09 Маусым, 2010

ЖАҢҒЫРТУ – САПА МЕН БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІККЕ ЖОЛ

474 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінде Атырау МӨЗ-іне 65 жыл толады. АтМӨЗ-дің бүкіл еңбек жолы – бұл отандық мұнай өңдеу саласы көшбасшысының дамуы мен қалыптасуының тамаша тарихы. Алайда, өндіріс басшылығы мерейтойды жалаулатуды жөн көріп отырған жоқ – зауыт кең ауқымды қайта жаңғырту табалдырығында тұр. Ұжым міндеті кең – көлемді дәстүр мен тәжірибені жаңа технологиялармен үйлестіру. Бұл зауытты таяу болашақта жетекші халықаралық компаниялар деңгейіне жеткізуге мүмкіндік береді. АтМӨЗ-де табан аудармай алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын директоры Талғат Байтазиев пен оның орынбасары Қайрат Оразбаев бізді қарсы алып, “Егемен Қазақстан” оқырмандарының еліміздің мұнай саласы күтіп тұрған перспективаларымен алғашқылар қатарында танысуына мүмкіндік жасады. ЖАЛҒАСЫ БАР ХИКАЯ – Біздің кәсіпорынның 65 жылдық тарихы Ұлы Отан соғысы жылдарында басталған, – деді бізге зауытты таныстыру кезінде Талғат Байтазиев. – Зауытты жобалауға КСРО Мұнай өнеркәсібі халық ко­мис­сарының жоспарлы тап­сырмасы негізінде 1943 жылы кірісілген. 2 жыл бойы АҚШ-тан “ленд-лизу” бойынша әкелінген құрал-жабдықтар негізінде соғыс уақыты жағдайында құрылыс жұмыстары жүрген. Бүгінде біз Атырау мұнай өңдеу зауыты Қазақстан Республикасы мұнай өңдеу саласының тұңғышы деп орынды мақтан тұтамыз. За­уыттың сол күндердегі негізгі мін­деті Баку мұнайы арқылы ави­ация бензинін шығару болатын. Зауыттың бастапқы өңдеу кезеңіндегі өнімділігі жылына 800 мың тонна мұнай құраған. Қазіргі кездегі жобалық қуаты жылына – 5 млн. тонна. Ірі кәсіпорын тұрақты түрде ілгері жүріп келеді. Өңдеу тереңдігін ұлғайту, өндірістік шығындарды азайту, шыға­рылатын мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік саласын жетілдіру, басқарудың тиімді корпоративті тәсілдерін енгізу арқылы кәсіпорын бас­шылығы қысқа мерзімде өн­ді­рістің сапалық жаңа деңгейіне шығуды көздеп отыр. – Біздің кәсіпорында жүзеге асырылатын кез келген жоба сияқты біз реконструкциялауда да бірінші кезекте ұжымымызға арқа сүйейміз, – дейді Талғат Байтазиев. – Зауыттың басты артықшылығы – тұрақты­лы­ғында. Зауыттықтар өздерінің болашағына сенімді. Мұнда еңбекақыны кешіктіру деген жәйт мүлдем болған емес, бірде-бір адам қысқартылған жоқ, әлеуметтік пакет сақталған. Қайта жаңғырту: қадам артынан қадам Зауытты қайта жаңғырту мен реконструкциялау іс жүзінде өткен ғасырдың 60-шы жыл­дарынан бері тоқтатылған емес және Батыс Қазақстандағы жалқы мұнай өңдеу кәсіпорны ретінде Атырау МӨЗ-і жүргізіп келе жатқан экономикалық саясаттың негізі болып табы­лады. Қазіргі заманғы ры­нок қолда бар өндірістің тех­никалық жаңғырту мәселелерін шешіп, шығарылатын мұнай өнім­де­рінің сапасын жақсарту жо­лындағы прогрессивтік идея­ларды жүзеге асырумен қатар, экологиялық проблемаларды еңсеруді де талап етеді. – Атырау МӨЗ-і өндірісті жаңғырту мен реконс­трук­циялаудың бай тәжірибесіне ие. 2003-2006 