Арғыдан аманатқа алған атакәсібінің өзі ауыл шаруашылығынан алыстай қоймаған еліміз әуел бастан аграрлы мемлекет еді. Ендігіне ен салынбаған иен даланың төсіне дән шашып, төскейін толтыра мал өргізген. Содан да шығар, ілкіде өткендердің ішер астан таршылық көрген тұсы жоқ. Осының өзі-ақ әр қазаққа ой салса керек...
Анығында, ұлысын ырысқа кенелткен ұлы істер осы даладан бастау алады. Жарықтық Жер-ана ешкімді жатырқамайды, қолы қимылдағанды ашқұрсақ қалдырмайды. Тек табиғаттың тілін, істің көзін таба білсеңіз болғаны... Мұндай шаруаны құп көретін мемлекет те мүмкіндігіне қарай септесуге әзір. Салмақ салмайтындай субсидиясын береді, жанар-жағармайды да жеңілдетіп таратуға бейіл. Сөрелерде ырық бермей тұрған бағаның бір ұшы да сол ауылға байлаулы. Елдегі ағайынның есебі түгел болса, қаладағы қалың жұрттың да қалтасы ортая қоймайды. Кәсібін дөңгелетіп отырғандар біздің елде жетіп артылады. Ұлан-ғайыр жердің ұл-қыздары сол кәсіпті берік ұстанып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келеді.
Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында осы саланың озаттарын тағы бір мәрте елге танытуды жөн санадық.