Құқық • 16 Қараша, 2023

Қылмысқа төзбеушілік қағидаты қажет

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Заң мен тәртіпті қатаң сақтау қағидаты мемлекеттік деңгейде дәріптелуі керек». Бұл жөнінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасындағы ресми парақшасында жариялады. Мемлекеттік кеңесші заңдылық пен тәртіп қағидатын орнықтыру ісі вандализм, балаларға қарсы қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты жағымсыз құбылыстармен күрестен басталатынын атап өтті.

Қылмысқа төзбеушілік қағидаты қажет

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Мұндай құқық бұзушы­лық­тарға қойылатын алғашқы және өте маңызды тосқауыл – аза­маттардың оларға бейжай қара­мауы. Сондықтан елімізде жү­генсіздіктің, озбырлықтың және қыл­мыстың кез келген түріне мүл­дем төзбеушілік ұстанымын қалып­тастырудың мән-маңызы зор. Қоғамда белсенді азаматтық көзқарас үстемдік құрып, ізгілік, тілектестік, өзара көмек сияқты басты құндылықтар дәріптелуге тиіс», дейді Е.Қарин.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіп­сіздігі мен олардың құқы­ғын қорғау, тұрмыстық зор­лық-зом­бы­лық­қа қарсы күрес мәсе­леле­рі туралы үнемі айтады. Оның сөйлеген сөздерінен дәйек­тілік және мызғымас ұста­ным байқалады. Президент жүген­сіздіктің кез келген түрі­не, ван­да­лизм мен зорлық-зом­былық­қа қатаң тосқауыл қою керек, әсі­ресе әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жазаны күшейту қажет деп есеп­тей­ді», деген Мемлекеттік кеңес­ші елімізде 2020 жылдан бері отба­сылық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы күрес жолында жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өткен. Оның айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамаларын іске асыру аясында полицияның тиісті бөлімшелерінің штаттық саны артып, отбасылық-тұрмыс­тық зорлық-зомбылық істерін қарау үшін тергеуші әйел маман­дығы енгізілді.

«Заңнамадағы соңғы түзе­ту­лерге сәйкес, енді мұндай қыл­­­мыс­тар тек жәбірленуші ары­­­зы­­ның негізінде ғана емес, со­ны­­­мен бірге куәгерлердің, көр­­­шілердің мәліметі, бейнека­мера­лардың жазбасы және т.б. негізде анықталады. Бұдан бөлек, қазір бір рет ымыраға келген тараптардың кейін қайта татуласуына жол берілмейді. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді», деп атап өтті ол.

Алайда қоғамда бұл мәселеге қатысты басқа көзқарастың да бар екенін алға тартқан Ерлан Қарин: «Кейбіреулер заңнаманы одан әрі қатаңдату мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткішін төмендетеді деп есептейді. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, жазаның қатаңдығы және одан бұлтару мүмкіндігінің болмауы – қыл­мысқа қарсы іс-қимылдың ең тиімді тетігі. Бұл мәселені тек заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы шешу мүмкін емес. Сонымен бірге азаматтардың көзқарасы, моральдық ұстанымы да өзгеруі керек. Осындай әрекеттерге көз жұмып қарайтын болсақ, онда мемлекет қабылдап жатқан шаралардан еш нәтиже шықпайды. Яғни деструктивті мінез-құлық­тың кез келген түріне қарсы кү­рес кешенді іс-қимылды талап етеді. Қоғамда қылмысқа мүл­дем төзбеушілік қағидаты, ал мем­лекеттік деңгейде заң мен тәр­тіптің қатаң сақталу қағидаты дә­ріптелуі керек. Сондықтан мем­лекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар жүгенсіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың тиімділігін арттыру үшін күш жұмылдырып, ортақ амал-тәсіл әзірлеуі қажет», деді.