жылдардағы реконс­трукциялау шығарылатын мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту және қоршаған ортаға залалды ықпал етуді азайту жөніндегі негізгі міндеттерді шешіп берді. Өндірістік қуат заманалық деңгейге жетті. Біздер қоршаған ортаға шығарындылар көлемін кемітіп, сырттан су алуды азайту арқылы су айналымы коэф­фи­циен­тін ұлғайтуды және энергия қуатын тұтынуды төмендетуді мүмкін еттік. Және, бастысы – мотор отынының сапасын жақ­сартып, оның ассортиментін кеңейту, – дейді Талғат Бай­тазиев, жолай өндірістік үдеріс­терді автоматты басқаруға мүм­кіндік беретін орталықтан басқару қондырғысын көрсете жүріп. 11 технологиялық қондыр­ғы­ның 8-і технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесіне көшірілді. Мұнайды бастапқы өңдейтін ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғысын қазақстандық компания автоматтандырылған басқару жүйесіне көшірсе, бұл елі­міздегі алғашқы тәжірибе болды. 2009 жылы негізгі технологиялық қон­дырғылар жөндеудің екі жыл­дық циклына көшірілді. Бұл орайда өндірістік шығындар (қаржының басым бөлігі жаң­ғыр­туға бағытталатын болады) мен қайта өңдеу саны және мәжбүрлі технологиялық жоғалту қысқа­р­тыла түсуде. Атмосфераны ластандырушы заттар 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 991 тоннаға төмендеді. Зауыттың өндірістік ағымдарын биологиялық тазалау қондырғыларын сенімді пайдалану 2009 жылы 2008 жылмен салыс­тырғанда ластандырушы заттарды 360 тоннаға қысқартуға мүмкіндік туғызды. Қазіргі кезде АтМӨЗ Еуро-2 талаптарына сәйкес келетін және жоғары октанды бензиндердің жалпы өндірістегі үлесін 2 есе ұлғайту арқылы күкірттің құрамын азайта отырып Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 автомобиль бензиндерін шығарады. Жоғары октанды бензиндерді шығару көлемі реконструкциялауға дейін жалпы шығарылатын бензиннің 7 пайызын құраса, бұл көлем бүгінде 28 пайызға дейін өсті. Дизель отыны да Еуро-2, 3, 4 (қысқы және жазғы экологиялық таза, ДО ерітінділерді қолдан­бастан -350 С температурасында қатады) талаптарына сәйкес шығарылып келеді. ТС-1 реактивті отынын өндірудің техникалық мүмкіндігі нәтижесінде гидро­тазаланған аралас керосинді жылына 200 мың тоннаға дейін өндіруге қол жеткізілді. Инфобокс: Реконструкциялаудың бірінші кезеңінің нәтижесі: - күкірт ангидридін атмос­фераға шығару жылына 4,0 мың тоннаға дейін азайтылды; - күкірт ангидридін атмос­фераға шығару 38 пайызға қыс­қартылса, бұл 1963 тоннаны құрайды; - Жайық өзенінен су алу жылына 9,8-ден 3,5 млн.м3-ге азайтылды; - “Орталық зауыт зертханасы” сынақ орталығы отын сапасын Еуро деңгейінде сынақ өткізетін жабдықтармен жарақтандырылған. Экология – мұнай өңдеудің ажырағысыз бөлігі Экологиялық бағдарламалар да зауытты жаңғыртудың ажыра­ғысыз бөлігі болып табылады. – Қоршаған ортаны ластауға төлем төмендеу жағына қарай ойысып келеді. 