Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Енді сол тарихи кезеңге сәл шегініс жасасақ, 90-жылдары бұрынғы кеңестік жүйедегі экономика тоқырап, өндірістер жаппай жабылып қалды. Ақша орнына есеп айырысу чектері жүре бастады. Құны қара суға татымайтын сабан ақша қолға әупірімдеп барып тигенімен, оған ешкім мардымды тауар ала алмады. Үкімет пен Ұлттық банк күн санап күшейіп келе жатқан гиперинфляциямен күресіп жатқан кез. 1993 жылы инфляция төрт есе өсіп кеткен еді.
Ұлттық банктің Қостанай облысындағы филиалын біраз жыл басқарған қаржы саласының ардагері Жомарт Қажырахимовтің айтуынша, 1993 жылы 1 шілдеде Ресей Қазақстанмен мемлекетаралық есеп айырысу үшін жаңа корреспонденттік шоттар енгізеді. Бұған дейінгі біртұтас ақша айналымы жүйесінің күйреуі осы кезеңде басталады.
«Осы жылы Ресей жаңа үлгідегі төл ақшасын енгізді. Одан Қырғызстан да қалыспай, тамыз айында өз сомын шығарды. Айналымнан шығып қалған ресейлік ескі ақша көрші елдерден толассыз ағылып, Қазақстанға кіре бастады. Нәтижесінде, халықтың өмір сүру деңгейі күрт құлдырап, инфляция өсті. Ал несиелердің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 300 пайыздан асып кетті. Бұл тығырықтан бізді төл теңгеміз алып шықты», дейді Жомарт Оралұлы.
1993 жылы 1 қарашада Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына Х күні ашылады деген құпия конверттер жетеді. Ал араға үш күн салып ұлттық валюта – теңгені енгізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылады. 1993 жылы 3 қарашада Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия арнайы тұжырымдама дайындайды. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, оны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа да маңызды мәселелер айқындалған еді.
«Осы бір аса жауапты да күрделі тарихи кезеңде Ұлттық банк 452 миллион доллар алтын-валюта қорын жасақтады. Бұл жаңа енгізілетін ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге жеткілікті болатын. 13 қараша күні барлық газет теңге мен қағаз тиын үлгілерінің бейнесін берді. Ақша купюрасы теңге мен қағаз тиындар, ауыстыру тәртібі туралы республикалық, облыстық баспасөз хабарлап жатты. Сомды теңгеге ауыстыруға қарашаның 15-інен 20-сына дейін, алты-ақ күн уақыт берілді. 14 қараша күні Ұлттық банктің облыстық басқармасына «Ақша ауыстыру 15 қараша күні таңғы сағат 8.00-де басталып, 20 қараша күні 18.00-де аяқталсын» деген бұйрық келді. Өңір тұрғындарындағы құны арзан ескі ақша көлемі едәуір көп. Оны небәрі 6 күн ішінде жаңа ақшаға ауыстырып үлгеру керек. Жағдай бірден банк қызметкерлеріне түсіндіріліп, жұмысқа қосымша кассирлер тартылды. Барлық қызметкерге қажетті нұсқаулықтар берілді. Облыста жаңа енгізілетін ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін комиссия құрылды. Оған сол кездегі өңір басшысының орынбасары Виктор Арсентьевич Ким басшылық етті. Осылайша, облыстық басқарма қарашаның 14-інен 15-іне қараған түні барлық ауданға жаңа ақша жөнелту қамына кірісіп, таңға дейін көз ілмей жұмыс істеп, әр ауданға жіберілетін бағалы жүктерді дайындады. Ал ертеңгі күні таңғы 9-дан бастап облыстың барлық елді мекенінің тұрғындары жаппай ақша ауыстыруға кірісті», дейді қаржыгер.
Ақша реформасын негізінен Ұлттық банк жүзеге асырғанымен, жергілікті жерлерде әкімшіліктер мен ақша айырбастау комиссияларының еңбегін атап кеткен жөн. Маңызды науқан кезінде облыс бойынша 5,5 мың комиссия және 3,4 мың ақша айырбастау пункті жұмыс істеген.
«Тас түскен жеріне ауыр» дейді, әрине, негізгі ауыртпалық Ұлттық банктің облыстық басқармасына түсті. Ол кезде облыстық басқарманы Ертай Әлімбаев басқарып тұрған еді. Кейін біздің облысқа қосылған Торғай өңірінде бұл үдеріске Мираш Жұмашев басшылық жасады. Әр кассирге, бухгалтерге, инкассаторға түсетін жүктеме әдеттегі жұмыс режімінен бірнеше есе асып кетсе де, жұмыс үйлесімді жүрді. Банк қызметкерлері жұмыс орындарынан кетпей, аз ғана тынығып алып, тәулік бойы бел жазбай қызмет істеді. Қызметкерлер түнде қап-қап ақшаның үстінде аз ғана көз шырымын алып, сәл демалып алып, жұмыстарына қайта кірісіп жатты. Ауыртпалығы мол алты күн ішінде банк қызметкерлері ешбір қабақ шытпай, бар міндетті айна-қатесіз атқарып шықты. Әсіресе Ұлттық банктің облыстық басқармасы мен қалалық есеп айырысу-кассалық орталығы қызметкерлерінің қажырлы еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сол кезде ақша айырбастау үдерісінің қайнаған бел ортасында жүріп, бел жазбай елге қызмет көрсеткен В.Чирков, З.Никитина, Т.Фокина, Л.Макарова, Л.Семенова, Л.Петрякова, Л.Заклевская, Р.Штельвах, Р.Ибрагимова, Н.Кузьмина, Л.Желонкина, Р.Гейдаров сынды мамандардың еңбегі орасан. Сондай-ақ сол кездегі «Агропромбанк», «Кредсоцбанк» сияқты қаржы мекемелері де үлкен жұмыс атқарып, жауапты науқанның ойдағыдай орындалуына белсене атсалысты. Сол кезде қыруар шаруа тындырған Петр Семенович Рыбкин басқарған «Жинақбанкінің» облыстық басқарма ұжымын да ерекше ілтипатпен атап өткім келеді. Банк өте күрделі жағдайда аса жауапты іс тындырып, абырой биігінен көріне білді. Бұл кезеңде өңірдегі барлық салым осы жинақ банкінде шоғырланған еді. Банктің миллионнан астам салымшысы бар. Ол салымшылардың банк шоттарындағы қалдығы 12 млрд рубльден асып түскен еді», дейді қаржы саласының ардагері.
Ақша айырбастау нәтижесінде облыс бойынша 52,6 млрд теңге көлемінде рубль банкноттары алынған. 1993 жылдың 22 қарашасынан бастап облыста зейнетақы мен іссапарға қажет қаржы жаңа валютамен беріле бастайды. Коммерциялық банктердің жұмысы жанданып, вокзалдар мен әуежайларда валюта айырбастау орындары ашылады.
«Теңгенің алғашқы қадамы аса қиын болды. О баста жұртты «теңгенің болашағы қалай болады, дағдарысқа ұшырап қалмай ма?» деген күмәнді ойлар толғандырғаны рас. Қазір отызжылдық белесті бағындырған ұлттық валютамыздың аяқ алысына қарап, теңге әлемдік қаржы дағдарысына, мұнайдың әлемдік бағасының өзгеруіне және басқа да сын-қатерлерге төтеп берді деп сеніммен айта аламыз. Біздің еліміз 30 жыл ішінде аса маңызды көптеген экономикалық реформаны еңсерді. Ал ол реформалардың табысты болуын ұлттық валюта қамтамасыз етті», дейді Жомарт Оралұлы.
Қостанай облысы