Энергетика • 20 Қараша, 2023

АЭС және энергетикалық қауіпсіздік

311 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда еліміз үшін энергетикалық қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Энергияның мол көзін қалыптастыруға бүгіннен бастап қамданбасақ, ертеңгі күні кеш болуы әбден мүмкін. Мұны Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да атап айтты.

АЭС және энергетикалық қауіпсіздік

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Энергетикалық қауіпсіздік елдіктің маңызды мәселесі екенін жұртшылық жақсы біледі. Бұған қоса, энергетикалық қауіпсіздікті атом электр стансаларынсыз толық қамдау мүмкін емес екені де мұқым жұртқа мәлім. Сондықтан мемлекеттің экономикалық даму үдерісін барынша арттыру мақсатында еліміздегі үнқатысу алаңдарында, Қазақстанда атом электр стансаларын құру қаншалықты пайдалы немесе несімен зиянды екені қызу талқыланып жатыр. Елордадағы Еуразия ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің аудитория­сында «АЭС – елдің энергетикалық қауіпсіздігінің негізі» атты дөңгелек үстел де осы мемлекеттік мақсат-мүдде тұрғысында ұйымдастырылды. Оған аталған жоғары оқу орнының белгілі ғалымдары мен студенттері және жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Дөңгелек үс­тел отырысына Энер­гетика ми­нистрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова қаты­сып, министрлік ұс­танымы мен өз ойын ортаға салды. «Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі өткен жылдан бері тал­қыланып жатыр. «Қазақстанды бола­шақта электр қуатымен қамтамасыз ету үшін АЭС салу керек пе, жоқ па?» деген мәселе тыңғылықты талқыланып барып, халықтық референдумға шығуға тиіс», деді Г.Мұрсалова.

Атом электр стансасына қатысты өт­кізілетін референдумда халық әрине өз пікірін білдіреді. Ал министрлік мұны жан-жақты қарап, әлем­дегі дамыған елдердегі АЭС-тердің қызметін зерделеп жатыр екен. Оның пайдасымен қатар зиянды жағы да департаменттің жіті назарында көрінеді. «Біздің елдің басты құндылығы адам және оның өмірі екені мәлім. Ал сол адамды, яғни ел азаматтарын өркениетке ілестіру мақсатында, елдің экономикалық әрі энергетикалық қауіпсіздігін қалыпты сақтап қалу үшін Үкімет елге тиімді дамудың түрлі жолын іздеп, жылдам дамудың амалын қарастырып жатыр. Десек те, АЭС-ке қатысты қандай да түсі­ніспеушілік болып жатса, қызметкер-мамандар салаға қатысты барлық сұраққа жауап беруге дайын», деді ол.

Департамент директорының айт­қанына илансақ, электрлік баланс бойын­ша алдағы 10 жылда Қазақстанда 18 ги­габайтқа жуық энергия өндіретін станса салу керек. Өйткені қолданыстағы стансалардың 70 пайыздан астамының әбден тозығы жеткен. Әрине оларды жаңартып, жаңғырту жұмыстары жалғаса береді. Бірақ энергия өндіру саласында ірі қадам жасамасақ бәрібір энергия тапшылығына ұрынады екенбіз. Бұл мәселенің дұрыс шешімі бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке міндеттеген арнайы тапсырмасы да бар. Мысалы ГРЭС-3-ті салу тапсырылған.

«Сөздің ашығын айтқанда, қазіргі таңда халықаралық қаржы ұйымдары көмірмен жұмыс істейтін жаңа стансаларды салуға,  жаңғыртуға, жабдықтауға қаржы бермейді. Өйткені олардың ауаны ластайтын газ шығындылары тым көп (парникті газ). Ол газ адамның ден­саулығына кері әсер етеді. Сол себептен оларға қаржы құюға халықаралық ұйымдар тыйым салған. Еске са­лайын, Қазақстанда жаңартылған энергия көздері де айтарлықтай дамытылып жатыр. Қазірдің өзінде 4,5 па­йыз энергия сол жаңартылған энергия көз­дерінен алынады. Нақтылай айтсақ, 139 жаңартылған энергия нысаны жұмыс істейді. Олардың 53-і – жел, 44-і – күн электр стансасы. Бір өкініштісі – олар тұрақсыз. Себебі энергия жинауы ауа райына байланысты болған соң тұрақсыз болып саналады. Сондықтан тәулігіне 24 сағат бойы үзіліссіз энергия беретін, жасыл энергия стансалары керек. Айтпағым, АЭС-тер сол жасыл энергия қатарында. Осыны тереңдете тәпсірлеп, дұрыс түсінгеніміз ләзім», деді Г.Дәуітқызы.

