Отбасы • 16 Қараша, 2023

Бурабай баурайындағы шілдехана

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Исі Алаш баласын сүйсіндірген жиырма миллионыншы сәбидің бірі аруақ қонып, нар шөккен қасиетті Бурабай баурайында дүние есігін ашты.

Бурабай баурайындағы шілдехана

Табиғаты тамылжыған өлке қуа­ныш­қа кілкіп тұр. Өмірге жиыр­ма миллионын­шы сәби келді. Нәрестенің анасы Динара – мұғалім, ал әкесі Айдар Исе­нов энергетика саласында ең­бек етеді. Түтіні түзу ұшқан шаңы­рақ. Дәрі­гер­лердің айтуларына қарағанда, өмір­ге келген сәбидің де, құшағы гүлге тол­ған жас ананың да денсаулығы жақсы.

Облыс әкімі Марат Ахметжа­нов ел Президентінің атынан кіш­кентайлы болған отбасын құттықтай келіпті.

«Біз бүгін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Мерейлі сәбидің біздің облыста, оның ішінде жер жәннаты Бурабайда өмірге келуі – ерекше сый. Мемлекет денсаулық сақтау, білім салаларына көп көңіл бөліп отыр. Біздің жастарымыз заман талабына сай жақсы білім алып, өсіп-жетілуі керек», деді облыс әкімі.

Ақ түйенің қарны жарылған қуа­нышқа ортақтасып, әріптес­тері, ет жақын туыстары, көрші-қолаң шашу шашып, бөбектің бауы берік болсын деген тілек­терін айтып жатыр.

«Біздің отбасы үшін бір жа­ғы­нан күтпеген қуанышты күн болды, – дейді отағасы Айдар Исе­нов. – Бұл екінші баламыз. Бауыр еті баламыздың бақытты бо­лып өскенін қалаймыз. Өмірге келген әр баланың бақытты болу­ға хақы бар».

Қазіргі уақытта жас ана мен сәби «Авиценна-Бурабай» серіктестігінің ана мен бала бөлімшесінде. Сөз арасында жыл басынан бері өңірде 9 604 нәрестенің өмірге келгендігін айта кетелік.

Жас отбасының осы бір ба­қыт­ты сәтіне куәгер болған тілек­тес қауым жарық дүние есігін жаңа ғана ашқан нәрестеге ұзақ ғұмыр тілеп тарасты. Біз де өз та­ра­­пымыздан өмірің ұзақ, бақы­тың үстем болсын деген тілегі­міз­ді айттық. Жүз жаса, еліміз­дің жиырма миллионыншы нәрес­тесі!

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы