Шағын ауыл үшін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты оқиға болды. Балаларының болашағына алаңдап, заман талабына сай білім алуының жай-күйіне елеңдеп отырған ата-аналардың көңілі көншігендей. Орта мектеп оқушылары білім платформаларына, еліміздің және әлемнің үздік педагогтерінің сабақтарына еркін қол жеткізетін болады. Ендігі арада алдарынан болашақтың сара жолы ашылғалы тұр.
«Мектептің инновациялық оқу үдерістерін жан-жақты қамтуға мүмкіндік туып отыр, – дейді ауыл мектебінің директоры Жүсіп Махметов, – оқу үдерісінде цифрлық білім беру ресурстарын кедергісіз пайдалана аламыз».
Компания алдағы уақытта ауыл мектептерінің ахуалын жақсартып, мүмкіндік кеңістігін қала мектептерінің көкжиегімен теңестірмек. Бұрын арман болып келген бұл мәселе ақиқатқа айналатындай.
«Біз интернет жылдамдығын секундына 20 мбит-тен артық қамтамасыз етудің техникалық мүмкіндігі жоқ мектептердің тізімін пысықтап, келісіп алдық. Олардың барлығы Starlink жобасына енгізілген. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізу мектеп мұғалімдері мен оқушыларына бір мезгілде «Күнделік» жүйесінде, «Bilim land» білім беру платформасында, «НОБД» интернет ресурсында жұмыс істеуге мол мүмкіндік береді. Бұл жетістік алдымен қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқартып, ауыл мұғалімдерінің түрлі онлайн жарияланымдарға қатысуына жол ашады», дейді Ақмола өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Бағдат Қадыров.
Сөз арасында 2024 жылы осы жоба аясында облыстың 32 мыңнан астам оқушысы оқитын 270 мектеп жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етілетінін айта кетуіміз керек. Осындай шынайы қамқорлық жасалып жатса, ауыл тұрғындарының балаларының болашағын ойлап үдере көшуіне де бір тоқтам болар еді.
Ақмола облысы,
Қорғалжын ауданы