамыту және осы саладағы қордаланған мәселелерді шешу жөнінде ұсынымдар мен сарапшылар пікірлерінің жиынтығы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға орындау үшін жолданды. Айта кету керек, форум Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының ұйытқы болуымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Әкелер одағы» РҚБ, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) техникалық қолдауымен өткізілді.