Еліміздің ұстанымы – жасыл энерге­тикаға көшу. Қазір бүкіл әлемдегі өр­ке­ниетті елдер жасыл энергиямен жақ­сы дамып жатыр. Бізде сол ілгерілеп кет­­­кен жасыл энергия көшіне ілесе бі­луі­­міз қажет. Біле білгенге еліміздегі пар­­­никті (зиян) газдың 80 пайызы энергия өндіруден шығады. Осы парникті газ­д­ы қысқарту үшін жасыл энергия қатарындағы АЭС-тер бүкіл әлем бо­йынша жедел дамытылып жатыр.

«Қазір әлемде 412 реактор жұмыс істеп тұр. Бір АЭС-те бірнеше реак­тор бар. Олардың басым бөлігі АҚШ-та. Нақты айтқанда АҚШ АЭС-терінде 93 реактор жұмыс істеп тұр. Ал Францияда – 56 реактор. Осы 56 реактор Францияның тұтынатын бүкіл энергиясының 70 па­йыздан астамын өндіреді. Сондай-ақ дәл қазіргі уақытта Қытайда 22 АЭС салынып жатыр. Одан басқа да бірқатар ел АЭС тұрғызу жолында. Мысалы, Түр­кия, Біріккен Араб Әмірліктері энергияның мол көзі ретінде АЭС-тер­ді таңдады. Бұ­лар­мен бірге, жақын көр­ші, бауыр ел Өзбекстанда қауіпсіз АЭС тұрғызуды мақсат етіп отыр», деп әңгімесін өрбітті спикер.

Әлемдегі көп елге қарағанда АЭС салуда Қазақстанның мүмкіндігі өте жоғары. Айталық АЭС отыны – уранды өндіру бойынша біздің ел алдыңғы қатарда. Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында АЭС-терге қажет арнайы отындар дайындалады. Қазіргі уақытта Үлбіде өндірілген сол отындарды Қытайдың АЭС-тері де пайдаланып жатыр.

«Бұл зауыт 2021 жылы іске қосылға­ны баршаға мәлім. Өткен екі жылда 3 пар­­тия отыны шетелдерге жіберіліп, сынақтан жақсы өтті. Бұл – Қазақстанда дайындалып жатқан ядролық отынның қауіпсіздігінің дәлелі іспетті. Оған қоса саладағы қазақ мамандарының жоғары деңгейі мен білім-білігінің соған лайықты екенін білдіреді. Бұлармен қатар, елімізде 3 бірдей атом зерттеу реакторы әуелден жұмыс істейтіні жасырын емес. Олар – Ұлттық ядролық орталықта. Орталықтағы ғалымдар мен мамандар дамыған елдердегі реакторларды да зерттеумен айналысып, олармен тығыз қарым-қатынаста екенін де айтып өткеніміз абзал. Бұдан бөлек, Алматы қаласында Ядролық физика институты бар. Ондағы сала ғалымдарының орасан еңбектері туралы әңгіме тіптен басқа. Осы келтірілген дәлелдердің бәрі біздің елдің атом саласындағы зор әлеуетін анық көрсетеді», деді департамент директорының орынбасары.

Ол кісінің айтуына қарағанда, елі­мізде АЭС салуға бірнеше орын қарас­тырылды. Көптеген зерттеудің қоры­тындысы бойынша АЭС-ті орна­ластыруға «ең ыңғайлы жер» деп, Бал­қаш көлінің маңындағы Үлкен ауылы таңдалды. Қазіргі уақытта 4 елдің технологиялары екшеліп жатыр екен. Олар – Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Франция елдерінің компаниялары. Компанияны таңдау жөнінде талдаулар жүргізіп жатқан көрінеді. Әйткенмен, көтерілген өзекті мәселенің бәрін референдумда халықтың таңдауы шешеді.

«АЭС салынған жағдайда онда 2 000 адам жұмыс істемек. Олардың 20 пайызы ядролық білімі мен мамандығы бар адамдар, ал 400-ден астам орта білімді, қалғандары қарапайым қызмет көрсетуші мамандар болмақ. Айта кетерлігі былтыр Президент арнайы техникалық мамандар даярлайтын оқу орындарына көбірек грант бөлуді тапсырды. Биыл ядролық физикаға қатысты, тағы басқа түрлі техникалық мамандық таңдаған 4 000 студентке грант бөлінді. Қазақ­станда бұл салаға бірнеше университет маман даярлайды. Бұдан басқа Энергетика министрлігі мен Ядролық физика институты халықаралық арнайы ұйымдармен келісімге келе отырып, жас мамандарды дамыған елдерде арнайы дайындықдан өткізіп жатыр», деді Г.Дәуітқызы.