Ауа райы • 20 Қараша, 2023

Климаттық өзгерістерге дайынбыз ба?

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Климаттық катаклизм – жаһанның жалпақ жұр­тына ортақ проблема. Басқа күнде түрлі та­рапқа, жақ-жаққа, жік-жікке бөлініп, қызылшеке қырқысып жатсақ та, табиғат-ананың алдына саусақ бірікпей болмайтынын бүгінде дүйім дүние түсініп болды. Осы ретте Орталық Азия елдері кли­маттың өзгерістері жөнінде келелі кеңес өткізді.

Климаттық өзгерістерге дайынбыз ба?

БҰҰ-ның климаттың өзгеруі бойынша негіздемелік конвенциясы шеңберінде «Орталық Азия БҰҰ КӨНК тараптарының 28-конференциясы: «5 ел – 1 ай­мақ – 1 дауыс» аймақтық фо­румында табиғат тепе-теңдігі жан-жақты талқыға түсті. Жиын Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы мен Орталық Азия аймақтық экологиялық ор­талығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Экология және та­биғи ресурстар министрлігі, Ха­лықаралық ынтымақтастық жө­ніндегі Герман қоғамының (GIZ), АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен өтті.

Форумға Орталық Азия елде­рінің климат бойынша көш­бас­шылары, еліміздегі мемле­кет­­тік органдар мен бизнес қоғам­дас­тық өкілдері, сондай-ақ халық­аралық және үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар мен БАҚ өкіл­дерінен бас-аяғы 200-ден аса адам қатысты. Аймақтық форум ала­ңында Орталық Азия елдерінің күн тәртібіндегі COP-28 аймақтың негізгі мәселелерін жақсарту үде­рістерді талқыланды. COP-28 – БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК), Киото хаттамасының және Париж ке­лісімінің ережелерін іске асыру үшін келіссөздер үдерісінің жоғары органы.

Іс-шара Қазақстан Эколо­гия және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың құт­тықтау сө­зімен ашылды. Ол қатысу­шы­ларға климаттың өзгеруіне қар­сы күресте бірлесе жұмыс іс­теуге үндеді. Климаттың өзге­руін азайтуға және оған бейім­делуге, болашақ ұрпақ табиғатты сақтауға ықпал ететініне сенім білдірді.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұ­рақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори елімізде 2026 жылы өтетін БҰҰ-ның Климат бо­­йынша аймақтық саммитін өт­кізу жөніндегі бастамасын қол­­­дап, барлық қатысушыны Ор­та­лық Азияның Климаттық күн тәртібі бойынша диалог құ­руға және ортақ мақсаттарға қол жет­кізу үшін халықаралық әріп­­тес­термен ынтымақтастық орнатуға шақырды.

«Биыл COP-28 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Дубайда өтеді. Іс-шараның басты ұраны – «Бі­рігу. Әрекет ету. Іске Асыру» («Unite. Act. Deliver»). COP-28 тал­қылауының негізгі тақырыбы ми­тигациялық амбициялар мен шығарындыларды азайту және қолжетімді ресурстар арасындағы байланыс болып қала береді», деді Е.Нысанбаев.

Министрдің айтуынша, COP-28-де Орталық Азия елдерінің павильоны жұмыс істейді. Онда бағдарламаға сәйкес бірқатар тақырып бойынша іс-шаралар ұйым­дастырылмақ. Мәселен, экономиканы декарбонизациялау, жасыл қаржыландыру жүйесін дамыту, биоалуантүрлі сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу.

«Бұл форумда климаттың өз­геруі мәселелеріне басымдық бе­­ріледі. Орталық Азияның 5 мем­лекетінен Экология және қор­ша­­ған ортаны қорғау министр­ліктерінің өкілдері қатысады. Бұл форум екі сессиядан тұрады. Бірінші сессия Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне бағытталса, ал екінші сессия экологиялық мәселелерді шешуде халықаралық ұйымдардың рөлі туралы болады», деді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының баспасөз хатшысы Индира Жұмагелді.

Ол сондай-ақ форум ая­сында Орталық Азия елдері ай­мақтағы климаттың өзгеруіне бейімделу жөнінде стратегияның және Орталық Азия елдерінің өңірлік мәлімдемесінің жобаларын әзірлейтінін жеткізді.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Ны­санбаев Дубайда болатын кон­ференцияда жасыл технологиялар мен инвестицияларды алып келу және ЖЭК дамыту саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға бағыт­талған бірқатар келісімге қол қою жоспарланғанын айтты.

Қорыта айтқанда, жаһандық климаттық өзгерістер туралы ға­лымдардың пікірі әртүрлі. Бір тобы табиғатты сақтау мен өз­герістерді тежеудің жолдарын ұсынса, енді бір тобы климаттық өзгерістер болмай қоймайтын құбылыс, адам мен жануарлар әлемі оған бейімделудің жолдарын қарастырғаны жөн дейді. Фо­румда бұл мәселе де шет қал­ған жоқ. Өйткені күннің көзін ешкім қолмен жауып тұра алмайды, табиғат өз дегенімен жүреді.