2008 жылы тө­лемдер 176,3 млн. теңгені құ­раса, 2009 жылы – 48,8 млн. теңге болды, үстіміздегі жылдың жоспарлы көрсеткіші – 28,6 млн. теңге. Төлемдердің төмендеуіне сондай-ақ зауыттың сұйық отын­ды жағудан ластандырушы зат­тардың шығарындыларын қыс­қарту бойынша жүргізіп келе жатқан жұмысы оң ықпал етуде, – деп түсіндіреді экологиялық үрдістерді Талғат Байтазиев. Үстіміздегі жылы өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда электр қуатын пайдалану 3 пайызға қысқарса, бу пайдалану 23 пайызға азайған. Жылуды кәдеге жарату 2 есе ұлғайған. Қуат үнемдеу бағдарламаларын орындау нәтижесінде қоршаған ортаға эмис­сияларды қысқартуға қол жеткізілді. Жоспарлы табиғат қорғау шараларымен қатар, техноло­гиялық қондырғыларды табиғи газбен жабдықтауға көшіру жөніндегі қосымша жұмыстар орын­далып, мұнайды бастапқы өңдейтін ЭЛОУ-АВТ-3 қондыр­ғысына өндірістік үдерістерді микропроцессорлық бақылау жүйесі енгізілді, тауарлы резер­вуар­лар деңгейін өлшеуді мик­ро­процессорлық бақылаумен жарақ­тандыру жұмыстары басталды. 2010-2011 жылдары табиғат қорғау шараларын 8,72 млрд. теңге көлемінде орындау жоспарланған. Бұл мұнайды бастапқы өңдеу қондырғыларына жаңа пештерді енгізу, жан-жақты тозған тауарлы бензин парктерін ауыстыру, вакуумдық қуу блогын заманауи вакуумқұрушы жүйелермен жарақ­тандыру және басқа да бірқатар шаралар. Сонымен қатар, жер­гілікті басшылықтың тілегін есепке ала отырып, үстіміздегі жылы 50,0 млн. теңге АтМӨЗ қызметінің өңірдегі экологиялық ахуал мен тұрғындар денсау­лығына әсерін зерттеу мақсатына бағытталды. Зауыт аумағын көгалдандыруға қосымша 22 млн. теңге бөлу жоспарланған. Осы жылдың көктемінде ғана зауыт 6000 ағаш отырғызды. Олардың 4400-і санитарлық-қорғау айма­ғына отырғызылса, 600-і – зауыт аумағына, 1000-ы зауытқа бекітіп берілген қала аумағына отыр­ғызылды. 2009 жылдың желтоқсанында жобада қарастырылған зауыт аймағында ароматты көмірсутегі өндірісі бойынша ең заманалық құрал-жабдықтармен жарақтан­дырылған 4 стационарлық және 1 мобильді автоматты станса ауа атмосферасының санитарлық-қорғау кешен құрылысы пайда­лануға берілді. Барлық станса­лардан ауаның сапасы туралы ақпарат “Атырау гидрометеор­о­ло­гия орталығы” ДГП-ның орталық серверіне “onlіne” режімінде беріліп тұрады. Қазіргі уақытта зауыт жұмысшылары мен тиісті қала қызметтерін оқыту бағдар­ламасы жүзеге асырылып жатыр. Стансада тәжірибе-өндірістік шаралар өтіп, ресми деректер екінші жартыжылдықтан бастап танылатын болады. Еуро-4 – жақын болашақтың перспективасы Атырау МӨЗ-інде 2010 жылға дейін екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған: ароматты көмір­сутегі өндірісі кешені мен мұ­на­йды тереңдете өңдеу кешенінің құрылыстары. Ароматты көмір­сутегі құры­лысының жобасын “Қаз­Мұ­найГаз” Сауда үйі” АҚ пен “Атырау МӨЗ” ЖШС жүзеге асырады. Ароматты көмірсутегі өндірісі бойынша кешен сызбасы иілмелі және немесе барынша жоғары октанды бензин алуға мүмкіндік береді не болмаса жылына қо­сымша 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол алуға жағдай туғызады. Технологияның лицензиары француздың “Axens” компаниясы болып табылады. – Бұл жоба ароматты көмір­сутектері өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ экологиялық таза бензиндер өн­дірісіне жағдай туғызады. Бү­гінде біздер автомобильдер шы­ғаратын газдар буымен бірге дем алатын канцерогенді заттар енді мұнай химиясының шикізаты түрінде жеке бөлінетін болады, – деп түсіндіреді Талғат Байтазиев. Инфобокс: Реконструкциялаудың жаңа кезеңінің мақсаттары мен міндеттері: - автобензиндердің жоғары октанды компоненттері көлемін ұлғайту мақсатында қайталама үдерістер қуатын жылына 1000 тоннаға дейін көбейту; - қосымша құны жоғары өнімдер – бензол мен парак­силол өндіру; - гидротазартқыш пен өнім сапасын жоғарылату қондыр­ғылары үшін қажетті сутегі бойынша ресурстарды ұлғайту; - Батыс Қазақстанда мұнай химиясы өндірісін дамыту жөніндегі жобалармен инте­грациялану; - технологиялық қуаттарды қазіргі заманғы техникалық деңгейге шығару үшін реконс­трукциялау мен Қазақстанды сапалы мотор отындарымен, мұнай химиясы және өзге де мұнай өнімдері үшін шикі­заттармен, сондай-ақ сапасы әлемдік стандарттар мен ішкі және экспортты рыноктар талаптарына жауап беруі тиісті мұнай өнімдері экспортымен қамтамасыз ету; - Атырауда жаңа жұмыс орындарын құру. – Қазандық отыны ретіндегі мазутқа сұраныстың төмен үрдісі біздерден шикізатты қайта өңдеу мәселелерінде жаңа шешімдер іздеуді талап етеді, – дейді Талғат Байтазиев. – Мұнайды терең өңдеу кешенінің іске қосылуымен байланысты зауыт ақшыл фракцияларды (бензин, дизель отыны) реттеуді ұл­ғайтып, сол арқылы сұра­ныссыз мазут санын қысқар­тады. Аталған жобаны жүзеге асыру қолданыстағы құрылғыларды реконструкциялау мен кәсіп­орынды жаңа техноло­гиялар мен құрал-жабдықтар негізінде жаңғырту есебінен зауыт қыз­метінің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Бұл “Қаз­МұнайГаз” СҮ” АҚ мұнай өнімдері бөлшек сауда желісінің қажеттіліктерін жоғары сапалы мотор отындарымен қамтамасыз етуге жағдай туғызады. Бірінші кезекте біздер күкіртті, азотты, шектеусіз және өзге де қосын­дылардан тұратын тауарлы өнімдерді төмендету есебінен жүргізетін Еуро-4 деңгейінен төмен емес жоғары сапалы бензинмен және дизель оты­ным­ен қамтамасыз ету мүм­кіндіктерін қарастыратын бола­мыз. Соңғы екі жылда Атырау МӨЗ-і өзінің өндірістік қыз­метінде үлкен ілгеріле­у­шіліктерге қол жеткізді. Бүгінде оның алдында бұдан да үлкен міндеттер тұр. Зауыт басшылығы ойына алған нәрселердің бәрін жүзеге асыратынына еш күмән жоқ. Тарихи тұрғыдан нақ Атырау МӨЗ-і Қазақстанның мұнай өндірісін дамытуда жаңа бетбұрыс жасағаны заңдылық сияқты көрінеді. Атырау МӨЗ-і пайдалануға берілгенше еліміз тек шикізат көзі ғана болып келді және де алғашқы бензин осы жерде алынды. Зауыт елімізде алғашқы болып Еуро-2 деңгейіндегі автомобиль бен­зинін, Еуро-2, 3, 4 деңгейіндегі дизель отынын шығара бастады. Автомобильдерден шығатын зиянды заттар құрамын рет­тейтін Еуро-4-тің эколо­гиялық стандарты 2014 жылдың қаң­тарынан бастап-ақ іске қо­сылатын болады. Және, әрине, жоғары еуропалық стандарттарға сәйкес келетін автомобиль бензиндерін Қазақстанға алғаш болып Атырау МӨЗ-і береді. Әнуар ӘБЕНОВ.