Көсемсөздің шебері Шерхан Мұртазаның «Бұршақ» деген шығармасында бұлдырық құстың болмысына қатысты бірер сөз шығарғаны бар еді. «Құдіреті күшті Құдай бұлдырықтың қанатын неге осыншама қысқа жаратты екен. Несіне аяды екен? Сонау Тәңіртаудың төсінде ұшқан тастүлек қыранның қанатын бермей-ақ қойсын. Қалбаң-қалбаң еткен құладын құстың қауырсынын берсе де жетіп жатыр еді ғой. О, Құдай, соншама пәруана, соншама таза, соншама қанағатшыл, махаббатқа мейлінше адал бұлдырықтан бір қарыс артық қауырсынды несіне аядың?! Ешкімге, еш нәрсеге зәбірі жоқ, зияны жоқ мақұлықты неге мұнша кемтар еттің?! Қанағатсыздан қанағатшылды айырсаң қайтеді? Жүр ғой анау төменде жатқан ауылда неше алуан айқайлаған тауық қораздары. Тауықтар – тарының құлы. Асыранды, басыбайлы, тәуелді бейшаралар. Ал қораздары кердең әрі қомағай. Бір қораз – бір үйір мекіштердің жалғыз байы. Тойымсыз. Өз үйірі аздай көрші үйірдің мекіштеріне де қызығып, көзі қылиланып, құлқын қағып, қағынып тұрады. Бір кем дүние. Бұлдырықтың бір кемдігі – қанатының бір-ақ тұтамдығы», деп толғаған екен қаламгер.
Алайда Шерағаң айтқан сол «тойымсыз қораздар» бұлдырықтың бір тұтам қанатын саудаға салып әлек. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар бұлдырықтың қай түрі де елімізде «Қызыл кітапқа» енген еді. Әйткенмен 13 қараша күні Түркістан облысының полицейлері Шымкенттен Қызыл кітапқа енген құстардың 10 данасын тәркіледі. Тінту кезінде ителгілер мен қарабауыр бұлдырық екені анықталыпты. Табиғат қаскөйі құстарды жеңіл көлікпен тасымалдаған.
«Қазір Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі («Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», дейді облыстық полиция басқармасының өкілдері.
Ал тәркіленген тағы құстар Шымкенттің мемлекеттік хайуанаттар бағына өткізіліпті.
Былтыр дәл осы уақытта Бұйратаудың баурайына бұлдырық келіп қонды деп бір қуанған едік. Экология министрлігі қылқұйрықты бұлдырық құсы екенін растап, фотосуретін жариялағаны есімізде. Құстың сырт келбеті кәдімгі кептерге ұқсайтынын, салмағы шамамен 200-350 грамм, ұзындығы 40 сантиметрге дейін жететіні, аяғының үш саусағы бірігіп кеткен, аң табаны іспетті екенін жазды мамандар.
Орнитолог мамандардың зерттеуінше, қарабауыр бұлдырық – еліміздің оңтүстік-батыс бөлігінде Қамыс-Самар көлінде, Бетпақдала мен Зайсан қазаншұңқырында, Кіші Азия және Солтүстік Африканың шөл далаларында кездеседі. Ол – жыл құсы. Елімізге наурыздың ортасынан бастап ұшып келеді. Бір маусымда екі, кейде үш рет балапан ұшырады. Олар көбінесе шөлді аймақ өсімдіктерінің тұқымымен қоректенеді, кейде ұсақ жәндіктерді де жейді. Қазан-қараша айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Көбі Үндістан жерінде, аздаған бөлігі Қызылқұмда қыстайды деп есептеледі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұлдырықтардың саны жыл сайын азайып барады. Қазір олар Үстірт қорығы мен «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында қорғауға алынып, «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Сырдария-Түркістан МӨТП туризм бөлімінің меңгерушісі Ғани Назарбек аталған құстарды қандай мақсатта ұстайтынын айтып берді.
«Ителгілерді шетелге шығарып, заңсыз саудалайды. Мұны көбінесе бай арабтар алады. Осы жерде «шекара қайда қарап отыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Олар жас құстарды қартайған құстардың құжатымен асырады. Ал қарабауыр бұлдырықтарды жеуге алады. Қазір бұл құстар елімізде жойылып барады. Санаулы ғана бөлігі қалды», дейді табиғат жанашыры.