Қоғам • 18 Қараша, 2023

«Менің бауырым» жобасы оқушыларға қорған болады

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балалардың құқықтарын қорғауда мектептер мен жоғары оқу орындары тізе қосып,  Астана қаласында  «Менің бауырым» студенттік волонтерлік жобасын қолға алды, деп хабарлайды  Egemen.kz.  

«Менің бауырым» жобасы оқушыларға қорған болады

«Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі «Менің бауырым» еріктілер жобасын іске асыру туралы екіжақты келісімге қол қойды. Бірлескен құжат балалардың құқықтарын қорғауға және балаларға қатысты жобаларды тиімді басқаруға, мектеп оқушыларының қолайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеті болып қала беретінін атап өтті. Бұл бағытта ведомство бірқатар шаралар қабылдауда. Оның ішінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағыты да бар.

«Халқымыздың «Асар» деген игі дәстүрі бар. Яғни, бірлесіп, ерікті түрде жұмыла көмектесуді білдіреді.  Волонтерлік - осы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың тікелей көрінісі. Еріктілер өз елінің нағыз патриоты мен азаматы ретінде балаларды жақсылыққа, әділдікке, жасампаздыққа жетелеп, шығармашылық шабыт береді деп сенеміз. «Менің бауырым» еріктілер қозғалысы балаларымыздың құқықтарын қорғау бағытындағы ынтымақтастығымызды нығайта түсері сөзсіз», деді Оқу-ағарту министрі  Ғани Бейсембаев.

Бұл жобаның  қатарына педагогика, құқықтану, психология, әлеуметтік педагогика және ақпараттық технологиялар мамандықтары бойынша 3-5 курстарда оқитын ЖОО студенттері тартылмақ. Елорданың 171 мектебінің оқушыларына қолдау көрсететін 12 жоғары оқу орнының 1300 студентінен тұратын команда құру жоспарланып отыр.

«Құрметті студенттер, қазіргі сәт - өмірлеріңіздің алтын кезеңі. Өздеріңіздің ресурстарыңызды жан-жақты дамуға: оқу, ғылым, әлеуметтік және қоғамдық өмірге бағыттайтын уақыт. АҚШ-та «Community service», яғни «Қоғамдық қызмет» деген пән бар. Еліміздегі жоғары оқу орындарында да ол енгізілуде. 6 университте біз бірінші кезекте пилоттық жобаны іске қостық. Бұл оқу орындарында 100% академиялық көрсеткіштермен өлшенетін GPA-ді біз келесідей бөлдік: 50% – академиялық көрсеткіш, 25%-ғылыми-зерттеу қызметі және 25%-қоғамдық-әлеуметтік жұмыс. Яғни, әр студенттің әлеуметтік қызметі: волонтерлік, спорт, әлеуметтік, мәдени жобалары да есептеледі. Жалпы көрсеткіштің 25% - на қосылады. Сондықтан «Менің бауырым»жобасын іске қосу - бүкіл қоғамға пайдасы тиетін игі бастаманың жалғасы деп санауға болады. Біздің балаларымыздың әл-ауқатының жақсы болуы - мемлекеттің игілігі», екенін айтты Ғылым және жоғары білім министрі  Саясат Нұрбек.

«Менің бауырым»  жобасының еріктілері алдымен арнайы тренингтерден өтіп, мектептерде балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеу жөнінде тәлім алады. Олардың әрі қарайғы жұмысы патриоттық және экологиялық тәрбие беру, жауапкершілікті арттыру, мектепішілік қарым-қатынастарды нығайту, эмоционалдық интеллектіні, құқықтық, оқырмандық, қаржылық және IT сауаттылықты дамыту жөніндегі маңызды бағыттарды қамтиды.

Волонтерлік топтың мүшелері  жоғары оқу орындары студенттерінен жасақталса,  Астана қаласы білім басқармасы олардың мектептердегі жұмысын ұйымдастыруға қолдау көрсетеді.