Өнер • 16 Қараша, 2023

Бір аптада бір миллион доллар жиналды - Қайрат Әділгерей кинодағы табысын жариялады

597 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Танымал актер, әзіл-сықақшы Қайрат Әділгерей кино түсіріп, мол табысқа кенелгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бір аптада бір миллион доллар жиналды - Қайрат Әділгерей кинодағы табысын жариялады

Ол сыбайлас жемқорлық туралы фильмнің бірінші, екінші бөлімдерін көрермен жылы қабылдағанын атап өтті. “Жұлдызды шаңырақ” бағдарламасына берген сұхбатында әртіс осы фильмнің үшінші бөліміне дайындалып жатқанын жеткізді.

“Үшінші бөлімін түсіргеннен кейін жемқорлық тақырыбын қозғамаймыз. Әрі бұл бөлімде комедия элементтері көп болмайды. Негізінен статистикаға мән береміз. Одан кейін кино желісі жемқорлықтың кесірінен болған оқиғалармен өрбиді. Бұл кино да шетелде түсіріледі. Қаңтар айында жобамызды бір пысықтап, шетелге жол жүреміз”, деп жоспарын айтты.

Актердың айтуынша, фильмнің екінші маусымы көңілден шыққан. Тіпті көрермен қызығушылығы ерекше болғаны сондай, әр өңірден билет сұрап хабарласқандарда есеп болмады.

“Әдеттегідей комедия жанрындағы фильмнің бірі болады деп ойладық. Алайда бұл туынды біз ойлағаннан да керемет табысты болды. Бір аптада 1 миллион АҚШ долларын жинады. Кинотеатрда 58 күн үзбей көрсетілді. Осыған дейін қаншама кино көрсетіліп жатса да, 58 күн бойы аншлаг бұрын-соңды болмапты. Отандық киноиндустрияда миллиардер болған Нұрлан Қоянбаевтан кейін біз екінші орынға жайғастық. Жалпы, біздің сценарист пен режиссер халық көңілінен шығатын керемет туынды жасағанын айта кеткен жөн”, дейді актер.

Актер алғашқы продюсерлік дебютінде тіпті ойына кіріп-шықпаған қомақты қаражат жиналғанына әлі күнге дейін таңданады екен.

“Көрсетілім біткеннен кейін кассаны санағанда 1 миллиард 81 миллион теңге түсіпті. Кино түсіру үшін инвестор тауып, содан ақша алған едік, ең бірінші соны қайтардық. Жарнама мен кинотеатрдың әкімшілігімен есептестік. Қанат Әлжаппаров екеуміз болғасын қолымыздағы 30 миллионды теңдей етіп бөліп алдық. Тоғыз ай бойы төккен тердің ақысы осылай ақталды. Қазір халықтың талғамы өзгеріп кетті. Ішкі ниетің ақша жасау болып, арзанқол дүние ұсынсаң көрерменге өтпей қалуы мүмкін. Халық талғамының өскенін байқадым”, деп ағынан жарылды актер.