
Мүсіннің ашылуына арналған салтанатты іс-шараға Ә.Х.Марғұлан атындағы халықаралық қордың төрайымы, медицина ғылымдарының кандидаты, академиктің қызы Данель Марғұлан, облыс әкімдігінің өкілдері, шығармашыл зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері қатысты.
MARGULAN университетінің ректоры Жанбол Жылбаев құттықтау сөзінде Әлкей Марғұлан ескерткішінің ашылуы кемеңгер ғалымға көрсетілген құрмет екенін атап өтті. Бұл академиктің туғанына 120 жыл толуын тойлаудың басталуы. Мерейтойға арналған ауқымды іс-шаралар университетте 2024 жыл бойы өткізіледі. Қазақ археология мектебінің негізін қалаушының мерейтойына орай үлкен халықаралық конференция өтеді.
– Біз Алматыдағы Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазақстан ғылымының дамуына орасан зор үлес қосқан академик Әлкей Марғұланның мерейтойын ұйымдастырып, өткізу біз үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Бұл біздің университет үшін ғана емес, бүкіл Павлодар, Ертіс өңірі үшін маңызды оқиға, – деді Жанбол Жылбаев.
Айта кету керек, тарихи туындының авторы Қазақстан көркемөнер академиясының академигі, суретшілер одағының мүшесі Мұрат Мансұров. Мүсін қоладан құйылған, биіктігі – 3,5 метр.
Қоладан құйылған алып мүсіннің түр сипаты және автордың шеберлігі академиктің ұрпақтары мен туыстарының да көңілінен шықты. Мәселен, академиктің ұрпағы Данель Әлкейқызы өз сөзінде әкесінің ескерткішін көрген сәтте ерекше әсер алғанын айтып, ғалымға көрсетілген айрықша құрмет пен тағзым үшін университет ұжымына ризашылығын білдірді.
– Бүгін мен ерекше қуанышты сезімдемін. Өйткені әкемнің туған жері Ертіс-Баян өңірінде және өзінің есімімен аталатын университеттің жанына мүсіні бой көтерді. Осы ретте университет басшылығына, ардагерлер кеңесіне және мүсіннің авторына шынайы алғысымды білдіремін. Марғұлан университеті жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында үлкен іс атқарып келеді. Ендеше, әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы игілікті еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, – деді Данель Марғұлан.
Ал облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина академиктің тарих, археология және педагогика саласындағы еңбегіне тоқталды.
– Бүгін әдебиет, өнер және шығыстанушы, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, жерлесіміз, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланға орнатылған мүсіннің ашылу салтанатының куәгері болып отырмыз. Бұл аймағымыз үшін тарихи сәт, есте қалар ерекше оқиға. Әлкей Марғұлан Қазақстандағы этнограф, археолог, тарихшылардың бірнеше буынын даярлады. Ғалымның жетекшілігімен 50-ден аса докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Еңбектері бірқатар шет тіліне аударылды. Ендеше ғылыми мұрасын жалғастыру бүгінгі ұрпақтың міндеті. Соңына өшпес мұра қалдырған Әлкей Марғұланның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрқашан жол көрсетіп, жарқын болашаққа бастай беретініне кәміл сенеміз, – деді Самал Оспанқызы.
Іс-шара барысында университеттің жас ақындары – Бексұлтан Қайдаров, Есенгелді Жәнібек, Нұрайна Серік Әлкей Марғұланға арнау өлеңдерін оқып, жиналған жұрттың құрметіне жырдан шашу шашты.