Қоғам • 17 Қараша, 2023

50 миллион теңге бопсалаған топ ұсталды

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалағандарды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz  ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

50 миллион теңге бопсалаған топ ұсталды

Фото: Polisia.kz

Петропавлдағы сауда желісінің директоры өзіне ақша бопсалаушылардың  қысым көрсеткені туралы арыз жазған.  Жедел  іс-шараны іске асырған полиция қызметкерлері екі тұрғынды ұстады.

«33 және 34 жастағы екі жас жігіт әлеуметтік желілерде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған ресурстардың авторлары ретінде көпшілік арасында жақсы таныс. 2022 жылдың басынан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғауды ұран еткен ер адамдар Петропавлдың сауда нүктелерінде рейдтер жүргізіп отырған. Блогерлер ретінде сауда желісі қызметкерлерінің қатысуымен арандатушылық сипатындағы бейнероликтер түсіріп, полиция мен өздері арасында жанжалды жағдайлар жасап отырған. Алайда олар желідегі аудитория арасында зор танымалдыққа ие болмаған. YouTube арнасы мен Instagram желісінде бірнеше мың жазылушысы бар, көпшілігі СҚО тұрғындары. Арандатушылық пен жанжалдар кезінде мерзімі өткен өнімді сату фактісін желеу етіп жүрген. Алайда кей жағдайларда — шоколад, сусындар сияқты тауарлардың ақшасын төлемей өздерімен бірге алып кетіп отырған. Күдіктілер рейдтік шараларымен​ бірге мемлекеттік органдарға сауда орындарында анықталған заң бұзушылықтар туралы шағымдарды жіберген. Осындай әрекеттері арқылы​ бизнесті жоспардан тыс тексеруге себепші болды. Қыркүйек айының басында жастар бопсалау арқылы сауда желісінің өңірлік директорынан өз әрекеттерін тоқтатуға 50 млн теңге сомасында ақша талап ете бастаған», делінген ақпаратта. 

Облыстың ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалаушы «блогерлерді»  5 миллион теңге мөлшеріндегі ақшаны алған кезде ұстаған. Ұсталғандардың үстінен Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.