Құқық • 17 Қараша, 2023

Құқық қорғаудың тиімді тетігі

157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада қоғамға танымал заңгерлер, ғалымдар мен құқық қорғаушылардың қатысуымен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сараптамалық кеңестің бірінші отырысы өтті.

Құқық қорғаудың тиімді тетігі

Сараптамалық кеңес – ерікті негізде жұмыс істейтін консультативтік-сарапта­малық функциялары бар консультативтік-кеңесші орган. Кеңес құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, құқық қорғаушылар, заңгерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, адвокаттар, ғалымдар, зерттеушілер және басқа да белсенді азаматтар кіреді.

Кездесуге қатысушыларды Адам құ­қық­­тары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев құт­­­тықтап, еліміздегі уәкіл институ­ты­­ның даму тарихына тоқталып өтті, сондай-ақ аза­маттардан келіп түсіп жатқан өтініш­тері­нің көбейгені жайында ақпаратпен бөлісті.

«Биылғы 9 айда орталық аппарат­та­ғы және өңірлердегі жеке қабылдауларға 1 800-ден астам адам қатысты. 4,5 мыңға жуық жазбаша өтініш қаралды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе, 2021 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Небәрі 9 айда біз 16 мыңға жуық адамды құқық­тық ағарту іс-шараларымен қамтыдық», деді А.Ластаев.

Омбудсмен шағымдардың артуына түрткі болған бірнеше себепке де жан-жақ­ты тоқталды. «Әрине, мұны біз азамат­тар­дың құқық қорғаудың жаңа механизмі­нен хабардар болуымен байланыстырамыз. Екінші жағынан, шағымдардың көбеюі азаматтардың мемлекеттік органдар жұмысына қанағаттанбауының көріні­сі болып саналады. Сондықтан нақты мәселе­лерді шешуге көмектесіп қана қоймай, адам құқықтары саласындағы жүйелі түйткілдерді тарқату бағытында да жұмыс істеу қажет», деді ол.

Жиында сөз алған Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбекова Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейте отырып, Сараптамалық кеңестің аналитикалық рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. «Біз оны нағыз «жауынгерлік әзірлік» деңгейіне шығаруымыз керек, осылайша азаматтарымыздың құқықтарын профилактикалық қорғаудың тиімді органына айналдыра аламыз. Сараптамалық кеңес құрамына жас, белсенді және шығармашыл сарапшылар, өз салаларының білікті өкілдері кіргенін атап өткен жөн. Олардың қызметі осы органның болашақтағы беделіне әсер ететіні сөзсіз. Бұл ретте, әрине, олар тәжірибелі құқық қорғаушылармен жемісті ынтымақтастықта жұмыс істейтін болады, біз Сараптамалық кеңесті басқалармен қатар тәлімгерлік институт ретінде көреміз. Мол тәжірибені жаңа тәсілдермен біріктіру кеңестің максималды тиімділігі болуы мүмкін», деді орталық басшысы.

Спикердің айтуынша, кеңестің барлық мүшесі үнемі өзекті мәселелерді көтеріп отырады, сондықтан да олар қоғамда үлкен сенімге ие. Сондай-ақ Салтанат Тұрсынбекова Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықта ақпараттық-талдау бөлімшесі құрылып жатқанын, оның міндеттерінің бірі Сараптамалық кеңеспен өзара іс-қимылға негізделгенін айтты.

Алғашқы отырыс барысында қатысу­шылар алдағы жұмыс пен маңызды ұйым­дастыру мәселелерін талқылады. Сарап­тамалық кеңестің 5 мамандандырылған бөлімі де анықталды. Олар – Азаматтық және саяси құқықтар мен адамның бостан­дықтары мәселелері; Адамның әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтары мәселелері; Теңдік, бірлік және зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен қорғау мәселелері бойынша; Құқық қорғау инс­титуттарын жетілдіру, құқықтық білім беру, білім беру және заңгерлік кеңес беру және Халықаралық ынтымақтастық және халықаралық міндеттемелер мен шарттық және БҰҰ жүйесінің басқа органдарының, адам құқықтары саласындағы басқа да халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын орындау мәселелері бойынша бөлімдер.